SAQ офицері төтенше жағдайлар кезінде оқушыларға қалай көмектеседі?
Оқыс оқиғалар, жазатайым жағдайларды айтпағанда, төтенше жағдай, техногендік апаттар басталғанда алаңсыз сабақта отырған оқушы абдырап қалмай, қауіпсіз орынды қалай таңдап үлгермек? Мәселен, өрт шыққан жағдайда адам сол ғимараттан стандарт бойынша кемі 6 минутта шығып үлгеруі тиіс болса, мектеп баласы осыған дайын ба?
Әлбетте, өмірлік маңызы бұл сауалдар қай кезде де өзекті. Мәселен, жер сілкінісі кезінде адамдар көбінесе зілзаланың өзінен емес, оның салдарынан көз жұмып жатады. Себебі төтенше оқиғалар біздің елімізді де айналып өтіп жатқан жоқ. Мысалды алыстан іздемей-ақ, Алматыдағы өзендерді арнасынан шығарған су тасқындары мен жер сілкінісін айтуға болады.
Сондықтан өткен жылдан бері елімізде SAQ жобасы қолға алынып, SAQ офицерлері дайындала бастады. Дегенмен, Қазақстандағы бұрынғы бағдарламалармен салыстырғанда бұл бастаманың қандай айырмашылығы бар деген сауалдың да туындайтыны заңды.
Мысалы, "Қауіпсіз мектеп", "Көмек" сияқты министрліктердің немесе аймақтық бағдарламалар – көбінесе бейнебақылау орнату, мектеп аумағын күзету, киберқауіпсіздікке мән берсе, ТЖ министрлігінің оқу-жаттығулары – бір реттік эвакуация жаттығулары, өрт дабылы немесе жер сілкінісі кезінде қауіпсіз жерге көшіру сценарийлерінен өрбитіні белгілі.
Біз сөзбен айтқанда, бұрынғы жобалар инфрақұрылымға, яки формалды эвакуацияға басымдық берсе, SAQ жобасы жүйелі түрде мұғалімдерден "Қауіпсіздік офицері" ретінде дайындайтындықтан, олар тек жәй жаттығулар ғана өткізіп қана қоймайды, балаларға қауіпсіз мінез-құлықты күнделікті үйрететін білім мекемесіндегі жауапты тұлғаға айналады.
Халықаралық тәжірибелермен салыстырғанда да айырмашылығы сонда, SAQ халықаралық стандарттарды нақты мектептерге бейімдеп оқыту, сертификаттауға қоса практикамен бекіту арқылы іске асады. Демек, бұл тек қағаз жүзіндегі емес, нақты тренингтерге қоса, тәжірибелік жаттығулар мен сертификация жүйесі.
Сонымен жоба тұсауын кескен кезде Абай, Атырау және Қостанай облыстарынан мұғалімдер қатысып, пилоттық оқытудан өткен болатын. Оған қоса биыл сәуір айында Астана қаласында кезекті сабақтарын өткізсе, жоба 12-15 тамыз аралығында Алматыда жалғасын тапты.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мақұлдауымен, бизнес (Chevron), ҮЕҰ (Caravan of Knowledge) мен Ұлттық волонтерлар желісі қолға алған жобаны қазақ тілінде жүргізіп отырған Александра Крашинина: "Мұндай дәрістер бұрын тек оқушыларға арналса, алдыңғы жылдан бері SAQ офицері жобасы пайда болып, екі форматта жұмысын бастады. Бастапқыда онлайн форматта еліміздің барлық өңірлері мен республикалық маңызы бар қалаларындағы 48 мектептен 182 мұғалім қатысып, олар 22 мыңдай оқушыны оқытқан еді. Ал офлайн бағытта да мұғалімдер даярланды. Биыл офлайн түрде облыстардан келген мұғалімдермен жұмыс істеуге көштік. Тренингке қатысушылар маған ұнады және өте белсенді, кәдімгідей қызығушылық танытып отыр. Атырау, Абай, Қостанай, Жетісу өңірлері мен Алматы қаласынан мұғалімдер келді. Мені қуантатыны қазақ тобының қарасы көбірек және олар бұған дейін мектептердегі қауіпсіздік мәдениетін қалыптасыру жөнінен хабардар. Осы үш күндік бағдарламадан кейін мұғалімдер емтихан тапсырып, одан өтсе, жобаның екінші сатысына өтіп, тәжірибе жүзінде алған білімдерін тарату құқығына ие болады. Екінші сатыдан сәтті өткен мұғалімдер екінші сертификатқа – “SAQ офицері” деген мәртебеге ие болады. Олар әріптестерін де оқыта алады, өз мектебінің қауіпсіздік жоспарын жасап, картасын сызады. Эвакуациялық оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізеді”, – дейді.
