Сарапшылар базардағы қымбатшылықтың себебін түсіндірді
Отандық өнімдер азық-түлік нарығының тек 60 пайызын ғана беріп келеді. Қалған бөлігі импорттық тауарларға тәуелді. Ал импорт шетел ақшасымен есептеледі, деп хабарлайды КТК.
Сондықтан баға ешқашан тұрақты болмайды. Оның үстіне, бізде шикізатты дайын өнім ретінде саудаға шығаратын жүйе қалыптаспаған. Базарлардағы көкөністердің қымбаттауын экономика сарапшылары осылай түсідіреді. Қияр мен қызанақтың, картоп пен жұмыртқаның құны шарықтап кетуіне тағы не себеп?
Күз басталғалы ел іші көкөністің қымбаттауынан көз ашпай келеді. Қияр мен қызанақтың маусымы өткен соң, саудагерлер қолайлы бағасын қойып алған. Жиын-терім бітпей тұрып 80-90-нан сатылған картоп құны өткен айда 120, 130-ға дейін барған еді. Көкөніс тапшылығын қатты сезінетін батыс өңірлер бағаны тіптен шарықтататынын ашық мойындап отыр. Оның үстіне, біздегі жыл сайынғы жалақыны өсіру әдісі де жарамай қалды.
“һӨйткені, орташа жалақы көлемі бүгінде 148 мың теңге. Бұл өткен тоқсан тұрмақ, өткен жылдың төртінші тоқсанымен салыстырғанда әлдеқайда аз. Ал сол табыстың тауар сатып алу мүмкіндігі биыл үш тоқсан қатарынан төмендеп келеді.
Себебі, жалпы баға нарығы 7,1 пайызға көтерілген. Азық-түліктен ешкім жұтап отырмаса да бағын ауыздықтаудың әлі күнге жолы табылмай келеді. Оның бірнеше себебі де бар. Ең басты мәселе өз нарығымызға отандық өнім жетіспейді.
“Өз өнімдеріміз ішкі нарықтың 60 пайызын ғана бере алады. Ішкі сұраныс негізінен импорттың арқасында толықтырылып келеді. Біз өз-өзімізді азық-түлікпен толық қамтамасыз етпейінше, баға нарығы шетел ақшаларының құнына тәуелді болып қала береді”, – дейді экономика сарапшысы Меруерт Махмұтова.
Яғни, тауар құны тұрақтамайды деген сөз. Қарапайым картоп егетін шаруа қежетті техникасы мен тыңайтқыштарын сырттан сатып алған соң, мың жерден отандық өнім болса да бағасы ушығып шыға келеді. Тауар құнының құбылмалы болуының тағы бір себебі бар.
“Біздің ауыл шаруашылығында бүкіл жинаған өнім болсын, еккен егін болсын, оларды қоймаларда сақтау немесе олардан таза өнім жасау процесі әлі толыққанды жүйеге жетпеген. Сондықтан, тек шикізат күйінде, құр тауар күйінде сатып отырғаннан кейін олардың бағасы тұрақсыз болып келеді”, – дейді экономика сарапшысы Мақсат Сералы.
Осы орайда, елді қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін құрылған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының не бітіріп жатқаны беймәлім. Мәселен, Алматы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы баға нарығына қатысты пікір білдіруден мүлдем бас тартты.
Тағы да оқыңыз:
Семейде 45 жастағы азамат пойыз келе жатқанда әдейілеп рельске басын қойған
Латын әліпбиі жаппай енгізілмес бұрын мектептерде сынақтан өткізіледі
ХҚКО қызметкері азаматтарға қатысты құпия құжаттарды банктегі танысының өтінішімен алғанын мойындады