Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Саусақтарын қанатып, сол қанымен хат жазған": Тарихшылар "АЛЖИР" лагері және қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары жайлы айтып берді

ХХ ғасырдың 30-жылдарынан басталған қуғын-сүргін салдарынан елімізде 70 мыңға жуық адам атылса, 100 мыңнан аса азамат қамалып, өзге аймақтарға айдалып кетті. Нақақтан нақақ жазаға іліккендердің кейбірі Қазақстанның әр жерінде орналасқан лагерьлерге қамалды. Солардың бірі – Ақмола облысында болған АЛЖИР лагері. Қазіргі таңда Ақмола облысында лагерьге түсіп, қуғынға ұшырағандарды ақтау процесі толыққанды жүріп жатыр. Stan.kz тілшісі құрбандарды ақтау жөніндегі комиссия мүшелерімен тілдесіп, лагерь жайлы мәлімет жинастырды. 

әйелдер

"АЛЖИР" қазіргі Ақмола облысындағы Ақмола ауылында 1937 жылы Отанына сатқындық жасағандардың әйелдеріне арнап ашылған. Лагерьге 1938 жылдан бастап алғашқы тұтқындар – балалар мен әйелдер әкелінді. Тұтқындардың арасында 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндер мен жүкті әйелдер болған. Ал бала 3 жасқа толған соң Осакаров ауданындағы жетімдер үйіне жіберіп отырған. Ал ағайынды балаларды бір-бірінен ажырату үшін әр қаладағы жетімдер үйіне жіберілген. 

Ақмол ауылында 1997 жылы "АЛЖИР" лагерінің тарихы" атты мұжарай құрылған. Қуғын-сүргін кезеңінінің ескерткіші болып қалған бұл лагерь жайлы көбірек ақпарат жинау үшін "АЛЖИР" мемориал-мұражай кешенімен байланысқа шығып, көпшілік біле бермейтін оқиғаларды жинастырдық.

Қанмен жазылған хат

Мұражай кешенінің өкілдері ұсынған ақпаратқа сәйкес, бастапқы кезеңде әйелдерді түрмеге күйеулерімен кездеседі деп алдап алып барған. Жолға шығарда ең әдемі көйлектерін киіп, көптен күткен кездесуге дайындалған олар бірден түрмеге тап болған. Ал абақтыда олар күйеулерінің атылып кеткені жайлы суық хабарды естіген. Үкім жарияланған соң әйелдерді "азап вагондарына" отырғызып, бірден Қазақстанға жіберген. Вагонда әйелдерге қағазға орап, тұздалған балық берген. Алайда шөлдеген әйелдерге су берілмеген. Өздерінің қайда екенін және қайда баратынын жақындарына айту үшін олар балықтың сыртындағы қағазды бөліп, хат жазған. Ал сияның орнына саусақтарын тістеп, қанын пайдаланыпты. Хатты ораған соң вагондағы әжетхананың рөлін атқарған тесік арқылы жерге тастаған. Осылайша туыстары әйелдердің тағдыры жайлы кішкене болсын ақпарат алған. Ал кейбірі 1940 жылы хат жазуға рұқсат алған соң ғана өз жағдайы туралы хабарлай алған. 

"АЛЖИР" тұтқындары алма бақты қалай сақтап қалды?

Лагерьде болған Ментай Дәукенова азапты күндерді еске алып, тұтқындардың Ақмол ауылында 600 алма ағашын екенін айтып берген. Алайда қыс қатты болғандықтан, қояндар ағаш түбін кеміріп тастаған екен.

"Түрме басшылығы бір түп ағаш құритын болса, тұтқындарды ата бастайтынын айтты. Сондықтан әйелдер өз нандарын бөліп, ағаш түбінде қалдырып кететін. Осылайша қояндар нанды жеп, ағашқа тиіспейтін еді", – дейді Ментай Дәукенова. 

