Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Себеттер өндірісі: Сотталған әйелдер үшін 10 жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді

Тоқылған себеттер өндірісі Қарағанды облысы Абай ауданы Көксу ауылында орналасқан АК-159/9 мекемесінде іске қосылды. Осылайша мұндағы бас бостандығынан айырылған әйелдер жазасын өтегеннен кейін керек әлеуметтік бейімделу дағдыларын игеруге кірісті.

"Қарағанды облысының әйелдер күштері альянсы" қауымдастығы іске асырып жатқан іске, "Әрекет" әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жобасы аясында, "Самұрық-Қазына" АҚ компаниялар тобы бойынша бірыңғай қайырымдылық операторы "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қолдау көрсетті.

"Жоба бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды қайта әлеуметтендіру процесін жақсарту үшін жағдай жасауға бағытталған. Сотталғандарды әлеуметтік сүйемелдеу жүйесін құру және оларды бас бостандығынан айыру орындарында ақы төлей отырып, жұмыс процесіне тарту арқылы әлеуметтік бейімдеу тетігін жетілдіру жаңа кәсіби дағдыларды игеруге ықпал етуі тиіс. Нәтижесінде олар игерген тәжірибелік білімін бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан кездегі өмірінде қолданып, сондай-ақ бейімделу және қайта әлеуметтену кезеңінде тіршілік етудің алғашқы уақытына ақшалай қаражат сомасын жинақтай алады", –  деп атап өтті 9 маусымда "Самұрық-Қазына" АҚ компаниялар тобы атынан тоқыма бұйымдарын жасауға байланысты өндірістік цехтың ашылуына қатысқан "Қазпошта" АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Мүсіреп Хасенов.

Жобаны іске асыру барысында іріктеу жүргізіліп, жазасын өтеуші 10 әйел үшін жұмыс орындары құрылды. Шикізат, құрал-жабдық пен басқа да заттар сатып алынғаннан кейін арнайы тартылған жаттықтырушы-дәріскер сабақ өткізді. Алдағы уақытта аптасына кемінде 400 себет өндіру және өнімді супермаркеттерге, гүл дүкендеріне, кәдесый дүкендеріне, жиһаз, зоо, азық-түлік дүкендеріне және басқа да сауда нүктелеріне өткізу жоспарланып отыр. Жалпы, болашақта, Қарағанды облысындағы өрілген жиһаз өндірісін ерлер колониясының аумағында ашу арқылы жоба ауқымын кеңейту көзделуде.

"Бұл әлеуметтік қадам және сотталғандарды жұмысқа орналастыру мәселесін шешіп қана қоймай, оларға жазасын өтегеннен кейін пайдалы болатын жаңа дағды алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жоба оған қатысатын әрбір әйел үшін депозиттік шот ашуды көздейді. Шотқа жалақы қаражатының бір бөлігі түседі және оны бостандыққа шыққаннан кейін оларды пайдалануға болады. Бұл оларға еркіндіктегі өмірге тезірек бейімделуге және қаржылық тәуелсіз болуға жол ашып, мемлекеттік органдарға бейімдеу жұмысын жеңілдетеді. Жоба сомасы аз болып, 10 әйелді ғана жұмысқа орналастыруды қамтамасыз еткенімен, қымбат құрылғылар сатып алуды талап етпейді. Бұдан тыс, оны өзге ұсақ бұйымдар өндірісіне бейімдеуге немесе қомақты қаржы салынса, өрілген жиһаз өндірісі цехының ауқымына дейін кеңейтуге болады", – деп растайды "Қарағанды облысының әйелдер күштері альянсы" қауымдастығы түріндегі заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Марина Платонова.

Оның айтуынша, жобаға тек жергілікті атқарушы органдар ғана емес, құрамына Еуропалық одақ өкілдері енген БҰҰ есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы делегациясының мүшелері де қызығушылық танытқан.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 09 Маусым, 2022 21:42
Талқылау