Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ойын-сауық орталығында үстелдің астынан пара алған Ауылшаруашылығы министрлігінің шенеунігі сотталды

Қостанайда ойын-сауық орталығында пара алғаны үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік тексеру комитетінің бұрынғы төрағасы Дархан Әбдікәрімовқа сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: gov.kz/Видеодан скрин

78 миллион теңгеге пестицидтер (арамшөпті, өсімдік зиянкестері мен індеттерін жоятын химиялық препарат) сатып алуға келісім-шарт жасау үшін мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы ЖШС басшысынан 4 миллион теңге сұраған. Кәсіпкер параның бірінші жартысын шенеунікке өз қызметкері арқылы беріп жіберсе, екінші жартысын Қостанайдағы сауда ойын-сауық орталығында дәмханадағы үстелдің астына жасырып берген.

Шенеуніктің пара алып жатқан сәтінен видеоны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жариялады. Пара берген кәсіпкер де, шенеунік де заң алдында жауап берді. 

Сотталушылардың жеке басын, ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар санатына жататын олардың әрекетінің сипаты мен қоғамға төндіретін қауіп дәрежесін, істің барлық мән-жайын, сондай-ақ 55-баптың 3-бөлігінің талаптарын ескере отырып қылмыстық кодексіне сәйкес сот бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

“Ауыл шаруашылығы министрлігі комитетінің төрағасы Дархан Әбдікәрімов 3 жыл 6 ай мерзімге, кәсіпкер 3 жыл мерзімге бас бостандығынан және өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырыды. Сотталушылар жазасын орташа тәртіптегі түзеу мекемесінде өтейді”, – деп мәлімдеді Қостанай облысытық соты. 



Бұрынғы шенеуніктен тәркіленген 4 миллион теңге де, кейін өндірілген 400 мың теңге де мемлекетке қайтарылды. Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушылардың істеген әрекетіне өкініп, кінәсін мойындауын жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.

Еске салайық, экс-шенеунік шегірткеге қарсы пестицидтерді жеткізу жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алу шарты құнының 5% көлемінде, яғни 4,4 миллион теңге пара алды деп айыпталған еді. 

Талқылау