Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сатқым келген киіміме қызығушылық танытты": Ақтөбелік ару хабарландыру қызметі арқылы қалай алданғанын айтып берді

Ақтөбелік Айнаш хабарландыру сервисіндегі алаяқтарға тап болған. Ол қаржы тапшылығына байланысты енді кимейтін киімдерін онлайн хабарландыру сервисіне жариялап, сатуға шығарған. Алаяқтар OLX, Krisha сынды хабарлама сервистерінде саудамен айналысатындарды тауып алып, өзін клиент ретінде таныстырады. Ақырында тауарды аламын, төлем жасаймын деп алдап, карта нөмірін сұрап, ақшасын шешіп алады. Қазіргі таңда мұндай алаяқтық әрекет белең алған. Ақтөбелік тұрғын Stan.kz тілшісіне хабарлама беру сервисі арқылы қаскөйлерге қалай алданғанын айтып берді.

алаяқ

Айнаш – ақтөбелік студент. Айтуынша, cатылымға шығарған киімдері бірден жұртшылықты қызықтыра қоймаған, сол себепті хабарландыру бір-екі аптадай платформада тұрған.

Айнаштың айтуынша, бір күні кешке Whatsapp желісіне хабарландыру бойынша бір адам жазды. Киімді неше рет кигенін, қайдан және қаншаға сатып алғанын, өлшемін сұрап, барынша қызығушылық танытқан.

“Қызығушылық танытқан соң ұнатқанына сенімді болдым. Сатып аламын, мекенжайды айтыңыз деді, сөйтсем, “сіз басқа қаладан екенсіз ғой” деді. Клиент Павлодардамын деді. Соған қарамастан, бір кезде жеткізу қызметі арқылы киімді сатып алуға дайын екенін түсіндірді”, – деді студент.

Белгісіз жан студентке жеткізу қызметі сайтының сілтемесін жіберіп, ақшаны сайт арқылы төлейтінін айтқан.

“Сайт сілтемесін жіберіп, “осыған жеке мәліметтерді толтыру керек, сол кезде сізге ақша түседі. Курьер содан соң киімді алып кетеді” деді. Еш күдіктенбей, сілтемеге өттім. Сайт Қазақстандағы жеткізу қызметі сайтына ұқсайды, сол деп ойладым. Көрсетілген мәліметтердің бәрін жазып шықтым”, – дейді ару.

Ақтөбелік қыз аты-жөні, мекенжайы, байланыс телефоны, карта нөмірі және картаның CVV-нөмірін жазған. Бірақ ешқандай курьерден хабар болмаған. Есесіне бірер сағаттан соң тұрғынның картасындағы қаржы түгелімен жоғалып кетеді.

“Картамда 50 мың теңгедей болған, бір кезде ақшаның бәрі жоғалып кетті. Онлайн-сатылым жүзеге асырылды деп шықты. Сол кезде оңбай алданғанымды ұқтым. 15 минуттай уақыттан соң, алаяқтар тағы да онлайн-сатылым жасамақ болды, сол кезде ғана маған SMS-хат келді. Бірақ картада қаражат жетпеді. Соны түсініп, банкке хабарластым да, шотымды бұғаттадым. Кейін жаңа банк картасын аштырдым”, – дейді Ақтөбе тұрғыны.

Айнаш алаяқтарды таба алмады, өйткені оған жазған қаскөй бірден оның нөмірін бұғаттаған. Әрі алаяқтың кім екенін нақты білмегендіктен, ақпарат жетіспегесін полиция органдарына шағымданбаған.

Студент қыз бұл жағдайдан сабақ алғанын айтады. Енді жеке мәліметтерін белгісіз жандарға хабарламак керек екенін түсінген.

“Бұл оқиғаға дейін де айналамдағылар “ЖСН нөміріңді, телефонға код келгенде, оны айтпа, біреу атыңнан несие рәсімдеуі мүмкін” деп айтатын. Бірақ картаның CVV нөмірі арқылы төлем жасауға болатынын білмегем. Осы жағдайдан кейін әр нәрсеге сақтықпен қарайтын болдым”, – деді ол.

Алаяқтарға алданған ол бейтаныс жандарға жеке деректерді жарияламауға кеңес берді.

Талқылау