Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маркетплейстерде адамдарды қалай алдайды: Алаяқтардың танымал схемалары мен олардың арбауына түсіп қалмау қағидалары айтылды

Сауда алаңдарының ғаламтор желілерінде қарыштап дамуы тағы бір қауіптің таралуына жол ашады –алаяқтықтарға тап болу тәуекелдігі. Маркетплейстерде саудагерлер мен сатып алушыларға елеулі зиян келтіретін алаяқтықтың әртүрлі түрі үнемі анықталып жатады. Ай сайын болып тұратын жеңілдіктерді асыға күтетін қазақстандықтар үшін де ғаламтордан зат сатып алу үйреншікті әдетке айналғандай. Ал алаяқтардың негізгі әдістерін білу олардың тұзағына түсіп қалмауына көмектеседі.

алаяқтық

Ірі маркетплейстер өз тұтынушыларына қамқорлық жасайды, олар өздерінің мобильді қосымшаларын да, тұтынушылардың жеке шоттарын да қорғайды. Дегенмен бұл шаралар әрқашан тиімді бола бермейді. Себебі қорғаныс күшейген сайын алаяқтардың айласы да арта түсетіні түсінікті. 

Сауда алаңдарындағы алаяқтықтың кең таралған түрлеріне тоқталып сондай-ақ заңгердің көмегімен қаскүнемдердің арбауынан қалай қорғануға болатынын қарастырып көрейік.

Көз қызықтырар ұсыныстар

Әсіресе мерекелер қарсаңында алаяқтар қызықты ұсыныстарды белсенді түрде тарата бастайды. Бағалы затты арзан жеңілдікпен сатып алуға болатын сілтемесі бар хабарламаны электрондық пошта арқылы, әлеуметтік желілер мен жеке мессенджерлер арқылы жіберуге болады. Бірақ мұқият қарасаңыз, хабарламада маркетплейстің нақты мекен-жайынан сәл өзгеше және қосарланған сайтқа апаратын сілтеменің бар екенін аңғаруға болады. Осылайша азамат сол сілтеме арқылы өтетін болса қылмыскерлер сенгіш клиенттерден ақша мен карта деректерін ұрлайтын порталға тап болады.

Егер белгілі маркетплейстен немесе таныс логотиптері бар дүкеннен хабарлама алсаңыз — жіберушіні мұқият тексеріп алған абзал. Барлық таңбалардың дұрыстығына ерекше назар аударыңыз және оларды ұйымның ресми поштасымен салыстырыңыз. Күмән туындаған жағдайда – хатты дереу жойған дұрыс. Бейтаныс адамдар жолдаған сілтеме арқылы өтуге мүлдем болмайды. Қолданбаға немесе дүкеннің ресми сайтына өз бетіңізше кіру қауіпсіз болады – авторизациядан кейін-ақ алдыңыздан қауіпсіз жеңілдіктер шығады.

Қолданушылардың жеке аккаунтарын ұрлау

Мұндай схемаларда ақша немесе пайдаланушылардың банк карталарының деректері ұрланбайды. Мұнда ұрлық объектісі – клиенттің жеке шоты. 

Алаяқтардың айласы былай жүзеге асады: Сіз тауарға тапсырыс беріп, ақысын төлейсіз. Біраз уақыттан кейін "қолдау қызметі" сізге хабарласып, төлем жасалмағанын хабарлайды. Жеке шот деректерін “дұрыс жерде” қайта жазуыңызды өтінеді. Маркетплейске кіру үшін логин мен парольді енгізу қажет сілтеме қайтадан жіберіледі. Осылайша, алаяқтар сіздің сауда алаңындағы жеке аккауынтыңызға қол жеткізеді. 

Әрі қарай керекті деректерді алған алаяқтар сіздің атыңыздан сауда жасап, тіпті тапсырыс берілген заттар бойынша ақшаны қайтару туралы сұрауларды жібереді. Одан сорақысы – сіздің атыңыздан несие рәсімдеуі де бек мүмкін. 

Осы келеңсіздіктердің алдын алу үшін сауда алаңындағы жеке аккаунтыңыздың паролін жүйелі түрде өзгертіңіз немесе онлайн сатып алуларға шағын шектеу қойсаңыз тіпті жақсы болады. Интернеттегі сатып алулар үшін шағын соманы қамтитын жеке картаның болуы пайдалы болар еді. Мұндай жағдай да ұрлатып алсаңыз техникалық қолдау қызметіне хабарласыңыз және тапсырыстардың күшін жою үшін және олар сізді тауарлардан бас тартқаны үшін төлеуге мәжбүрлемеу үшін болған жәйді мұқият түсіндіріңіз. Өтінішіңіз еленбесе, құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.

Саудагер-алаяқтар

Ия, дұрыс оқыдыңыз, мұндай да болады. Алаяқтар танымал сайттарда заңды болып көрінетін дүкендер ашып, тауарларға төмен баға қойып қояды. Бұл әлбетте тұтынушылардың қызығушылығын туғызады. Бұл тез танымалдыққа ие болуға көмектеседі және мұндай дүкен сатып алушылардың көзіне бірінші болып түседі. Сатып алушы тауарды сатып алғаннан кейін алаяқтық схема жұмыс істей бастайды.

Компания ауысты деген желеумен олар клиентке басқа қоймадағы тауарлардың бар екендігі туралы хабарлай отырып, басқа сауда алаңына өтуге болатын екінші сілтеме жолдайды. Олар тіпті адамдардың сеніме ие болу үшін төленген ақшасын қайта жібереді. Осылайша екінші сілтемеде алаяқтар тапсырыс пен жеткізу ақысын төлеу үшін жеке деректерді, электрондық поштаны, мекенжайды және банк картасының нөмірін енгізуді сұрайды. Бірақ соңында сатып алушы тауарсыз қалып ғана қоймай, картадағы ақшасынан да айырылады. 

