SANTO қалай Қазақстандағы фармацевтиканың өзегіне айналуда
Қазақстанның фармацевтикалық нарығындағы жетекші SANTO компаниясының бас директоры Адам Алексеюк 2024 жыл компания және Қазақстандағы фармацевтика үшін табысты жыл болғанын айтады. Енді дәрі қорабының сыртындағы арнайы Qr коды арқылы оның құрамын, түпнұсқа немесе көшірме екенін анықтауға болады. Адам Алексеюк қазіргі фармацевтика саласының деңгейі, компанияның биылғы жетістіктері жайлы айтып берді.
Фото: Stan.kz
SANTO елімізде еуропалық GMP стандарты бойынша сертификатталған фармацевтикалық компанияға айналмақ. Адам Алексеюктің айтуынша, 1 шілдеден бастап дәрілердің қаптамасында Qr коды енгізіліп, соның көмегімен дәрінің құрамы, оны шығарушы компания, дистрибьютері, сондай-ақ қандай дәріханаларда сатылатыны туралы ақпарат қолжетімді болады. Осы арқылы адамдар дәрі-дәрмектің түпнұсқа екеніне сенімді бола алады.
"Арнайы мобильді қосымша емделушілерге дәрі, оның өндірушісі, сериясы туралы қажетті ақпаратты білуге көмектеседі. Мұндай тәжірибені алғаш рет Билл Клинтон 2004 жылы жасап көрген болатын. Ол кезде өнеркәсіп саласы дамыған деген АҚШ-тың өзінде тауарлардың 8%-ы жасанды екені мәлім болды. Ал ендігі жаңашылдықтың біз үшін қуантарлық тұсы – өнімдеріміздің жеке коды болады. Осылайша, бұл SANTO өнімдерінің сапасын растауға ықпал етеді", – деді Адам Алексеюк.
SANTO биыл қандай жетістіктерге жетті?
Қазан айының соңында Шымкентте SANTO сапа және инновация орталығы ашылды. Онда сапаны бақылау зертханасы, микробиологиялық зертхана және зерттеу орталығы орналасады, бұл өнімді әзірлеу мен сынақтан өткізуге кешенді мүмкіндіктер береді. Бір ерекшелігі – орталықта онкологиялық ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектерді жасауға ерекше назар аударылады.
"Сапа және инновация орталығы" еуропалық GMP стандарты бойынша сертификат алуға жол ашады. Қазақстанда да, оның тыс жерлерінде де дәрі сапасының жоғары екенін дәлелдейтін кез келді. Біз бұл сертификатты алуға дайынбыз және қазіргі уақытта сол үшін жұмыс жасаудамыз. Сонымен қатар, Орталық 150 жаңа жұмыс орнын ашты", – деді SANTO басшысы.
Сондай-ақ, экспорт мәселесі бойынша араб елдерімен келісімшартқа қол қою кезеңі аяқталуға жақын. SANTO басшысы зауыттың Еуропаға экспорты қарастырылып жатқанын айтты. Келесі жылы қаржыландыру кезеңі басталады. Бұл Еуропалық Одақ ұсынған GMP стандарты бойынша сертификатқа тікелей байланысты. Алексеюктың пікірінше, бұл мемлекетке экономикалық тұрғыдан өте тиімді, өйткені экспорт көлемі артады.
Фото: Stan.kz
Қандай жаңа өнімдер пайда болды?
Адам Алексеюк биыл көптеген дәрілер мен медициналық мақсаттағы өнімдердің пайда болғанын айтады. Одан біз 4-5 негізгі дәрінің атауларын естідік. Алайда, ең басты жетістік жүрек ауруларына қарсы дәрі шығару болды.
“Кардиокомбинациялық өнім 2 ингредиенттен тұрады. Ол осы жылы сатылымға шықты. Яғни, мемлекет бұл дәрінің құнын өтейді. 2025 жылы шығарылатын дәріміз де өте көп. Мұның барлығы 2024 жылы жасалған жұмыстың нәтижесі", – деді ол.
