Сайлау өтіп жатқан уақытта Алматыда бірнеше митинг өтті. Полиция белсенділерді ұстап алып кетті
Бүгін, 20 қарашада Алматыда президенттік сайлау болып жатқан уақытта бірнеше жерде митиг өтті. Алайда көп ұзамай полиция белсенділерді ұстап алып кетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстанда тіркелмеген Демократиялық партияның бірнеше белсендісі сағат 11-00 таяу Алматыдағы Абай ескерткішінің алдына барып, сайлауға өз наразылықтарын білдірген. Жиналғандар сонымен қоса билікке бірнеше талап қойған. Олар елде нақты саяси реформаларды бастауды, саяси партияларды тіркеуді және Жанболат Мамайды толық ақтауды ұрандатқан.
Жиналғандар көп тұрған жоқ, оларды арнайы жасақ қызметкерлері келіп, ұстап әкетті.
Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументінің алдына Oyan, Qazaqstan белсенділері жиналып, елде әділ сайлау өткізуді талап етті.
Азаттық сайтының мәліметінше, ауыздарына "ұрма, атпа", "оян", "ұрпақ үшін" деген және өзге жазу жапсырған белсенділер "әділ сайлауға жететін күніміз бар ма?" деген жазуы бар үлкен баннер ұстап тұрған.
Құқық қорғау органдары акцияның заңсыз екенін ескертті. Бірнеше минуттан соң полиция оларды жеке-жеке ұстап алып кетті.