Бүгінгі таңда Целиноград ауданының әкімдігі 1,6 гектар жер бөліп, "АЛЖИР" лагерінің құрбандарына тағзым ретінде алма бағын өсіру туралы тапсырма берген. 

Баға жетпес тасқа айналған – құрт

Елден жыраққа кетіп, абақтыға тап болған әйелдерге жергілікті тұрғындар көмектеспек болған. Лагерьде қамауда отырған Платайс Гертруда қазақтардың қамқорлығы, құрттың қалай өмірлерін сақтап қалғаны туралы ой шертеді. Оның сөзінше, лагерьге жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары тамақ пен азық-түліктерді қамыстардың, қалың шөптердің арасына жасырып кететін болған. Ал кешке ауыр жұмыстан қайтқан әйелдер бұл тағамдарды жинап алуға тырысқан екен.  

Кейін Жаңа жол ауылының тұрғындары лагерь маңына өздерімен ауыр сөмке алып келген. Балалар сөмкені ашып, тасқа ұқсас заттарды азып-тозған әйелдерге қарай лақтырған. Мұны көрген күзетшілер күліп, әйелдерге "Сендер сияқты халық жауларын балалар да жек көреді" деген көрінеді. 

"Сол тастардың бірін абайсызда басып кеткен әйелдердің бірі одан ірімшік пен сүзбеге ұқсас иіс шығатынын байқады. Тек сол кезде ғана әйелдер балалар мен қариялардың өмірлерін қатерге тізіп, өздеріне тас емес, құрт лақтырғанын түсінді. Кешке қонысжайға барған соң Құдайдан осы қариялар мен балалардың амандығын тілеп, алғыс айттық", – деп еске алған Платайс Гертуда.

Музей қызметкерлерінің мәліметіне сәйкес, "АЛЖИР-ге” тап болған әйелдер күйеулерінің қылмыстық әрекетін біле тұра, билікке хабарламағаны үшін ғана кінәлі деп танылған. Кейбірі лагерьден тірі шықса, кейбірі қиын жағдай мен ауыр жұмысқа шыдамай қайтыс болған. Ал кейде әйелдерді жұмысты дұрыс атқармағаны үшін атып тастаған. Кейін нағыз лагерьге тыңшылар, қылмыскерлер де түскен. 

АЛЖИР

“АЛЖИР” мемориал-мұражай кешеніндегі “Түңілу мен әлсіздік” композициясы

"Мұрағаттағы құпия деректер құрбандарды ақтауда үлкен септігін тигізді"

Тарих ғылымдарының кандидаты, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша мемлекеттік комиссия мүшесі Күлпаш Ілиясова Ақмола облысында құрбандарды анықтау процесінің қалай жүріп жатқаны туралы айтып берді. Сөзінше, Ақмола облысы бойынша жоғарғы комиссияның 10 түрлі тармағы жұмыс істеп жатыр. Олардың әрқайсысы тарихымыздың әр кезеңіндегі қуғын-сүргін құрбандарын қамтиды екен. Ал бүгінгі таңда "Ұлттық рухани жаңғыру" жобасының аясында мұрағаттағы құпия құжаттардың сыры ашылған. 

"Бұл – Тәуелсіздік жылдарынан бастап құрылған үшінші комиссия. Негізі ақтау процесі 1989 жылы басталды. Сол уақыттан бастап Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі құпия құжаттарға қол жеткізу бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар қазір 1990-жылдары ғылыми айналымға енбеген деректерді ашу үшін ғалымдарға жақсы мүмкіндік туып отыр. Ал ішкі істер министрлігінің мұрағаты арқылы Ақмола қаласындағы ақталмаған адамдардың саны белгілі болды. Қала бойынша 616 адам тізімге енді", – деп атап өтті тарихшы.

Маманның сөзінше, елде саяси құқығынан айырылған 6 мыңға жуық адам бар. Ал ғалымдар олардың тек 1,5 мыңын ғана қарап, мәліметтерді сараптап үлгерген. 

