Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семей тұрғыны спиртке су араластырып, брендтік алкоголь деп сатқан

Семей тұрғыны спиртке су араластырып, брендтік алкоголь деп сатқан Фото: Видеодан скрин

Абай облысында Қаржы мониторингі агенттігі мен Семей қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері жасырын цехте заңсыз ішімдік өндіріп келген азаматты ұстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Семей қаласының тұрғыны алкогольді лицензиясыз алкоголь өндіріп, сатқан.

“Орынжайлар мен гараждарда спиртті сумен араластырып, алкоголь дайындап, кейін танымал брендтердің атауымен шыны бөтелкелерге құйған. Өнімге заңды сипат беру үшін алдын ала қолдан жасалған есепке алу-бақылау маркалары пайдаланылған”, – деп жазды Қаржы мониторингі агенттігі.

Тінту барысында заңсыз айналымнан “Finsky Ice” және “Сибирские морозы” атауларымен 12 мыңнан астам бөтелке алкоголь, 8 мыңнан аса бос бөтелке, 10 мың литрден астам спирт құрамды сұйықтық, жалған маркалар, сондай-ақ өндіру және буып-түю жабдықтары табылып, тәркіленді.



Соттың санкциясымен цех орналасқан жекеменшік үйге, сондай-ақ өнімді тасымалдауға пайдаланылған үш автокөлікке тыйым салынды. Ұйымдастырушы енді елден шыға алмайды. Оған қатысты тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Қазір тергеу жалғасып жатыр.

Бұған дейін қазақстандық ер адам қолдан ішімдік дайындап, оны элиталы алкоголь ретінде сатқан еді.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 01 Сәуір, 2026 09:51