Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тарақан басып, қабырғалар сынған": SCAT әуе компаниясының рейсі 13 сағатқа кешігіп, жолаушылар шағым білдірді

Қонақ үйді тарақан басып, қабырғалары сынған

Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде SCAT әуе компаниясының Алматы-Анталия бағытындағы рейсі 13 сағатқа кешігіп, ақыры жолаушыларға ұшпайтынын мәлімдеген. Сосын оларды қонақүйге орналастырған. Дегенмен жолаушылар әуе компаниясы жеткізген орынға шағымдарын білдіріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жолаушылардың айтуынша, әуе компаниясы орналастырған қонақүйде тарақан қаптаған. 

"Алдымен олар рейсті 12 сағат 30 минутқа кешіктірді. Кейін тағы 40 минут кешігетінін айтты. Нәтижесінде біз 13 сағаттан аса күттік. Жолаушылар арасында қатерлі ісікке шалдыққан анасын емдеу үшін Түркияға барған отбасы да бар. Дәрігерлер алдын ала жазылуын белгілеп қойған екен. Бірақ рейстің тоқтатылуына байланысты олар енді әлеуметтік желіде кезек күтуге тура келетінін айтты", - дейді жолаушылардың бірі.

Әуе компаниясы жолаушыларды уақытша баспанамен қамтамасыз етткен. Дегенмен әлеуметтік желідегі хабарларға қарағанда, жағдай көңіл көншітпейді. Жолаушылар жағымсыз иіс пен тарақандарға шағымданып жатыр. 

"Рейс кешіктірілді. Орналастырған бөлмеде қабырға құлаған, сынған жерлер де бар. Сасық иіс шығады. Бөлме ішінен түтін иісішығады. Тарақандар қаптап жүр", - дейді желіде тараған видеоның авторы. 

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Scat әуе компаниясынан мән-жайды сұрап білді. Әуе компания жолаушыларға бірқатар рейстердің ұшу уақытында өзгерістер болатыны алдын ала ескертілгенін айтты. 

"Уақыттың өзгеруіне форс-мажорлық жағдай себеп болды. Құстардың топтап ұшуы салдарынан әуе компаниясының ұшақтарына зақым келді. Сосын Анталия – Астана және Ақтөбе – Анталия бағытындағы ұшақтарға келесі өзгерістер енгізілді. Анталияда жолаушылар резервтік ұшақтың келуін күтіп, қонақүйге орналастырылды. Олар қонақүйде тұрып, барлық жағдай жасалды. Ұшу 2025 жылдың 23 маусымына жоспарланды. Ақтөбеде күткен жолаушылар ыстық тамақ пен сусындармен қамтамасыз етілді.  Компания өкілдері мен туроператорлар жолаушылармен тұрақты байланыста болды. Кесте де түзетілді", – делінген хабарламада. 

Әуе компания 23 маусымда ұшақты қайта бөлуге байланысты Алматы – Шарм-эль-Шейх, Алматы – Анталия, Анталия – Алматы бағытындағы рейстер кешігуі мүмкін екенін ескерткенін жеткізді. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 27 Маусым, 2025 16:55
Талқылау