Сонымен қатар, тамақпен орнын толықтыруға болмайтын В1, В6 және В12 дәрумендерінің жетіспеушілігінен туындаған айқын жүйелік неврологиялық ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектер, нәрестелерге арналған пробиотик, тітіркену мен қабыну жағдайларын, соның ішінде ауыз қуысы мен тамақтың ауырсынуымен (мысалы, гингивит, стоматит, фарингит), сондай-ақ кертартпа стоматологиялық процедуралардан кейін немесе спрей арқылы тістерді алып тастағаннан кейін симптоматикалық емдеуге арналған Бензидамин бар дәрілер шығарылды. Сондай-ақ келесі жылы жөтелге қарсы танымал дәрінің шайнайтын таблеткалар түрінде жаңа түрі пайда болады. Сонымен қатар, биыл антибиотиктерге арналған жаңа қаптамалар пайда болды.
Мемлекеттік қолдау деңгейі
SANTO компаниясы шығаратын өнімдер халық денсаулығы мен өмірі үшін аса маңызға ие болғандықтан, мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар көрсетілетіні хақ. Компания қазірдің өзінде мемлекетпен бірнеше келісімшарт жасасқан және ұзақ мерзімді инвестиция үшін оның әрі қарай тұрақты түрде жалғасқанын қалайды.
"Қазір мемлекетпен №10 келісімшарты іске асырылмақ. Ол 100 медициналық өнімді қамтиды. Біз жүздеген өнімнің басым көпшілігі бойынша тендерге қатысып жатырмыз. Ірі компания ретінде бұл – біз үшін сенімді инвестиция. Қаржы міндеттемелерінен басқа, бұл технологиялық инновацияларға жол ашады. Өйткені бұрын-соңды болмаған жаңа технологиялар енгізіледі", – деді ол.
Фото: Stan.kz
Алексеюк келіссөздердің жүзеге асырылуы мен тұрақтылығына тоқталды.
"Бизнес өкілдері ретінде біз шартқа қол қойып, жұмысты орындағымыз келеді. Біз инвестиция құйып, өнім дайындаймыз, жаңаша технология әкелеміз. Мемлекет тарапынан берілген келісім мен уәде орындалуы тиіс деп санаймыз, себебі біз соған сай қаржы бөлеміз. Әрі ол тұрақты түрде жыл сайын қайталанып отырғаны абзал. Осылайша, бұл ұзақ мерзімді жоспар құрып, Қазақстанды дәрімен толық қамтамасыз етіп, экспортқа да жіберуге мүмкіндік береді", – деді өкіл.
SANTO Қазақстанды ұзақ мерзімді инвестиция үшін тиімді ел деп қарастырады. Ол әрі қарай да инвестиция құюды жалғастыруға ниетті.
"Қазан айында шетелдік инвесторлардың пленарлық отырысында Тоқаев инвестициялық ахуалды дамытудың маңыздылығын атап өтті. Нақты сома туралы айтатын болсақ, компанияның инвестициялары 118 миллион доллардан асады. Инновация және сапа орталығы атты соңғы жобаның құны – 12 миллион еуро (шамамен 6,6 миллиард теңге). Жаңа өнімді шығару бірнеше кезеңнен тұрады: инвестиция құю, өнімді шығару, өнімді жергіліктендіру, сынақтан өткізу және өнімнің сапасын бақылау. Осының барлығын талдағаннан кейін 5 жылдан кейін дайын өнім жарияланады", – деді Алексеюк.
SANTO қандай мәселемен бетпе-бет келді?
Басқаша айтқанда, ең үлкен мәселе — таңбалау. Әр өнімді таңбалау көп уақыт пен ресурстарды қажет етеді. Онымен қоймай, енді өнімді сатып алатын дистрибьюторлар мен дәріханаларда қажетті жабдық болуы тиіс және олардың қызметкерлері оны басқара алуы керек.
