Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сartier білезігін сыйлап, кейін ұрлады деп жала жапты": Лондонда отандасымыздың қол астында еңбек құлдығында болған алматылық оқиғасын бөлісті

28 жастағы қазақстандық Лондонда отандасымыздың қол астында еңбек құлдығында болғанын айтып, шағымданды. Ол 19 жасында оқуының ақысын төлеу үшін жұмыс іздеген екен. Алайда тапқан арманындағы жұмысы кейін керісінше бойжеткеннің қорқынышына айналған. Себебі құжатын алып, шамадан тыс жұмсап, қалдық тамақтар беріп, жалақы төлемеген жұмыс берушісі кейін оның үстінен “қымбат заттарымды ұрлады” деп арыз жазған. Жәбірленуші Stan.kz тілшісіне басынан өткен оқиғасын айтып берді. 

Фотоны жәбірленуші редакциямызға жіберді

Майра (жәбірленушінің аты өзгерген) редакциямызға кейінгі кездері Лондонда біраз қазақстандықты үй шаруасымен айналысуға жұмысқа алып, кейін жалақыларын төлемеген әйел туралы жақсы білетінін айтты. 

“Қазір Илона Чимбулатоваға қарсы көптеген шағымдарды естіп жатырмын. Мен де оқиғамды бөліскім келеді. Осы адамнан мен де зардап шектім. Ол кезде жасым 19-да еді. 2015 жылдары оқуға түсіп, Ташкенттен Алматыға көшіп келдім. ҚАЗҰУ-да оқып жүрген кезім. Оқу ақысын төлеу үшін жұмыс іздей бастадым. Сөйтіп интернеттен хабарландыру көрдім. Ол жерде жұмыс 8:00-ден 19:00-ге дейін екені жазылған. Ал айлығы 300 мың теңге болды. Бұл – ол кезде өте көп ақша. Осылайша жұмыс беруші әйелдің Алматыдағы үйіне бардым”, – деді ол. 

Майра жұмысқа орналасқанымен, екі аптадан кейін жұмыс беруші әйелдің оғаш қарым-қатынасын байқай бастаған.

“Ол кезде жас болғандықтан көп жағдайда бәрін ішімде сақтап, айтқандарын орындап үндемей жүре беретінмін. Осылайша үшінші аптаға таяғанда кеткім келіп жүргенін айта бастадым. Алайда сол кезде ол менің өздеріне ұнайтынымды, өте жақсы екенімді айтып, шетелге Лондонға өздерімен бірге баруымды өтінді. Тіпті маған қымбат cartier білезігін сыйға тартып, кейін шетел көрсететіндерін айтып, мені көндірді. Паспортымды алып алды. Билет алып Лондонға ұшып кеттік. Алғашқы аванс ретінде 20 мың теңге ғана берді”, – деп қосты ол.

Шетел көремін деген үмітпен жұмысқа келіскен бойжеткеннің қуанышы ұзаққа созылмапты. 

“Өмірімде бірінші рет шетелге шығып тұрғандықтан Лондонға алғаш келгенде қатты қуандым. Айналама қарап мәз болдым. Алайда кейінірек үй жұмысына құл сияқты жұмсаған сәтте баратын жерімнің жоқ екенін ұқтым. Ағылшын тілін де білмегендіктен шарасыз қалдым. Тек елге қашан қайтар екенбіз деп күтуден басқа амалым қалмады. Мұнда маған мүлдем жағдай жасалмады. Бірнеше күннен қалып кеткен тамақ, қатқан нанды ғана беретін. Жұмысты үйіп-төгіп тапсырғанымен жалақыны бермейтін. Осы әйелдің кесірінен көп жыладым. Оң-солын енді танып келе жатқан 19 жастағы маған көніп жүруден басқа амал болмады”, – деді Майра. 

Фотоны жәбірленуші редакциямызға жіберді

Құжаттарын қожайыны алып қойғандықтан ару жарты жылға жуық уақытын Лондонда азаппен өткізген.

“Басында менің жұмыс міндетіме бала қарау кірмеген еді. Алайда Лондонға барған кезде баланы да қарап, үй шаруасымен де айналыстым. Ол кезде кіші баласы 2 жаста еді. Оның күтушісі де болдым. Жұмыс көп болса да, мүлдем жағдай болмады. Бұл қиындықтан қашан құтыламын деп жүріп, арада 5-6 ай өткен соң әйтеуір Қазақстанға оралатынымызды естідім”, – деді ол.

Майраға елге келгеннен кейін де құжаттарын қайтару үшін тағы бір апта Алматыдағы үйінде қызмет етуге тура келген.

“Күйеуін күтіп тағы бір апта шыдадым. Ол келген соң шындықты айтып, әйелінің құжаттарымды бермей жүргенін жеткіздім. Тіпті жалынып қайтаруын сұрадым. Алайда осыдан кейін Илона күйеуімен мені мүлде сөйлестірмей қойды. Ол үйден кетіп қалдым. Полицияға барып арыз жазып едім, олар бұл әйелдің үстінен мұндай шағымдардың өте көп екенін және ештеңе істей алмайтынын жеткізді. Қызықтың бәрі осыдан кейін басталды. Ол полицияға менің үстімнен “қымбат білезік, заттарымды ұрлады” деп арыз жазыпты. Мұнымен мені қорқытқысы келген шығар. Білезікті өзі сыйлаған еді. Кейін құқық қорғаушылар мені өтірік детекторынан өткізді. Ол жерде мен өзімді ақтап шықтым”, – деді ол.

Майра ақырында құжаттарын да, төленуге тиіс болған жалақысын да қайтара алмаған. 

“Өмірде осынша сорақылық көремін деп ойламаппын. Неліктен осынша жылдан кейін мұны айтып отыр демеңіздер. Менен кейін де қаншама адамның осылай қиналғанын естіп жатырмын. Тіпті қазір де көптеген адам бұл әйелден жалақыларын ала алмай отыр екен. Барлық дәлел дәйектерге дейін бар. Егер сотқа берер болса, барып куәлік етуге де дайынмын. Қаншама адамның көз жасына қалып, еңбегін жеген. Мен де сол бір жәбір көргендердің қатарындамын”, – деп қорытты ол. 

Еске салсақ, Ұлыбританияға жұмысқа кеткен қазақстандықтар үйіне қызметке шақырған отандасымыздың әрекетіне шағымданғанын хабарлаған едік. Айтуларынша, ол бірнеше қазақстандыққа тамақ қалдықтарын беріп, құл сияқты жұмсаған. 

Талқылау