Сарапшы Александра Крашинина өз ұсынысы бойынша осы курстарға инклюзияның да қосылғанын қуана, марқая отырып жеткізді.
“Caravan of Knowledge” корпоративтік қорының басқарушы директоры Дарын Сайынов: “Қазіргі кезде SAQ бағдарламасы пилоттық режимде сынақтан өтіп жатыр. Біз оны мектеп бағдарламасына жеке пән ретінде емес, бар пәндерге – мысалы, “Жаһандық құзыреттер”, Алғашқы әскери және технологиялық дайындық, Сынып сағаттарымен біріктіру жолын таңдадық. Бұл тәсіл оқу процесіне ауыртпалық салмай, қауіпсіздік тақырыптарын үйлесімді енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұғалімдерде авторлық элективті бағдарламалар жасау құқығы бар. Оған қоса 11 педагог өз пәнінен қауіпсіздікпен байланысты курс әзірлеп жатыр. Бағдарламаның артықшылығы – әрбір мектептің өзіндік нақты өзгерістермен өлшенеді. Мысалы, бір мектепте волонтерлік оқушылар тобы құрылып, қауіпсіздік бойынша ақпараттық жұмыстар жүргізді.
Chevron компаниясының демеушілігінің арқасында жоба аясындағы оқу әдістемелік құралдардың, материалдардың бәрі тегін. Арнайы әзірленген 200 беттік пайдалы нұсқаулыққа, сынып сағаттарына арналған презентациялар, қажетті құжаттар, тиісті заңдар, кестелер мен пайдалы кеңестер еңгізілген", – дейді.
Жалпы SAQ жобасы қауіпсіздік мәселесінде әдістемелік арқау бола алатындығын атап өту керек. Мысалы, жобаға Қостанай облысынан құлшына қосылған Ерасыл Қазыбаев Заречный селосындағы жалпы білім беретін №1 мектепте жұмыс істейді. Айтқандай, ол SAQ-2024 пилоттық жобасының сертификатын алғашқылардың бірі болып алған. Кейін мектепте бірқатар іс-шаралар өткізіп, нәтижесінде екінші сертификатқа ие болып, SAQ офицері атанған. Ерасылдың мұрындық болуымен мектепте волонтерлік отряд ашылып, Ұлттық волонтерлік желімен меморандумға қол қойылды. Бұл мәміле оқушыларды волонтерлікке тегін оқытуға мүмкіндік берді. Бүгінде жоғары сынып оқушылары кіші сыныптағы балаларға сабақ өткізіп, квест-ойындар мен ашық сабақтар ұйымдастырады. Жазғы лагерьлерде Қостанай облысының ТЖД-мен бірлесіп эвакуациялық жаттығулар, достық матчтар, өрт қауіпсіздігі мен басқа да төтенше жағдайларға арналған командалық ойындар өткізіліп жатыр екен.
"Жобаға дейін біз осындай сабақтар өткізетінбіз, – дейді Ерасыл. – Бірақ оқудан кейін көзіміз ашылғандай болды. Ғимараттан эвакуациялану кезінде, мысалы, дұрыс әрекет етудің нақты алгоритмдері бар екен. Көктемде республикалық бірыңғай эвакуация сағаты өтті. Басқа мектептердің бейнематериалдарын қарағанда кейбір қателіктерді байқадық. Zoom-конференция кезінде біз өз нәтижемізді баяндадық. Қазір біздің оқушылар төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керегін жатқа біледі".