"Таңбалау процесі біздің барлық өңірлерімізді қамтуы тиіс. Дәріханалар мен дистрибьюторларда серияны тексеру құралдары болуы керек. Әйтпесе, жүк көлігі келіп, 10 000 өнімді әкеліп тастайды, ал егер жабдық болмаса, әрқайсысын жеке сканерлеп тексеруге тура келеді. Ал жабдықтың көмегімен сіз, мысалы, барлық 42 паллетті бірден тексере аласыз. Бұл да қыруар қаржыны қажет етеді", – деді SANTO директоры.
Айтуынша, әлі де 20% дәріханалар мұндай үрдіске дайын емес, ал 50% өнім таңбаланбаған. Басқаша айтқанда, әр өңірді қамтыған дұрыс.
Ал екінші мәселе туралы айтатын болсақ, қазір Қазақстанда тіркеудің екі түрі бар: стратегиялық және ЕАЭО процедурасы бойынша дәрілік заттарды тіркеу процедурасы.
"Ұлттық процедурадан ЕАЭО процедурасына ауысу – өте үлкен және көп еңбекті қажет ететін процесс. Қазақстанда өндірілетін және қазіргі уақытта дәріханаларда бар барлық дәрілердің 70-80%-ы ұлттық тіркеу процедурасынан өтеді. Заңнама бойынша бұл процесс 2025 жылдың соңына дейін жалғасады. Бірақ сала белгіленген мерзімдерде орындай алмаса, емделушілер үшін дәрі-дәрмек тапшылығы туындайды" – дейді Адам Алексеюк.
Әңгімелесуші өте аз дәрі-дәрмектердің ЕАЭО талаптарына сәйкес тіркеу куәлігі бар екенін, ЕАЭО бойынша ТҚ болуы жөніндегі талаптар 2026 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енетінін түсіндірді. Бұл өте көп еңбекті қажет ететін процесс және мемлекеттік органдар тарапынан да үлкен жұмыс.
"Біз өз тарапымыздан ЕАЭО талаптарына сәйкес дайындалған тіркеу құжаттамасын ұсынуымыз керек, ал уәкілетті орган тарапынан дәрі-дәрмектердің барлық сапа мен қауіпсіздік нормаларына сәйкестігіне көз жеткізу үшін тіркеу құжаттамасына сараптама жүргізілу қажет. Біз өз тарапымыздан бұған дайынбыз. Бірақ мынадай сұрақ туындайды: емделушілер өздеріне қажетті дәрі-дәрмектерді алу мүмкіндігінен айырылып қалмас үшін мемлекеттік органдар бәрін дер кезінде жасай ала ма?
Бүгінгі таңда сәйкестендіру процесі айтарлықтай тез жүріп жатқан жоқ және біз сәйкестендіру процедурасы заңнамаға сәйкес белгіленген мерзімде аяқталмай қалу тәуекелдерін көріп отырмыз. Сондықтан, біздің ойымызша, ұлттық тіркеу куәліктерінің өтпелі кезеңін бір жылға, тіпті 2-3 жылға ұзарту қажет болар еді. Сондай-ақ, дәл осындай тәуекелдерді байқап, Еуропалық Одақ арасында бірыңғай тіркеуге көшкен еуропалық елдердің тәжірибесіне қарасақ, олар әр елде ұлттық процедураны сақтау құқығын өздеріне қалдырды. Қазір бұл мәселе шиеленісіп тұр, өйткені фармацевтикалық компаниялар халықты сапалы және қауіпсіз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуі керек, ал бұл – елдің қауіпсіздігі" – дейді Адам Алексеюк.
