Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сауда орталығында жаттығып, әкесі ұлы үшін көлігін сатқан": Олимпиада чемпионы атанған Михаил Шайдоров туралы не белгілі

Фото: Туризм және спорт министрлігі

21 жастағы мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Олимпиада чемпионы атанды. Осылайша ол Қазақстан қоржынына тарихи жүлдені салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Михаил Шайдоров 2004 жылдың 25 маусымында Алматы қаласында дүниеге келген. Әкесі Станислав Шайдоров 1990 жылдардың соңында Қазақстан чемпионы болған. Ал спорттық мансабын аяқтаған соң бірнеше жыл бойы мұз шоу-балеттерінде өнер көрсеткен.

Шайдоров алғаш рет төрт жасында коньки үйрене бастаған. Алайда ол кезде мұзда сырғанауды ұнатпаған. Кейін бір жарым жыл спорттық гимнастикамен айналысқан.

11 жасында Михаил қайтадан мұз айдынына келіп, бұл жолы мәнерлеп сырғанауға шын мәнінде қызыға бастаған. Ол кезінде Денис Тен секілді “Рамстор” сауда орталығындағы мұз айдынында жаттыққан.

Шайдоров 13 жасында Ресейдегі оқу-жаттығу жиындарына қатысып, сол жерде қазіргі бапкері, Олимпиада чемпионы Алексей Урмановтың назарына ілігеді. Біраз уақыттан кейін Урманов қазақстандық спортшымен жұмыс істеуге келіседі. Алайда бұл қашықтан оқыту форматында жүзеге асады. Сол кезде бапкер тапсырмалар беріп, оны Шайдоров Алматыдағы мұз айдынында орындап жүрген.

Михаилдың дайындығы үшін әкесі көлігін сатқан

2018 жылы әрі қарай даму үшін Михаил Сочиге қоныс аударып, сол жерде Алексей Урмановтың жетекшілігімен жаттыға бастайды. Станислав Шайдоров ұлының спорттық мансабын жалғастыру үшін өз көлігін сатуға мәжбүр болғанын айтқан.

Шайдоров бір жылдық жұаттығу нәтижесінде төрттік тулупты меңгеріп, 2019 жылы небәрі 15 жасында ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында жеңіске жетті.

2020 жылы ол халықаралық жарыстарда тәжірибесі аз болса да, алғаш рет жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысып, 34 спортшының ішінде 22-орынға тұрақтады.

Шайдоровтың құрамадан шеттетілуі

Кейінгі жылдары Шайдоровтың дамуына пандемия мен алған жарақаттары кедергі келтірді. Ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионаты сәтсіз өттті. Себебі спортшы Швецияға бұлшықетінің созылуымен барып, тейптермен өнер көрсетіп, 32-орын алды.

Осыдан кейін ол емделіп, қалпына келу үшін демалыс алды. Алайда дәл сол кезде құрама сапынан шығарылып (жалақысынан айырылып), емделу шығындарын өз есебінен өтеуге мәжбүр болды. Жарақатына байланысты Михаил Олимпиада-2022 жолдамасы сарапқа салынған турнирді де өткізіп алды.

2022 жылы әлем чемпионаты Францияда өтуі тиіс еді, Шайдоров толық қалпына келіп, қатысуға дайын болды. Бірақ оған виза берілмеді.

Нәтижесінде ол екінші рет жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысып, сенсациялық түрде күміс жүлде иеленді. Бұл Қазақстан үшін жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты тарихындағы алғашқы медаль болды.

Жарақат алған қарсыласының орнына финалға өткен

2023 және 2024 жылдары Шайдоров ересектер арасындағы әлем чемпионатында екі рет те 14-орын алды. Сондай-ақ Гран-при кезеңінде алғаш рет жүлдеге қол жеткізіп, Қытайдағы кезеңде қола медаль жеңіп алды. 2024 жылдың қыркүйегінде оның шын мәніндегі серпіліс маусымы басталды.

