Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Саясат Нұрбек: Келесі жылдан бастап қазақстандық студенттер қазақ және орыс тілдерінде Coursera курстарынан өте алады

Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек цифрландыру бағытында жүзеге асырылып жатқан тың жобалар жайлы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Саясат Нұрбек

Министр "Digital Bridge 2022" форумы аясында Coursera компаниясының өкілдерімен кездескенін сөз етті. 

“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Digital Bridge 2022" халықаралық технологиялық форумында заманауи ақпараттық қоғам мен цифрлық экономика жағдайында кедергісіз білім алмасудың маңыздылығын атап өтті. Осы орайда министрлік тарапынан цифрландыру бағытында жүзеге асырылып жатқан тың жобалар туралы айтып өткім келеді.

Біз жақында Coursera компаниясымен үшжақты меморандумға қол жеткізгенімізді білесіздер. Бүгін мен "Digital Bridge 2022" форумы аясында осы компанияның өкілдерімен кездестім. Біз 2023 жылдың қаңтарына жоспарланған жобаны іске қосудың егжей-тегжейін талқыладық”, – дейді министр Facebook парақшасында.

Оның сөзінше, келесі жылдан бастап студенттер Coursera платформасында қазақ және орыс тілдерінде курстардан өте алады. 

“Келесі жылдан бастап Қазақстандық студенттер қазақ және орыс тілдеріндегі Coursera курстарын таңдауға мүмкіндік алады. Үш жыл ішінде кемінде 100 мың қазақстандық студент пен пайдаланушы Coursera платформасына қол жеткізеді.

Біз жылдам өзгерістер мен қайта құрулар жағдайында жоғары білім беруді дамыту үшін икемді шешімдерді іздеп жатырмыз. Бүгінгі таңда ең оңай және тиімді шешім — бұл цифрландыру. Біздің бүгінгі жасап жатқан ісіміз – жоғары білім беру жүйесін реформалаудағы және экономикамыз үшін білікті кадрлар даярлаудағы маңызды қадам”, – деп қосты Саясат Нұрбек

Талқылау