Сондықтан біз қазір мемлекетке мынадай ұсыныспен жүгіндік: өнім ұлттық, стратегиялық немесе ЕАЭО тіркеуіне сәйкес тіркелді ме, қалай екені маңызды емес, бірақ процедура кезінде бағаны қайта тіркеудің қажет болмауы керек", - деп жалғастырды әңгімелесуші.
"Бұл ештеңеге әсер етпейтін жай ғана әкімшілік рәсім. Бірақ мұны алып тастамаса, орасан зор жүктемені ескерсек, дәрі нарығында айтарлықтай тапшылық болады", – деп түсіндірді SANTO басшысы.
Адам Алексеюк бұл мәселенің оң шешімін табады деген сенім білдірді, өйткені мемлекет мәселенің маңыздылығын және оның ерекшелігін түсініп отыр.
Фото: Stan.kz
Генерик деген не және неге оны таңдау қажет?
SANTO директоры елдегі фармацевтика саласына баға беріп, дәріге қолжетімділік жағы жаман емес дейді. Алайда мемлекет тарапынан халықты дәрімен қамтамасыз етуінде олқылықтар бар. Басқаша айтқанда, келісім бойынша дәрі-дәрмек тез қабылдануы мүмкін, бірақ іске асыру ұзақ уақытты алады. Ол мемлекетті генериктерге ашық болуға шақырды.
Генериктер – түпнұсқа дәрі-дәрмектің формуласын қайталайтын және құрамында бірдей әсер ететін зат бар препараттар. Мәселен, түпнұсқалық препараттар нарыққа шықпас бұрын ұзақ зерттеулер мен клиникалық сынақтардан өтеді. Препараттың тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденгеннен кейін оған патент беріледі. Оны 20 жыл бойы шығаруға тек бір кәсіпорынның құқығы болады.
Генериктерді көшірме немесе аналогтармен шатастыруға болмайды. Аналогтардың құрамы бойынша өзгешелігі бар. Ал генериктің химиялық формуласы толығымен ұқсас. Тек оның шығарылуы түпнұсқа патенттің мерзімі аяқталғаннан кейін басталады. Генериктерді зерттеуге көп уақыт жұмсалмағандықтан, арзан болады.
"Қазақстанның генерик және түпнұсқа дәрілер арасындағы теңгерімді сақтағаны абзал. Түпнұсқа дәрілердің жаңа ауру түрлерін емдеуге мүмкіндік беретіні рас. Сондай-ақ олар өте қымбат, себебі компаниялар клиникалық зерттеуге, дәрілерді әзірлеуге қаржы бөледі. Бірақ біз қазақстандықтардың 90% үшін ненің маңызды екенін түсінуіміз керек. Денсаулық сақтау министрлігінің алдында тұрған халықты кеңінен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін генериктер шешіп отыр. Сондықтан генериктерге ашық болу керек. Сол бағаға екі есе көп халықты қамтамасыз ете аласыз. Қалған ақшаны басқа инновациялық жаңалықтарға жұмсауға болады", – деді ол.
"Генерик түпнұсқадан кем түспейді және одан да жетілдірілген функциялары бар. Өйткені түпнұсқалар ескі үлгіде жасалған. Ал енді генериктерге жаңа әдіс пен заманауи технологиялар қолданылады. Қазақстандықтар заманауи фармацевтикалық өндірісімен мақтануы керек. Себебі қауіпсіз дәрілері бар, оған тіпті Еуразия елдері мен Сауд Арабиясы да қызығушылық танытуда. Дегенмен, адамдар ескі еуропалық медицинаны таңдағанда, көңілің түседі. Бұл сіздің ақшаңыз, сіздің денсаулығыңыз. Бұл тұста жоғары сапалы және қауіпсіз өнімдерді ұсынатын SANTO-ға сенім арта аласыз", – деді ол.
SANTO алдағы жылы елімізде өте өзекті онкология, қант диабеті және кардиологияға көңіл бөлуді жоспарлап отыр. Осылайша, біз қазақстандықтардың денсаулығын жақсартуға үлес қосамыз.