Чемпиондар лигасына жол ашқан "Қайраттың" жаңа жұлдызы Темірлан Анарбеков кім?
Фото: anarbekov_temirlan77 Instagram парақшасынан
Алматылық "Қайрат" футбол клубы тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды. Плей-оффтағы қарсылас – Глазгоның "Селтигі" болды. Шешуші сәтте қазақстандық қақпашы Темірлан Анарбеков командасын алға сүйреп, басты қаһарман атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Анарбековтің жұлдызды сәті
26 тамызда Алматыда "Қайрат" футбол клубы мен “Селтик” арасында өткен кездесу негізгі және қосымша уақытта тең аяқталды (0:0). Екі ойын қорытындысы да 0:0 болғандықтан, жеңімпазды пенальти сериясы анықтады.
21 жастағы Темірлан Анарбеков үш бірдей соққыны қайтарды (Адам Айда, Люк Маккован, Дайдзен Маэда). Осылайша "Қайрат" серияны 3:2 есебімен жеңіп, тарихындағы ең ірі жетістігіне қол жеткізді.
Темірлан Анарбеков туралы не белгілі?
Темірлан Анарбеков – "Қайрат" академиясының түлегі. Ол 2003 жылдың 14 қазанында Атырау қаласында дүниеге келген. Карьерасын "Қайраттың" жасөспірімдер құрамында бастап, дарынды қақпашы ретінде көзге түскен.
– Ол 2020 жылы, 17 жасында Қазақстан Премьер-лигасында "Таразға" қарсы өткен матчта негізгі команда сапында дебют жасады. Сол маусымда ол үшінші қақпашы болғанымен, жастар құрамында тәжірибе жинақтады.
– 2022 жылы Анарбеков "Қайраттың" жастар командасының (U19 және "Қайрат-Жастар") капитаны болды. Ол Қазақстан Бірінші лигасында және УЕФА жастар лигасында негізгі рөл атқарды.
– 2024/2025 жылғы футбол маусымында алматылық команда Анарбековты елордалық "Жеңіс" клубына жалға берді. Астаналық командада Темірлан негізгі құрамда өнер көрсетті.
– "Жеңісте" өткен нәтижелі кезеңнен кейін 2025/2026 футбол маусымын Темірлан "Қайраттың" құрамында бастады, бірақ екінші қақпашы ретінде командаға қосылды. "Қайраттың" негізгі қақпашысы, бұған дейін елордалық "Астана" сапында өнер көрсеткен Александр Заруцкий Чемпиондар лигасының плей-офф раундында жарақат алды. Осыдан кейін Анарбеков негізгі қақпашыға айналды. Сондай-ақ ересектер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасына да шақыртылды.
Оның клубпен келісімшарты 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін жасалған. Transfermarkt мәліметінше, ойыншының нарықтық құны – 200 мың еуро (124,5 миллион теңге).
Анарбековтің жетістіктерінің ішінде ұлттық біріншіліктегі "Қайраттың" жеңістеріне қосқан үлесін ерекше атап өтуге болады. Ол командасымен бірге 2020/21 маусымында Қазақстан чемпионы атанды. Ал биыл клубқа Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінен өтуге көмектесті.
Карьерасында Анарбеков 90 матч өткізіп, оның 24-інде қақпасына гол жібермеген. Пенальтиге келсек, қақпашының биыл маусымдағы барлық үш сейві дәл "Селтикке" қарсы серияда жасалды. Бұл қазақстандық қақпашылар үшін еурокубоктардағы рекорд.
Жалпы карьерасында ол 20 пенальтиге қарсы тұрды (жастар матчтарын қоса алғанда). Соның ішінде 3 соққыны (15%) қайтарды.
“Қайрат” футбол клубы жұлдызының отбасылық жағдайы туралы ақпарат жоқ. Өйткені Темірлан бұл туралы сұхбаттарда да, әлеуметтік желілерде де айтпайды.
Айта кетерлігі, матч аяқталған соң бірнеше минут ішінде Темірлан Анарбековтің Instagram парақшасына 60 мыңға жуық адам жазылды. Бұл сан әлі де өсуі мүмкін.
Скрин: anarbekov_temirlan77 Instagram парақшасынан
"Қайрат" тарихта алғаш рет Чемпиондар лигасында 11,6 миллиард теңге табыс тапты
Қазақстандықтар тойды тоқтатып "Қайраттың" жеңісін тамашалады (видео)
Шетелдік БАҚ не дейді?
Темірлан Анареков пенальти сериясында үш бірдей соққыны қайтара алды. Сонай-ақ матч барысында бірнеше сейв жасады. Шотландиялық Scotsman басылымы қазақстандық қақпашыны "Қайраттың қаһарманы" деп атады.
