Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Kcell ұсынған 5G алматылық геймерлердің ойынын жаңа деңгейге көтерді

Алматыда 16 қыркүйек күні Пикник by Partners ойын-сауық іс-шарасында кибер-шатыр құрылып, ең үздік киберспортшылар бақ сынасты. Алты адам бақ сынаған финалдық кезеңді сауық құру кешіне келген барша алматылықтар тамашалады. Ойыншылар 5G-дің көмегімен маңызды турнирде өз дағдылары мен дайындықтарын толық көрсете алды. Геймерлер турнир барысында 5G желісінен алған әсерлерін Stan.kz тілшісіне айтып, оның киберспортқа тигізер пайдасын пайымдады. Олардың сөзінше, жаңа желі ойын сапасына оң ықпал етіп, кідірістер мен ақаулардың алдын алды.

Кибер-шатыр заманауи спорттың өкілдерін тоғыстырып қана қоймай, әуесқой көрермендерге де FIFA, Mortal Kombat, UFC сынды ойын түрлерімен көңіл көтеріп, өзара тартысуға мүмкіндік берді. Ойыншыларға жоғары жымдамдықтағы 5G желісін Kcell ұсынған.

Қазіргі таңдағы Z-ұрпағының қажеттілігіне айналған 5G желісі сапасымен озық әрі жүйрік. Соның арқасында ойындар тез жүктеліп, виртуалды әлемге тезірек енуге көмектеседі. Мұны заманауи шатырда бақ сынасқан киберспорт майталмандары да растады.

Турнирдің финалисі, симрейсер Азамат Майғариннің айтуынша, 5G желісі ойын сапасын жақсартты. Ол бірнеше миллисекундтың өзі ойын тағдырын шешіп, жеңіске немесе жеңіліске әсер ететінін атап өтті.

Киберойыншы Азамат Майғарин

“Интернеттің тұрақтылығы компьютер ойындарында өте маңызды. Бүгін 5G ойындағы кідірістер мен қатып қалудың алдын алды. Кейде интернеттің сапасыздығынан айналма жолдан өту барысында тапсырмалар дұрыс орындалмауы мүмкін, ойын кезінде интернет немесе ойын қатып қалса, уақыт бойынша басқалардан кешігіп, жеңіліп қаласың”, – деді Майғарин.

“5G желісі халықаралық турнирлердің қашықтан өтуіне мүмкіндік береді”

Екінші финалист, геймер Евгений Чуматиди 5G-дің көмегімен киберспорт жаңа деңгейге көтерілетінін айтты. 

“Бүгінгі 5G желісі турнирдің сәтті өтуіне үлес қосып жатыр. Ал 5G барлық жерде қамтамасыз етілсе, турнирлерді қашықтан өткізу мүмкін болар еді. Себебі әр ойыншының өз икемі, өз ыңғайы бар. Оның жаңа компьютерге немесе басқа технологиялық құрылғылар мен жабдықтарға үйреуіне де уақыт керек. Егер геймер өзінің күнделікті орнында тайталасқа түссе, өзін жақсырақ көрсете алады. Сондай-ақ әртүрлі қаланың, тіпті елдің ойыншыларының басын қосу да жеңілдей түседі. Халықаралық деңгейдегі киберспортшылармен танысып, олардан тәлім алу мүмкіндігі туады, тәжірибе алмаса аламыз. Көрермендер тікелей эфирде кибержарыстарды тамашалап, ойыншылармен бірге барлық толғанысты бірге сезінеді”, – деді симрейсер. 

“5G желісі Қазақстандағы киберспортты жаңа деңгейге шарықтатады”

Көлік жарысында бақ сынайтын тағы бір киберойыншы Эмир Егінжановтың айтуынша, жоғары жылдамдықтағы жаңа желі VR-әлемге толық енуге ықпал етті. Соның арқасында киберспортқа қызығушылық артып, аудиториясы кеңейеді.

Киберойыншы Эмир Егінжанов және Евгений Чуматиди

“Қазіргі таңда киберспортты жай ғана ойын деп қабылдайтындар көп. Бірақ 5G-дің әлеуеті бұл да стратегияны талап ететін спорт екенін көрсете алды. Жаңа желі AR/ VR базасындағы ойындарды дамытып, IoT интеграциясын жеңілдете түседі. Мысалы, арнайы құрылғылар, сенсорлы бас киім мен киімдер ойыншыларға нақты уақыт режимінде деректерді бере алады, нәтижелерді талдауға және стратегияны жасауға көмектеседі”, – деді Егінжанов.

Оның айтуынша, жаңа желі еліміздің киберспортын жоғары деңгейге шарықтата алады.

“Қазақстандағы киберспорттың болашағы зор. Осы уақыт ішінде еліміздің геймерлері топтық жарыстарда да, жеке жарыста да өз-өздерін дәлелдеп, халықаралық жеңімпаз атанып жүр. Бірақ олардың ішінде, өкініштісі, шетел асып кеткендер көп. Олар елдегі технологиялық прогресске сенбеген тәрізді.

Ал 5G сынды жаңа тенденциялар Қазақстанда дамыса, білікті спортшыларымыз Отандық киберспорт деңгейін одан да жоғары дәрежеге шығарады деп үміттенемін. Бұл жаңа киберинновациялардың дамуына септігін тигізеді”, – деді симрейсер Эмир.  

“Қазақстанда халықаралық кибержарыс өткізе аламыз”

5G желісіне алғаш қосылып көрген кибершабандоз Алаяр Өтепов өз әсерін айтып, ол жаңа киберспорт түріне әсер ететінін түсіндірді.

Киберойыншы Алаяр Өтепов

“Турнир өте керемет ұйымдастырылған. Өмірімде бірінші рет 5G желісіне қосылып көрдім. Жарыс алдында ойынды сынап көру барысында қобалжу, стрессті сезінбедім, өйткені ақаулықтар болған жоқ. Өзіме де, бүгінгі желіге де сенімім мол. Менің ойымша, 5G мобильді құрылғылардағы көп ойыншыға арналған ойын түрлерінің артуына себепші бола алады. Себебі мобильді киберспорт та әлемде дамып жатыр, Қазақстан да бұл жаңалықтан құр қалмауы тиіс”, – деді Алаяр.

Оның айтуынша, Қазақстанда 5G желісі дамыса, әлемнің түкпір-түкпірінен ең үздік геймерлер жиналатын халықаралық турнирлерді өткізуге болады.

Талқылау