Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Саяси белсендісі Ермек Нарымбай бостандыққа шықты

Биыл Қазақстанға өз еркімен оралып, әуежайда қамауға алынған қоғам белсендісі Ермек Нарымбай бостандыққа шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: facebook / Жанар Балғабаева

Бұл туралы адвокаты Жанар Балғабаева Facebook парақшасына жазды.  

 "Ермек Нарымбайды қарсы алу үшін Заречный кентіне баруға жиналып жатқандардың бәріне құлағдар етейін, ол қазір Алматыда. Егжей-тегжейлі ақпаратты кейінірек хабарлаймын", - деп жазды ол.

Жанар Балғабаева биыл шілденің 13-інде жазасын жеңілдету жөнінде сотқа арыз жазған Ермек Нарымбайдың өтінішін Қонаев қалалық соты қанағаттандырғанын хабарлаған.

"Мерзімінен бұрын босап, 11 айға жуық пробациялық бақылауда болатын болды. Біз айыппұл төлеп шығаруды сұрадық. Бірақ прокурор пробациялық бақылау қажет екенін айтты. Судья прокурормен келісіп, қатаң шектеумен шығаруға келісті. Баспасөз маслихаты, митинг пен шеру сияқты қоғамдық істерге қатысуға тыйым салды", - деді адвокат Жанар Балғабаева.

Құқық қорғаушылар жасаған "саяси тұтқындар" тізіміне енген Ермек Нарымбай саяси белсенділігі үшін бірнеше рет әкімшілік және қылмыстық жазаға тартылған.

2015 жылы қазанда "алауыздық тудырды" деген айыппен үш жылға сотталған. Кейін апелляция соты үкімді жеңілдетіп, үш жыл шартты жазаға ауыстырған.

Осыдан кейін Ермек Нарымбай өзіне биліктен қатер төнгенін айтып, Украинаға кеткен. 2022 жылы ақпан айының басында Қазақстанға оралғанда полиция оны Алматы әуежайынан ұстап әкетіп, қамауға алған. Адвокаттың айтуынша, 2,5 жыл түрмеге кесілген Нарымбай жазасының үштен бірін өтеген.

Таяуда белсенді 54 күн аштық ұстап, кезектен тыс президент сайлау қарсаңында сайлау учаскелеріндегі хаттамаларды онлайн жариялауды талап еткен. Орталық сайлау комиссиясы оның талабы "бір күнде орындалатын шаруа емес" деген.

Ермек Нарымбай бұған дейін де бірнеше рет аштық акциясын жариялаған.

Талқылау