"Өткен маусымның “алтын баласы” Дайзен Маэданың шешуші сәттегі сәтсіздігі “Селтик” үшін заңды сәтсіздік болды. Оның жуырдағы әлсіреуі осы клубтың қазіргі халін айқын бейнелегендей. Жапон ойыншысы 87-минутта матч тағдырын шешетін тамаша мүмкіндікті жіберіп алды. Ал кейін пенальти сериясында шешуші соққыны да жүзеге асыра алмады. Добын тым жақыннан бағыттап, добы "Қайраттың" қаһарманы, 21 жастағы қосалқы қақпашы Темірлан Анарбековтің тура қолына келіп түсті", – деп жазды басылым.
Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңінің жеребесінен кейін шотландиялық "Селтик" футбол клубы көпшіліктің сүйіктісіне айналған еді. Бірақ шетелдік басылымдар бұл жағдайды “нағыз апат” деп атады.
Daily Record басылымы “Селтик” Чемпиондар лигасының джекпотынан – 40 миллион фунттан айырылды" деген тақырыппен мақала жариялады.
"Мұндайға сену қиын. Кёго, Николас Кун және Йота сияқты ойыншыларды командадан шығарғанымен, олардың орнын басқалары толтыра алмады. Ойыншыларды алмастыруда батыл шешім қабылдамау, клубты ауыр жағдайға әкелді. Келісімшарттардан барынша пайда табуға тырысып, олар 40 миллион фунттан айырылды. Команда жоғары деңгейге көтерілу мүмкіндігін жіберіп алды", – деп жазды басылым.
Ал ирландиялық Irish Times "Селтиктің" сәтсіздігіне ұзақ сапар мен Алматының географиялық жағдайын кінәлады.
"Селтик Қазақстанға төртінші рет келіп, алғашқы жеңісті иеленгісі келді. Бұл олардың 1967 жылдан бергі ең алыс ресми сапары еді. Ол кезде "Селтик" Аргентинаға барып, "Расинг Клабқа" қарсы Құрлықаралық кубок ойынын өткізген. Алматыдағы ыстық ауа райы мен стадиондағы атмосфера "Селтикке" оңай тиген жоқ. Роджерс шәкірттеріне шабуылдау қиын болды. Өйткені "Қайрат" тығыз әрі тәртіпті ойнады. Допқа иелік етеміз деген шотландтардың жоспары іске аспады. Қарсылас өте ширақ қимылдады. Оның үстіне ылғалды ауа мен биік таулы жағдай шотланд ойыншыларының қарқынын алғашқы матчтан кейін-ақ әлсіретіп тастады", – деп жазды ирландиялық басылым.
Ал шотландиялық The Sun басылымы "Селтик" командасын жерден алып, жерге салды.Басылым "Қайрат" футбол клубының шешуші матчқа шығар алдында, құрамдық қиындықтарға тап болғанын айтты.
“Селтик” жанкүйерлері үшін бұл өте ауыр көрініс болды. Алғашқы таймда Джеймс Форрест баспен соққы жасағанда есеп ашуға жақын еді. Бірақ допты “Қайраттың” қосалқы қақпашысы Темірлан Анарбеков қақпадан серпіп жіберді. Дегенмен Роджерстің командасы 21 жастағы қақпашыны лайықты бағаламады. Қазақстандық клуб құрамында негізгі ойыншылар, қақпашы Александр Зарудский, бразилиялық шабуылшы Эдмилсон және "Челсиден" 4 миллион фунтқа ауысқан жас Дастан Сәтпаев болмады. Бұл олардың құрамына ауыр соққы болды. Алайда алаңда 23 мың жанкүйер өз батырларын қолдап отырды. Дегенмен олардың жасаған атмосферасы құрам сапасымен салыстырғанда әлдеқайда күшті болды. Дәл осы фактор “Селтиктің” ойынын тіпті масқара етті", – деп жазады басылым.
Айта кетейік, 26 тамызда алматылық "Қайрат" өз алаңында Шотландияның "Селтигін" қабылдады. Плей-офф раундында алматылықтар екі кездесудің қорытындысы бойынша Шотландияның "Селтик" клубынан мықтырақ болды. Глазгода және Алматыда өткен ойындар 0:0 есебімен аяқталды, ал пенальти сериясында қазақстандық футболшылар 3:2 есебімен жеңіске жетті.

"Эфирден қиып тастайды, концертке қатыстырмайды": Қазақстандық шоу-бизнес өкілдері хиджаб кигені үшін түрлі кемсітуге тап болған
