Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сау болса реанимацияда не істейді": Бес айлық сәбиінен айырылған ана баласының өліміне дәрігерлерді кінәлайды

5 айлық бала қате диагноздан шетінеп кетті

Фото: Нұрәлі Әбутәліп/баланың анасы Ажар Тұрғынбаева

Жамбыл облысының тұрғыны дәрігерлердің салғырттығынан бес айлық баласынан айырылып қалғанын айтып, жанайқайын жеткізді. Әйелдің айтуынша, дәрігерлер сәбиге қате диагноз қойған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметін сілтеме жасап хабарлайды.

Бала жедел бронхит деген диагнозбен бес күн жатқан. Нұрәлі Әбутәліпке екпенің сан түрін салғанымен, ем қонбаған, дене қызуы да бір сәтке түспеген. Алайда дәрігерлер ана мен баланы сол күйі үй жағдайына ем алуға шығарып салған.

“Мен сіздерге сеніп, күттім, балам жазылып кетеді деп үміттендім. Бес күн жаттым. Ертесі баламен тағы келдім. Бала дені сау күйінде шығарылған деп жазып жатырсыздар. Бала дені сау болса реанимацияда не істейді? Айтыңызшы! Неге ескертпейсіздер? Сонда бір ай екі апта не күттіңіздер? Баланың температурасы түсті. Түсіп жазылса мен неге Алматыға барамын. Неге осы жерден Таразға бармаймын? Неге мені апармадыңыздар баламен ертерек? Баламен жібермейсіздер ме?”, – дейді баланың анасы Ажар Тұрғынбаева өксігін баса алмай.

Анасының айтуынша, аудандық ауруханаға қайта-қайта келіп айға жуық жатқанмен кішкентай ұлының жағдайы жақсармаған. Соңында екпе салар жері қалмаған бөпесінің денесі іріңдей бастаған.Амалы таусылған әйел сәбиін Алматыға апарғанда, буыны қатпаған ұлының басқа дертке, асқынған пневмонияға шалдыққанын білген. Бірақ бұл уақытта баланың ауруы асқынып, шетінеп кетті. Осылайша босқа сабылған әйел, қордайлық дәрігерлер баламды өлтірді деп отыр.

Ең сорақысы, адам өлімінен кейін Қордай аудандық полиция бөлімі қылмыстық істі қысқартып жіберген. Төрт ай бұрын болған істі жергілікті полиция қылмыстық құрам жоқ деп тапқан. Алайда денсаулық сақтау басқармасы тағайындаған тексерісте сала мамандарының ағаттық жібергенін анықтаған.

“Негізі кінәліміз. Кінәлі болғанда біздің жұмысымыз ғой. Жұмысымызды тиісті деңгейде атқару керек. Бұл жерде біз ата-анамен түсіндіру тиісті деңгейде жүргізілген жоқ. Балаға қатер төнген кезде ауруханаға оралу керек екенін, басқа қалаға шығу қауіп екенін тиісті деңгейде айтылмаған. Сондықтан барлығымыз жауапқа тартылдық”, – дейді Қордай аудандық ауруханасының бас дәрігері Айдын Байбеков.

Нәрестенің өлімінен соң жеті лауазымды тұлға жауапқа тартылған. Онда да тек сөгіспен құтылған деп отыр Ажар. Ол ендігі жерде істі қысқартқан тергеушінің ісін, қайта қарауды талап етіп отыр. Марқұмның туыстары шағымданған соң прокуратура осы мәселе бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізбек.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 16 Шілде, 2025 09:19
Талқылау