Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дүкенде дөрекілік танытып, қонақүйге кіргізбеді": Қазақстандық блогер Ресей мен Беларусьтегі сапарында болған күтпеген әсерлерін айтты

Атыраулық блогер Ресейге барғанда жергілікті халықтың қазақтарды жақтыртпайтынын сезгенін айтады. Тіпті, ол бірде-бір қонақүйден орын таба алмадық дейді. Stan.kz ақпарат агенттігі блогермен тілдесіп, саяхат кезінде қандай жағдайды бастан өткергенін сұрап-білді. 

Атыраулық блогер Ерназ Иманғазиев автокөлік арқылы шетелге барып, сол жақтағы ерекше, тарихи мекендерді және жергілікті тұрғындардың қазақтарға көзқарасын көрсетіп, видео түсіреді. Бұған дейін ол Түркияға, Өзбекстанға және Қытайға барып, контент түсіріп, әлеуметтік желіде бөліскен. Бұл жолы ол досымен бірге Беларуське жол тартып, жол-жөнекей Ресейдің қалаларын аралаған. 10 күнге созылған сапар барысында түрлі қызық жағдайға куә болған. Блогердің айтуынша, Ресейдің кейбір өңіріндегі жергілікті тұрғындар оларға оғаш көзқарас танытып, тіпті алалағандай болыпты. 

“Бұған дейін Ресейдің біздің елмен шекараласып жатқан, жақын орналасқан облыстарына барғанмын. Ол жерде тұратын адамдардың жүзі жылы, тіпті тез тіл табысып кететінбіз. Ал осы жолы Волгоградтан ары, яғни Мәскеу облысындағы тұрғындардың бізге көзқарасы мүлдем басқаша болды. Көшеде көмек сұрасаң, көбі жауап бергісі келмейді. Дүкенде адамдар бізге қызмет көрсеткісі келмей, дөрекілік танытқандар да болды. Сапарымызда бірінші рет осындай негативті көріп отырмыз. Жергілікті тұрғындарға қарағанда басқа ұлт азаматтары жағдайымызды сұрап, қолдау көрсетті”, – дейді блогер.

Ерназ Иманғазиевтің айтуынша, олар Мәскеу облысына түнде жеткен. Жолдан шаршаған соң, қонақүйде түнеп, тынығып алмақ болған. Бірақ бір қызығы, бірнеше қонақүй “орын жоқ” деп оларды шығарып салған.

“Алғашында шынымен орын жоқ шығар дедік. Сөйтіп келесі қонақүйге барсақ, онда да орын жоқ. Осылай бірнеше рет жалғасты. Бірнеше қонақүйден қатарынан осындай жауап алған соң, күмәнданып қалдық. Оның үстіне, бұл қонақүйлерде адам да, сыртында тұрған көлік те көп болмады. Дегенмен “олардың бәрі жаман, бізді ұнатпайды” деген сөз емес. Бізге ғана осындай адамдар жолығып қалған шығар”, – дейді блогер.
@e.n.z__

Моссква га 170 км калды 🇰🇿

♬ Epic - Anton Vlasov

Сонымен қатар блогер өзі барған елдердің тыныс-тіршілігін, тұрмысын бақылап, Қазақстанмен салыстырып көреді екен. Дегенмен ол осы жолы Ресейге қатысты ойы біраз өзгергенін айтады. 

“Ресейде сөз еркіндігі өте қатты шектелген екен. Әлеуметтік желінің көбі – WhatsApp, Instagram, TikTok, Google Maps және басқа карталар істемейді. VPN арқылы әрең істейді. Көшеде видеоға түсіріп жүрсең, сақшылар келіп, не түсіріп жатқаныңды тексереді. Әрине, мән-жайды дұрыс түсіндірсең, тиіспейді. Салыстырмалы түрде бұл жағынан біздің ел еркін екен деп қалдым”, – дейді саяхатшы. 

Блогердің сөзінше, Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қарамастан жергілікті халық күнделікті күйбең тіршілігін жалғастырып жатыр. Дегенмен соғыстың белгілері де байқалады. Мысалы, ол Ресейдің Қызыл алаңында соғысқа ақша жинап жатқан адамдарды көріп, таңғалыпты.

“Қызыл алаңда адамдар плакат ұстап, микрофонмен соғыс үшін қаржы жинап жатқанын, Путиннің саясатын қолдау үшін бір петицияға қол қойдырып жатқанын байқадық. Жастар аса мән беріп жатқан жоқ, бірақ үлкен буын қолдап, қол қойды. Өз басым, Ресейді ұлы держава деп білетінмін. Бірақ елдің ішінде осылай ақша жинап жатқанын көргенде таңғалдым”, – дейді ол. 
@e.n.z__

Моссква ға жеттік 🇰🇿

♬ оригинальный звук - Enz

Есесіне Ерназ Иманғазиевке Беларусь елі ұнапты. Мұнда олар бірінші және екінші дүниежүзілік соғысы кезінде салынған ғимараттар, қолданылған техникалар, пойыздар бар Забродье ауылына барған. Оның айтуынша, көптеген ТМД елдерінің және Қазақстанның киноиндустрия мамандары соғыс жылдарына қатысты фильмдерді осы жерде түсіреді екен. Десе де онда туристер, оның ішінде қазақтар бірен-саран. Блогердің айтуынша, ел тұрғындары жылы жүзді, қонақжай, оған қоса өте таза. 

“Беларусьтер жерін өте таза ұстайды екен. “Айыппұл төлейміз” деп емес, шынымен өз мекеніне жаны ашып, тазалықты сақтайды әрі мұны мәдениет деп біледі. Себебі, өкінішке қарай, біздің кейбір өңірде ер азаматтар далада дәрет сындырудан да ұялмайды. Осы тұрғысынан олардан үлгі алуға болады деп ойлаймын”, – дейді ол. 
@e.n.z__

Капсула времени 😍

♬ оригинальный звук - Enz

Блогер басқа елге бармай тұрып, ол жақтың ерекшеліктерін, ережелері мен заңдарын біліп алуға кеңес береді. Сонда алаңсыз қыдырып, елге аман оралуға болады.

Наргиза Аршидин
Сейсенбі, 16 Қыркүйек, 2025 12:42
Талқылау