Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дәретханаға да жібермейді": Scat әуекомпаниясының жолаушылары тәртіп бұзушының кесірінен ұшақ трапында бір сағат тұрған

кешіктірілдіФото: Видеодан скрин

Астанадан Ақтауға ұшуы тиіс Scat әуекомпаниясының рейсі тәртіп бұзған жолаушы үшін кешіктірілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Куәгерлердің айтуынша, бортқа отырғызу уақытылы басталған. Алайда жолаушылар күту аймағында біраз уақыт тұрған. Жолаушылар түсірген кадрдан адамдардың тар жерде тұрғанын, кейбірінің жерде отырып, балалардың ұйықтап жатқанын көруге болады. Ал ересектер ауа жоқ екенін айтып шағым білдіріп жатыр. 

“Біз түн ортасында ұшуымыз керек еді. Өте суық, дәретханаға да жібермейді”, – дейді куәгерлер. 

Scat мәліметінше, рейстің кешігуіне жолаушылардың бірінің тәртіп бұзуы себеп болған. 

“Бортқа отырғызу жағдай толық шешілгенге дейін уақытша тоқтатылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша ішкі рәсімдерге сәйкес қажетті шаралар қабылданды”, – делінген хабарламада. 


Рейстер неге кешігеді және жолаушы қандай құқыққа ие?


Ұшаққа біреудің қол жүгін алып кірген: Ыстамбұл–Алматы рейсінде жолаушылар эвакуацияланды


 

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, отбасымен бірге ұшып бара жатқан ер адам ұшақ экипажының заңды талабын орындамаған. Жолаушылар ұшаққа отырғызылған соң ол ұшақ салонын өз бетінше тастап кеткен. Бұл әуе қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзу болып есептеледі.

“Әуе компаниясы өкілдерінің хабарламасынан кейін ер адам полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Оның үстінен әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 566-бабы бойынша (Әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзу) әкімшілік хаттама толтырылды”, – делінген департамент хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін  FlyArystan рейс уақытын өзгерткені үшін жолаушы 188 мың теңге айыппұл арқалағаны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 31 Қазан, 2025 11:08
Талқылау