Оған қоса Ерасыл облыс бойынша координаторлар конкурсына резюме жолдаған және қазір нәтижесін күтіп жүр. "SAQ жобасы бізге әдістемелік негіз берді. Бұл – дайын бағыт, ең бастысы оны дұрыс жүзеге асыру маңызды. Біз қазір Қостанай облысының ТЖД-мен белсенді жұмыс істейміз. 15 тамыздан 15 қыркүйекке дейін өрт қауіпсіздігі айлығы өтеді. Біз көпбалалы отбасыларға барып, оларды өрт қауіпсіздігі ережелеріне үйретеміз. Былтырғы қараша айында Қостанай облысынан "Элективті курстардың үздік тәжірибелері" байқауына қатысып, көптеген қатысушыларымыз жеңіске жетіп, өз жобаларын жүзеге асыруға жол ашатын гранттар алды", – дейді SAQ офицері.
Жобаның биылғы қатысушыларының бірі Алматыдағы №81мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Дилара Әлпенова расында да бұл жобаның тәжірибе жүзіндегі сабақтары көбірек, пікір алмасулар қызықты өтіп жатқанын айтады.
Ұлттық волонтерлар желісінің атқарушы директоры Татьяна Миронюк: "Былтыр қанатқақты жоба ретінде басталған SAQ офицері биыл жұмысына кірісті. Ал балаларды табиғи апаттардан қалай аман қалуға болатынына үйрету бітпейтін үдеріс болғандықтан, біздің команда бүкіл елдің барлық түкпір-түкпіріндегі барлық мектепті түгел қамти алмайды. Бірақ, біздің жолымыз болды. Chevron компаниясы Ұлттық волонтерлар желісін өзінің ресми серіктесі Caravan of Knowledge біріктіруге қол жеткізіп, бағдарламаны әзірлеу барысында назарымызды мұғалімдерге аударуға шешім қабылдадық. Биыл алты аймақты оқытуды көздеп отырмыз. Өзіміз әзірлеген оқу әдістемелік құралы бар. Жоба пилоттық түрде сынақтан өткеннен кейін ҚР оқу-ағарту министрлігінің келісімімен мектептерге кіріктіріліп жатыр.
Қазір біз дайындап жатқан SAQ офицерлері мектептердің қорғаны әрі кеңесшісі де бола алады. Аймақтардан төрт күндік курстан өтіп жатқан қатысушылар шын мәнінде, толыққанды қауіпсіздік қалқанына айналу үшін практикалық машықтан, дағдылардан да өтуі тиіс. Өз мектептерінде жоспар құрып, белгілі бір көлемде іс жүзіндегі жаттығулар ұйымдастырады. Яғни, бұл саты-сатыдан тұратын кешенді жүйе. Меніңше, әлеуметтік жобалар – қандай да бір жүйе тиімді жұмыс істеп кетуі үшін оның іргетасы бола алуы тиіс", – дейді.
Қорыта айтқанда, ең бастысы бұл жобада әлеуеті жоғары әріптестер күш біріктіргені қуантады.
Әйтпесе, көптеген пайдалы әрі келешегі бар бастамалар авторларына қаражат жеткіліксіз және қолдайтын демеушілер табылмағандықтан жүзеге аспай жатады. Ал бұл мәселеде SAQ жобасының жолы болып, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мен Chevron компаниясы қолдау танытып отыр.
Осы орайда "Ұлттық волонтерлік желісі" ЗТБ атқарушы директоры Татьяна Миронюк: "Корпоративтік Caravan of Knowledge қорымен күш біріктіру идеясының өзі сәтті болды. Ал Chevron компаниясының қолдауының арқасында біз жобаны офлайн форматта жүзеге асыра алдық. Бүгінде біз құтқарушыларға теңестірілетін қосымша волонтерлік мобильді топтарды енгізіп жатырмыз", деп сөзін қорытындылады.

Жаңа оқу жылында бір оқушыны мектепке дайындау қанша тұрады: Ата-аналар шығындарын бөлісті
