Сарапшылар қазақстандықтар ауылға қарағанда қалада ұзақ өмір сүретінін мәлімдеді
Ғалымдар кейінгі екі ғасырда әлемде өмір сүру ұзақтығының артуы байқалды, бірақ қазір бұл көрсеткіш бәсеңдеп келе жатқанын айтты. Ал Қазақстан, керісінше, бұл көрсеткіштер бойынша өз рекордын жаңартып, еуропалық ұзақ өмір сүру деңгейіне жақындауға ниетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: shutterstock
Мәліметтерге сенсек, 1950 жылдары Қазақстанда болжанған өмір сүру ұзақтығы небәрі 55 жыл болған. Ал былтыр елдегі бұл көрсеткіш 75 жылға жетіп, кейінгі 25 жылдағы ең жоғары деңгейге шықты.
"Ең сапалы өмір сүру ұзақтығы Алматы және Астана өңірлерінде байқалады. Ең төменгі көрсеткіштер Ұлытау және Шығыс Қазақстан өңірлерінде. Бұл көрсеткіш қалалық және ауылдық жерлерде де ерекшеленеді. Қалалық жерде жоғары", – деді ұлттық статистика бюросының сарапшысы Бибігүл Мирасбек.
Қазақстанда әйелдер ерлерге қарағанда орта есеппен 8 жыл ұзақ өмір сүреді. Сарапшылар бұл жағдайды тек ауыр жұмысқа ғана емес, сондай-ақ ерлер арасындағы темекі шегу мен алкогольге әуестікпен де байланыстырады. Қазір Алматы мен Астанадағы өмір сүру ұзақтығы Еуропа елдерімен теңесіп, шамамен 78 жыл болды. Жалпы, ел бойынша бұл көрсеткіштер Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан жоғары.
"Біз 6-7 жылда еуропалық деңгейге шығамыз. Қазақстанның барлық тұрғыны Алматы мен Астананың деңгейіне жетуі керек, бұл өте нақты мақсат. Қалыпты санитария болуы керек, медициналық қызмет көрсету сапасы жақсаруы қажет. Балалар ауырмауға тиіс, жол-көлік оқиғалары азайғаны жөн", – деді "САНДЖ" зерттеу орталығының жетекшісі Жанар Жандосова.
Сарапшылардың айтуынша, ұзақ өмір сүрудің құпиялары қарапайым. Ал жапониялықтар белсенді өмір салты, дұрыс тамақтануға тырысады. Сондай-ақ зейнетке шыққаннан кейін де қоғам үшін маңызды екеніңді сезінуге ықпал етеді.
"Бізге ең алдымен қарттық туралы менталитетімізді өзгерту керек және осы менталитетпен жұмыс істеу қажет. Ертеректе атқа мініп, жайлауда өмір сүрген парадигмадан алыстауымыз керек. Қазіргі заман басқа, 60 жастан кейін өмір сүру үшін соншалықты физикалық белсенділік қажет емес", – деді әйелдер, отбасы және демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Тоғжан Қожалы.
Сонымен қатар әлемде молекулярлық-генетикалық зерттеулер қарқынды жүргізілді. Былай айтқанда, ғалымдар белгілі бір ауруларға жауапты гендерді қосу немесе өшіруді үйреніп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 100 жасаған және одан да жоғары жастағы 423 азамат бар екенін жазған едік. Жасы ең үлкен қария Ұлытау облысында тұрады. Ақ жаулықты әжеміз биыл 114 жасқа толған туған күнін атап өтіпті. Ең көп өмір сүретін қариялар еліміздің оңтүстік өңірінде көбірек. Мәселен, Түркістан облысында 100 және одан үлкен жастағы 64 адам бар. Ұзақ өмір сүрушілер саны бойынша екінші орында – Алматы. Қазір Алматы қаласында 100 жастан асқан 48 адам тұрады.