Алдымен Қытайдағы Гран-при кезеңінде тағы да жүлдегер атанып, бұл жолы күміс медаль еншіледі. Франциядағы кезеңде төртінші орын алып, алғаш рет үштік аксель мен төрттік тулуптан тұратын каскад орындады. Осы нәтижелер оны Гран-при финалына үміткерлер қатарына қосты.

Алайда барлық кезең аяқталған соң Шайдоров рейтингте жетінші орын алып, финалға тікелей өте алмады. Бірақ бірінші қосалқы спортшы ретінде тіркелді. Бұл мүмкіндік іске асып, ол жарақат алған Адам Сяо Хим Фаның орнына финалға өтті.

Осылайша Шайдоров Гран-при финалында өнер көрсеткен алғашқы қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы атанды. Ол финалда бесінші орын алды және әлемдік мәнерлеп сырғанау тарихында алғаш рет үштік аксель – ойлер – төрттік сальхов каскадын орындаған спортшы ретінде есте қалды.

Шайдоровтың үлкен жетістіктері

Гран-при финалынан кейін Шайдоровты маусымдағы үш басты жарыс күтіп тұрды. Ол барлығында да жоғары нәтиже көрсетті.

Алдымен 2025 жылы Азия ойындарында қола жүлде иеленді. Бірнеше аптадан соң Сеулде өткен “Төрт құрлық турнирінде” жеңіске жетті. Осылайша Шайдоров Денис Теннен кейін аталған турнирде топ жарған екінші қазақстандық атанды. Тағы бір сәйкестік – бұл жеңіс Денис Теннің табысынан тура 10 жыл өткен соң және дәл сол қалада тіркелген.

Маусымның көркем нүктесін Шайдоров Бостонда өткен әлем чемпионатында қойды. Тартысты бәсекеде күміс жүлде жеңіп алып, тек америкалық Илья Малининге жол берді.

Айта кетейік, 2022 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында да Шайдоров дәл осы Малининге есе жіберген еді. 2025 жылы әлем чемпионатындағы күміс медаль Қазақстанға биыл өтіп жатқан Олимпиадаға жолдама алып берді. Сол маусымда Шайдоровтың "Кунг-фу панда" кейпіндегі көрсетілім бағдарламасы көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.

Алексей Урмановпен бірге Шайдоров командасында хореограф Иван Ригини маңызды рөл атқарады. Ол италиялық бұрынғы мәнерлеп сырғанаушы.

Олимпиадалық маусымда Қытайдағы Гран-при кезеңінде Шайдоров қола медаль алды. Ал АҚШ-тағы кезеңде күміс жүлде иеленіп, ол Гран-при финалына екінші рет жолдама алды. Финал қорытындысында қазақстандық спортшы алтыншы орынға тұрақтады.

Сонымен қатар, Шайдоров финалға өткен маусымдағы "Дюна" фильміне арналған қысқа бағдарламасын көрсетті. Өзі бұл бағдарламаны жақсы көретінін және оны Олимпиадада да орындайтынын айтқан.

Мәнерлеп сырғанаушының жеке өмірі

Күнделікті өмірде Михаил кино көруді, кинотеатрға барғанды ұнатады. Әртүрлі жанрдағы музыка тыңдайды. Ол Кристофер Нолан мен Квентин Тарантиноның шығармашылығын жоғары бағалайды. Сүйікті фильмдерінің қатарында – “Джанго азат етілді” мен “Дюна”, мафия туралы фильмдер мен “Өкіл әке” бар.

Шайдоров алғашқы Гран-при финалында үштік аксель – ойлер – төрттік сальхов каскадын сәтті орындауына қандай ән әсер еткенін де айтқан. Жарысқа бір күн қалғанда ол Скриптониттің “Рамок нет” әнін тыңдап, дәл сол туынды күрделі элементті орындауға рух бергенін жеткізген. 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 14 Ақпан, 2026 09:50