Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Пайдасыз темірге айналды": Қазақстандық әйел OLX арқылы телефон сатамын деп алаяққа алданып қалды

Қазақстандық Әлия Мамедова OLX арқылы iPhone 14 Pro-ны сатуға қойған. Бір әйел телефонды алу үшін хабарласып, бірақ iCloud аккаунтының барлық құрылғыларда жұмыс істемейтінін айтып, өзінің логині мен құпиясөзін смартфонға енгізіп көруді өтінеді. Сатушы ешнәрседен күдіктенбей, оның деректерін енгізеді. Бірақ артынан сатып алушы әйел телефонды бұғаттап тастайтынын айтып, жаңа құпиясөзді алу үшін ақша талап етеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: depositphotos.com

Әлия Мамедова жаңа iPhone 16 сатып алып, ескі iPhone 14 Pro-ны OLX-ке сатуға қойған. Ол телефонын зауыттық параметрлерге қайта орнатып, iCloud-тан шыққан. 

"20 минуттан кейін бір әйел жазды, телефон туралы барлық мәліметті сұрап, бір мәселе барын айтты: оның iCloud-ы барлық телефонға жарамайды екен. Ол телефоныма сәйкес келетінін тексеруімді өтінді. Егер барлығы дұрыс болса, бірден сатып алатынын айтты. Кейін ешнәрседен күдіктенбей, сеніп қалдым. Ол маған өз iCloud логині мен құпиясөзін жіберді", – деді Әлия Мамедова.

Сатушының сөзінше, өзінің ескі телефоны арқылы бөгде әйелдің аккаунтына кіріп көрген. Бастапқыда бәрі дұрыс жұмыс істеп тұрған. 

"Әйелге iCloud ашылғанын жазып, скриншот жібердім. Сол сәтте ол iCloud-тың құпиясөзін өзгертіп, мені бопсалай бастады. "Жаңа құпиясөзді сатып алмасаң, телефоның жай ғана пайдасыз темірге айналады" деді. Алаяқтар өте көп екенін білетінмін. Бірақ мұндай алаяқтық туралы алғаш рет естіп тұрмын", – деп таңданды Әлия Мамедова.

Әлия Мамедованың айтуынша, ақыр соңында телефоны бұғатталып қалған. Apple қолдау қызметі арқылы күту ұзақ уақыт алатындықтан, ол шебер тауып, құрылғыны бұғаттан шығарған. Дегенмен бұл қызмет үшін 60 000 теңге төлеуге тура келген.

Жазбаның астына тағы бір желі өолданушысы 7 жыл бұрын дәл осындай жағдайға тап болғанын және Apple компаниясының қызметкерлері көмектескенін атап өтті.

"Мұндай жағдай басымнан 7 жыл бұрын өтті. Бірден Apple-ге қоңырау шала бастадым. Ол кезде Ресейде ресми өкілдері бар еді. Компания мені Чехиядағы бөлімге байланыстырды, кейін Америкаға бағыттады. Телефонның шынымен өзіме тиесілі екенін дәлелдеп, сатып алу түбіртектерін жібердім. Өтінішімді шамамен екі апта қарастырды, соңында телефонымды бұғаттан шығарып берді. Ешкімге ақша төлемедім, тек әртүрлі елдердегі Apple қызметкерлерімен сөйлесу үшін біраз ақша жұмсадым. Бірақ есесіне ағылшыншам жақсарды", – деді оқырман.

Тағы бір пайдаланушы да дәл осындай алдаудың құрбаны болған. Алайда ол ешкімге ақша аудармаған, өйткені ешқандай кепілдік болмаған. Қазақстандағы Apple өкілдігі бұл мәселеде көмек көрсете алмаған. Алайда АҚШ-қа іссапар барысында жергілікті Apple қызметкерлері бар болғаны 10 минутта ешқандай құжатсыз-ақ телефонын бұғаттан шығарып берген. 

 "2024 жылдың маусымында мен де алаяқтарға алданып қалдым. Бірақ шүкір, менде қорабы мен түбіртегі бар еді. Олар мені бопсалай бастады, ал келесі күні телефонды бұғаттап тастады. Мен бірден қолдау қызметіне қоңырау шалып, болған жағдайды түсіндірдім. Олар IMEI кодын сұрап, түбіртектің фотосын поштасына жіберуімді өтінді. Бір аптадан кейін телефонымды бұғаттан шығарып берді. Егер сізде қорап пен ресми түбіртек болса, алаңдамаңыз, қолдау қызметі телефоныңызды оңай ашып береді", – деді басқа желі қолданушысы.



Еске салайық, бұған дейін алматылық Әйгерім Раметова OLX арқылы телефон сатпақ болғанда алаяқтардың құрбанына айналғанын жазған едік. Әйгерім алғашқыда Ақтөбеден хабарласқан бір қыздың сұранысынан күдіктеніп, келісуден бас тартты. Кейін WhatsApp арқылы баласымен түскен суреті бар тағы бір қыз сеніміне кіріп, iCloud мәліметтерін сұратқан. Әйгерім оның айтқанын орындаған соң, телефоны бұғатталып, алаяқ 50 мың теңге талап еткен.

Apple өкілдігі фискалды чек сұрағандықтан көмектесе алмады. Жөндеу қызметіне жүгінгенімен, кепілдік болмаған соң, Әйгерім телефонын 3 есе төмен бағамен сатуға мәжбүр болды. Кейін OLX алаяқтардан сақтану жөнінде ескерту хабарлама жіберген, алайда бұл ақпарат тым кеш жеткен еді.

Талқылау