Мұндай жағдайға тап болмас үшін үнемі қырағы болу қажет. Бұл жерде де мамандар күмәнді сілтемелерді баспауды ұсынады. Сіз сайт өкілдерімен тікелей ресми сайтта немесе арнайы қосымша арқылы ғана байланыса аласыз. Үшінші тараптың мессенджерлеріне немесе әлеуметтік желілерге кіру - алаяқпен кездесу қаупін тудырады.

Әйгілі брендтің көшірмесі

Мұнда барлығы оңай: сатушы белгілі брендті алып, сауда алаңында осы атаумен дүкен ашады. Бірақ сатып алушы соңында тапсырыс берген затынан мүлдем бөлек зат алады. Тапсырыс бергеннен кейін менеджер сатып алушымен байланысып, оны мессенджер арқылы олардың дүкені тек алдын ала төлем негізінде жұмыс істейтініне сендіреді. Ол сатып алғаннан кейін затты тексеріп, көңіліңізден шықпаса қайтарып береміз деп ант-су ішеді.

Алайда, картаға аударымды алған менеджер сізбен қоштасып, мүлдем хабар-ошарсыз кетеді. Әсіресе көптен күткен затыңыз келмей жатқанда сіз алданып қалғаныңызды түсінесіз.

Қосымша табыс табасыз деп сан соқтыратындар

Қазіргі уақыттағы маркетплейстердің танымалдығын ескерсек, адамдар онда жұмыс істеу ұсынысынан күдікті ештеңе көрмей жатады. Дегенмен, ұсынысты ресми веб-сайттан немесе жұмыс іздеуге арналған қосымшадан емес, мессенджердегі хабарлама арқылы келсе, сақтықпен қарағаныңыз дұрыс. Әдетте, жақсы ақша төлеуге уәде беретін жұмысты ұсынғаннан кейін, алаяқтар сізден "депозит" салуды өтініп, веб-сайтқа өтуіңізді сұрайды – ал бұл әлбетте фишингт сайт болады. Сізге ақшаны салған соң 30-дан 70% -ға дейін пайда табатыныңызды айтып, сома неғұрлым көп болса, соғұрлым пайызы да өсетінін айтып қызықтырады. Бірақ мәліметтеріңізді алаяқтармен бөліскеннен кейін олар сіздің ақшаңызға толық қол жеткізетінін естен шығармаңыз.

Осы себепті жұмыс тәжірибесіз жоғары табыс табасыз деген уәделерге сенбеңіз және әлеуметтік желілерде немесе мессенджерлерде жұмыс берушімен байланыспаңыз. Жұмыс орнының толық сипаттамасын талап етіңіз және ең бастысы, тіркелу ақысы немесе сақтандыру ретінде ақша жібермеңіз, тексерілген жұмыс берушілер бұлай әрекет етпейтінін ойда сақтаңыз.

Ғаламторда онлайн сауда жасаудың есте сақталуы тиіс ережелері

- Электрондық құрылғыларды басқа біреудің қолына, соның ішінде балаларыңызға бере салмаңыз;

- Көз қызықтыратын бағаларды жазып қойған сілтемелер арқылы өту – қауіпті. Мұндай мұқият жасалмаған әрекет фишинг сайтқа әкеліп, бүкіл қаржыңызды жоғалтуға тап болғызады;

- Ашық Wi-Fi желілері арқылы онлайн сауда жасауға тыйым салынады. Егер сіз қауіпсіз үй желісі арқылы сатып алмаған болсаңыз, интернетті ұялы желі арқылы пайдаланған дұрыс;

- Тауарларды онлайн төлеу үшін бөлек банк картасы қажет. Бұл жағдайда тек сатып алу сомасын төлемес бұрын ғана картаға ақша аудару керек. Осылай сіз бір жағынан тексере аласыз және екінші жағынан сенімді боласыз.

Қалай сақтанамыз?

Әлбетте, алаяқтық схемалардың барлық түрінен қорғаудың негізгі міндеттері ірі сауда алаңдарының өз мойнында. Дегенмен адамдар қарапайым бірақ маңызды ұсыныстарды орындаса артық болмайды.

Заңгер Бердімұрат Хасенұлы сауда алаңында сауда жасамас бұрын саудагердің нарықтағы беделін тексеріп алуды ұсынады. Сондай-ақ басқа пайдаланушылардың пікірлерімен санасуға шақырады.

“Несиелік карталар немесе сатып алушыны қорғайтын төлем қызметтері сияқты қауіпсіз және бақыланатын төлем әдістерін таңдау керек. Дәстүрлі емес әдістерді қолданатын банктік аударымдарды немесе төлемдерден бойыңызды аулақ ұстаңыз. Қажет болса, қосымша ақпаратты немесе фотосуреттерді сұраңыз.Сатушы қажетті ақпаратты бергісі келмесе, мұнда бірнәрсе шикі деген сөз. Мекенжай немесе қаржылық мәліметтер сияқты жеке ақпаратпен бөліскен кезде сақтық керек. Қызмет көрсету шарттарын және нарық саясаттарымен мұқият танысу қажет. Кез келген күдікті әрекет немесе ықтимал алаяқтық туралы сауда алаңының менеджерлеріне және қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына хабарлаңыз”, – деп ескертеді заңгер.

Ол сонымен қатар егер екінші тарап транзакцияны тез аяқтау үшін жеделдік немесе қысым сезімін тудырып жатса, бірден сатып алуды тоқтату керек екенін жеткізді.

Талқылау