"Ғалымдарға берілген уақыт аз, сондықтан құрбандар туралы нақты санды айту әзірге қиын. Құпия болып келген құжаттарды ашып, зерттеу үшін қосымша уақыт керек деп ойлаймын. Ақмола облысы бойынша ақталған адамдар туралы санды жылдың соңына дейін ұсынамыз", – деп қосып өтті. 

Тарихшы қуғын-сүргін құрбандарына түрлі айыптар тағылғанын айтады. Дегенмен бұл кезеңде айыптардың саяси сипаты басым болған. 

"Мен қараған құжаттардың ішіндегі айыптар әртүрлі. Мысалы, Ұлы Отан соғысынан оралған азаматтар жайлы айтатын болсақ, соғыс кезінде Еуропа мен Германияны көрген азаматтар өзге елдерді КСРО-мен салыстыра бастаған. Себебі олар экономикалық тұрғыдан Кеңес үкіметінің артта қалғанын түсінді. КСРО-ны өзге елдермен салыстырғаны үшін де адамдар қуғын-сүргінге ұшыраған. Тағы бір оқиға: елімізде есепші болып істеген азамат жоқшылықтан үкіметтің ақшасын алған. Бәлкім, кейін қайтарамын деп ойлаған шығар. Сол үшін сотталып, қуғынға ұшырап кеткен", – деді тарихшы.

"Қазақтарды ел ішінде жүрген тыңшылар ұстап берген" 

Күлпаш Ілиясованың айтуынша, репрессия жылдарында шетелден зиялы қауым өкілдері келіп, Қазақстанда ғылыми мансаптарын жалғастырған. 

"Қарлагқа шетелдік зиялылар әкелінген. Лагерьде институт пен зертханалары болған. Ал босап шыққан соң Қазақстанда қалып, зерттеулерін әрі қарай жалғастырды. Қазақтардың басым бөлігі ұсақ қылмыс және Кеңес үкіметіне қарсы пікір айтқаны үшін істі болды. Оларды ел ішінде жүретін тыңшылар ұстап берген. Құпия құжаттарда бұл агенттер бүркеншік есімдермен берілген", – дейді ол. 

Тарихшы жала жабылып түрмеге түскендердің туыстары оларды ақтау үшін билікке түрлі хат жазғанын сөз етті. Бұл қазақ халқының сауатты болғанын көрсетеді дейді.

"Тіптен түрмеде отырғандар да өздерін босату жайлы өтініштер жазған. Ол кезде абақтыдағылар саяси сауаттылық бойынша кітап оқыған. Алған білімдерін, В. И. Лениннің түрме жайлы айтқан пікірлерін пайдаланып, өздерін босатуды сұраған. Әрі босап шықса, Кеңес саясатын тарату үшін қызмет ететін де жазғандар болған. Бұл халықтың белгілі деңгейде сауатты болғанын көрсетеді. Бір өкініштісі, кей хаттарға жауап келгенше жазған адамдар өмірден озып кеткен. Кейбірі хаттың жауабын оқи алмай кеткен", – деп түсіндірді тарихшы.

Комиссия мүшесі ұжымдастыру кезеңі туралы да айтып өтті. Оның сөзіне сүйенсек, қазақтың бай-бағландары бұл кезеңде малын үкіметке емес, өз руына үлестіріп бергісі келген. 

"Байларды "банда, шайка" деп атаған. Олардың бар кінәсі жиған-тергенін Кеңес үкіметіне емес, руластары мен туыстарына үлестіріп бергісі келгенінде ғана. Ақмола облысы бойынша мұндай байлардың есімі бұрын жарияланған. Қазір біз бұл тізімді көбейтіп жатырмыз. Ақтау бойынша жұмыс жүріп жатыр. Олар ешқандай банда немесе ұйымдасқан қылмыстық топ емес", – деп түсіндірді Күлпаш Ілиясова. 

АЛЖИР

Мемориал-мұражай кешеніндегі диорама

"Ұжымдастыру қазақ қоғамындағы ауқаттылар мен туыстық құрылымға үлкен соққы болды"

Ұжымдастыру кезеңі туралы айтқан тарихшы Құрманғали Даркенов бас көтерген ақмолалық байлардың Гурьев округіне жер аударып кеткенін мәлімдеді. 

"Ұжымдастыру мен тәркілеу қазақ қоғамындағы ауқаттыларға және рулық, туыстық құрылымға қатты соққы болды. Әлеуметтік, таптық жіктелу таптық күресті шиеленістірді. Кеңестік билікке қарсы 20-30 жылдары 300 ден астам ірілі ұсақты бас көтерулер болды. Батпаққара көтерлісі. Созақ көтерлісі, Қарақұм көтерлісі т.б кеңес үкіметінің күштеу шараларына қарсы басталды. Ұжымдастырудан кейін наразылық білдірген байлар көрсетілген округтерге жер аударылды, қылмыстық істер қозғалып тұтқындалды, сотталды және қарулы қақтығыс кезінде жойылды", – дейді ол.

Құрманғали Дәркенов – қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша мемлекеттік комиссияның мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдасқан профессор. Тарихшының сөзіне сенсек, ұжымдастыру кезеңінен кейін 1930-жылдары қуғынға ұшыраған азаматтарға көбіне бұзақылық, астықты жасыру, мемлекет мүлкін бүлдіру, жауапсыздық, қоймадағы ұрлық сынды айыптар тағылған. 

"Сонымен қатар егістік көлемін қысқартқаны үшін, сапасыз тұқым сепкендері үшін, астық немесе ет салығын төлемегендері үшін жауапқа тартылды. Архив құжаттарын сараптағанда олар бірнеше жылға сотталып, сайлау және сайлану құқығынан айрылғанын және Қазақстанның өз ішінде немесе сыртқа жер аударылғанын білдік", - деп толықтырды Құрманғали Даркенов. 

Ақмола облысындағы қуғын-сүргін туралы сөз еткен тарихшы 1920-30 жылдары респрессия толқынының үздіксіз жүргенін баса айтты.

"Оның ішінде 1920-22 ж,. 1928-32 ж., 1937-38 жылдары қарқынды жүргізіліп, қудалау-жазалау шаралары айқын байқалды. Сонымен қатар аталған кезеңдерде мемлекеттік деңгейде жүргізілген шаралар және оларға қарсы наразылық қуғын-сүргінді күшейте түсті", – дейді тарихшы. 

Мемлекеттік комиссия мүшесі қазіргі уақытта мұрағаттардағы қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құжаттар ұшан-теңіз екенін айтты. Ендігі кезекте жүйелеу әдісі негізінде оларды талдау мен зерделеу өте маңызды, дейді jk. 

"Алайда архив құжаттары ескіре бастаған, жазулары көрінбейді, немесе істерді тіккенде парақтардың бір бөлігі тігіліп кеткен. Қазақ тілінде араб қаріпімен жазылған құжаттарды оқу да қиындық келтіреді. Сондай-ақ қолмен толтырылған құжаттардың сапалық деңгейі өте төмен. Бірқатары өте сауатсыз жазылған. Кей құжаттарда мәліметтер толық емес", – деп қосты ол сұхбат барысында. 

Бүгінгі таңда репрессия құрбандарын ақтау кезінде мемлекет тарапынан да үлкен қолдау болғанымен, бірнеше кедергілер мен қиындықтар бар екен. Құрманғали Даркенов мұны құжаттардағы "құпия", "өте құпия", "жариялауға болмайды" деген грифтермен байланыстырды. 

"Қазақстаннан тысқары Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Ауғанстан т.б. елдерге қоныс аударғандар мен қашқандар туралы мәліметтер толық қолжетімді емес. Шекарадан өту кезінде қырылған қазақ көштеріне қатысты деректерді де бүгінгі көзқарас тұрғысында қарау мен зерделеу өте маңызды. Теориялық зерттеу әдістерін кең қолдану қажеттілігі де туып отыр", – деп аяқтады ол. 

Талқылау