Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

SCAT әуекомпаниясының жолаушылары Атырау әуежайында қалып қойды: Олар Ақтауға қайта алмағандарына наразы

Ақтауда ауа райының қолайсыздығына байланысты Шымкенттен ұшатын ұшақ әуежайға қонбай, Атырауға кетіп қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скриншот

29 қыркүйек күні сағат 10:40-та 140-қа жуық жолаушы Шымкенттен ұшып, Ақтауға 13:00-де жетуі тиіс болған. Бірақ ауа райының қолайсыздығынан ұшақ бағытын өзгертіп, Атырау әуежайына қонды.

Жолаушылардың айтуынша, оларды ұшақтан түсіріп, Шымкентке кері рейске тіркеу туралы хабарлаған. Шымкент тұрғындары қайтып оралса, Ақтау тұрғындары әуежайда қалды.



Әуежайда қалған жолаушылар SCAT әуекомпаниясы мен оның өкіліне қарсы желілік полиция бөліміне арыз жазған. Сондай-ақ жолаушылар тамақпен, сумен және тұратын жермен қамтамасыз етілмегенін хабарлады.

Кешкі сағат 18:00 шамасында жолаушылардың көбі, негізінен Ақтау тұрғындары, қалаға өз бетінше жетуге мәжбүр болды. Қалған 39 адам Атырау облысы әкімдігі бөлген автобуспен Ақтауға аттанған.

SCAT әуекомпаниясының баспасөз қызметі екпіні секундына 18 метрге жететін қатты желдің салдарынан Шымкент-Ақтау бағытында ұшқан ұшақ Атырау әуежайына қонуға мәжбүр болғанын хабарлады. Ауа-райы жақсармағандықтан, жолаушыларға рейс құнын қайтарып немесе айыппұлсыз басқа күндерге қайта брондау арқылы жөнелту портына оралу ұсынылды.

Талқылау