Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Саусақ іздерін ерікті түрде тіркеу: Бірнеше рет шегерілген заң жобасына бөлінген 26,5 миллиард теңге қайда жұмсалды

Бүгін, 21 желтоқсанда сенат депутаттары Қазақстан азаматтарын олардың келісімімен ғана саусақ таңбаларын тіркеу туралы заңды мақұлдады. Енді заңды түбегейлі қабылдау үшін президент қол коюы керек. 2021 жылы қабылдануы тиіс болған бұл заң жобасы қаражаттың жетпегенінен бірнеше рет шегерілген еді. Stan.kz ақпарат агенттігі жауапты министрліктерге сұрау жолдап, саусақ таңбасын енгізу үшін осы уақытқа дейін қанша қаражат бөлінгенін және олардың қайда жұмсалғанын анықтап көрді.

дактилоскопия

Мың түрленген заң жобасы

Бұған дейін саусақ іздерін тапсыру барлық қазақстандықтар үшін міндетті болатыны айтылған. Көші-қон қызметі комитетінің аға инспекторы Нұржан Жанабаев 25 қыркүйекте өткен брифингте дактилоскопиялық тіркеуден 12 жасқа дейінгі балалардан басқаның бәрі міндетті түрде өтетінін айтқан. Бұл қатарда шетел азаматтары да бар.

“12 жасқа дейінгі балалардан басқа, ҚР барлық азаматтары және Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер дактилоскопиялық тіркеуге жатады. 12 жастан 16 жасқа дейінгі балалар дактилоскопиялық тіркеуден ерікті негізде өтеді. Саусақ іздерін алу Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жеке куәлікті, паспортты, шетелдіктің елде тұруға ықтиярхатты және азаматтығы жоқ адамның куәлікті ресімдеуі кезінде жүргізілетін болады”, – деген еді ол.

Кейін 10 қарашада ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов қазақстандықтарға саусақ ізін алу міндеттелмейтінін айтқан. Вице-министрдің айтуынша, ереже шетелдіктер үшін міндетті болып қала береді.

“Заң жобасына түзетулер енгізілуде. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтардың ерікті түрде саусақ іздерін тапсыруға мүмкіндік беру мәселесі пысықталуда. Шетелдіктер үшін шекарада міндетті болады, бірақ ішіндегі құжаттама ерікті түрде болады", – деген Сәкен Сәрсенов.

Ал бүгін сенат депутаттары Қазақстан азаматтары үшін ерікті дактилоскопиялық тіркеуді көздейтін заңды мақұлдап, президентке қол қоюға жіберді. Құжатқа сәйкес Қазақстан азаматтары үшін саусақ ізін тіркеуді олардың келісімімен ғана белгілейді.

Қазақстан азаматы үшін міндетті түрде саусақ ізін тіркеу теңізшінің жеке куәлігін алған жағдайда ғана жүргізіледі.

ІІМ алынып денсаулық саласына берілген 15 млрд теңге

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Саусақ ізі және геномдық тіркеу туралы" заң күшіне енді. Бірақ 2021 жылдың 19 мамырында сол кездегі ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қаржы жетіспеушілігіне байланысты бұл жоба 2023 жылға шегерілгенін айтқан.

“26 миллиард теңге бөлінуі керек еді, тек 11 миллиард теңге бөлінді. Пандемия кезінде денсаулық сақтау саласына жетіспеген 15 миллиард теңге бізден алынды. Сондықтан, мерзімін 2023 жылға шегеруді сұраймыз”, – деген Тұрғымбаев.

Ол 2022 жылы ақша бөлінсе, 2023 жылы жүйені енгізу жұмыстарын бастауға болатынын айтқан. Алайда аталған жоба 2023 жылы да жүзеге аспады. Заң бойынша саусақ ізін тіркеуге қатысты ережелер 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді деп күтілуде.

Министрліктердің жауабы

Stan.kz сауалына жауап берген қаржы министрлігі республикалық бюджет есебінен 2023 жылы көзделген қаражатты қоса алғанда ақпараттық жүйені құруға 26,5 миллиард теңге сомасында қаражат бөлінгенін айтты. Министрлік бұл қаражаттың нормативтік жүйенің іске асырушылары болып саналатын ішкі істер министрлігі, әділет министрлігі және ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілгенін атап өтті.

ІІМ 2020-2023 жылдары бөлінген қаражаттардың қайда жұмсалғанын түсіндірді. Атап айтқанда министрліктің түсіндіруінше бұл қаражатқа: 

- деректерді өңдеу орталығы үшін серверлік құрал-жабдық сатып алынған;

- лицензиялық бағдарламалық қамтылым орнатылған;

- 897 автоматтандырылған құрал-жабдық сатып алынып, олар орнатылған және қосылған.

Алайда ІІМ биылғы жылы заңды іске асыру үшін қосымша қаржылай қаражат бөлінбегенін ескертеді. Ал қаржы министрлігі жоғарыда берген жауабында 2023 жылы да қаржы бөлінгенін айтқан. Сонымен қоса ІІМ осы жылдар ішінде әр жыл сайын нақты қанша қаражат бөлінгенін ашып айтпады.

ІІМ жауабына сүйенсек әрбір дактилоскопиялық сканердің құны 6 220 195 мың теңге.

”Жеткізушілерді анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу порталында ашық тендер өткізіледі. Соның нәтижесінде жеткізуші болып "Kraft Engineering" ЖШС анықталды”, – деп қосты аталған министрлік.

Ашық дереккөздердегі ақпаратқа сүйенсек, “Kraft Engineering" ЖШС Астана қаласы, Есіл ауданында тіркелген. Басшысы – Арман Ахметов Ринатұлы деп көрсетілген. Арман Ахметовтің атында “Глобал Новиком” ЖШС деген тағы бір компания бар. Бұл компанияның ресми сайтында техникалық қызмет көрсету бойынша барлық қызмет түрлерін көрсететіні айтылған. Ахметов 2014 жылы 199 468 637 теңге салық төлеген. 2015 жылы 375 805 546 теңге салық төлесе әрі қарай бұл сома кеми түседі. 2016 жылы 4 408 200 теңге, 2017 жылы 738 840 теңге, 2018 жылы 1 661 493 теңге салық төлесе, ал 2019-дан қазіргі кезге дейін қанша салық төлегені туралы ақпарат жоқ.

Талқылау