Сайдалин құраманың бірлігін атап өтті: "Қыздар капитаннан үлгі алады"
Фото: olympic.kz
Әйелдер ұлттық құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин Ливерпульде өткен 2025 жылғы әлем чемпионатының қорытындысын шығарып, алдағы жоспарларын бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оның айтуынша, қазақстандық қыздар бір жылдың ішінде екі бірдей әлем чемпионатына қатысып, екі турнирде де жоғары нәтиже көрсетті:
"Біз мемлекеттік туды көтеріп, елдің әнұранын шырқата алдық. Қазақстан халқы қыздарды әрдайым қолдап отырды. Жеңгені де, жеңілгені де – халықтың спортшылары. Бұл бізді босаңсытпайды: алда Азия ойындары мен Олимпиада бар, сол үшін жан-жақты дайындаламыз", – деді Сайдалин.
Бапкер командадағы бірліктің маңызына тоқталды:
"Құрамамызда өте мықты капитан бар – Назым Қызайбай. Қыздар оның соңынан ереді және өз күшіне сенеді. Соның арқасында нәтижелер де жоғары. Жаңа әлем чемпионы Наталья Богданова шықты, сондай-ақ бізде екі дүркін чемпиондар бар", – деді ол.
Сонымен қатар бас бапкер бірнеше спортшыға уақытша демалыс берілгенін айтты:
"Бес боксшыға демалыс береміз. Олар екі әлем чемпионаты мен Әлем кубогына қатысты. Енді жарақаттарын жазып, толыққанды қалпына келуі қажет. Біз оларды келесі маусымға дайындаймыз", – деді Сайдалин.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын жалпыкомандалық есепте бірінші орында аяқтады. Әйелдер құрамасынан алтын медальды Алуа Балқыбекова, Аида Әбікеева және Наталья Богданова жеңіп алды. Күміс медальға Назым Қызайбай, ал қола жүлдеге Виктория Графеева мен Елдана Тәліпова ие болды.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік

