"Самұрық-Қазынаның" ЖИ-директоры Үкімет басшысына есеп берді
Фото:Үкіметтің баспасөз қызметі
Үкімет басшысы Олжас Бектенов "Самұрық-Қазына" қоры директорлар кеңесінің тәуелсіз цифрлық мүшесі SKAI-дың қатысуымен қордың директорлар кеңесінің отырысын өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жиынға алғаш рет дауыс беру құқығы бар жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін директорлар кеңесінің тәуелсіз цифрлық мүшесі SKAI (Samruk-Kazyna Artificial Intelligence) қатысты. Қазақстандық Alem LLM тілдік моделі негізінде құрылған бұл нейрондық желі бұған дейін Digital Bridge 2025 халықаралық форумы аясында Мемлекет басшысына таныстырылған болатын.
Отырыстың күн тәртібінде Қор қызметінің биылғы 9 айдағы қорытындылары қаралды.
Директорлар кеңесінің мүшелері жобаларды жүзеге асыру тиімділігіне қатысты бірқатар мәселе көтерді. Қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов жалпы алғанда қаржылық көрсеткіштерде тұрақты оң динамика бар екенін баяндады. Өндірістік нәтижелер жоспарланған мәндер деңгейіне сәйкес келеді. Мониторинг нәтижесіне сәйкес Қор тобының ірі инвестициялық жобалары бойынша қаражатты игеру көрсеткіші 99%-ды құрайды.
Премьер-министр Олжас Бектенов Директорлар кеңесі мүшелерінің назарын Қордың отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі бұған дейін берілген тапсырмаларды орындауы мәселесіне аударды.
Директорлар кеңесінің цифрлық мүшесі SKAI биылғы 9 айда Қордың отандық тауар өндірушілерді қолдау көлемі артып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 75%-ға жеткенін хабарлады. Отандық тауар өндірушілерден тауар сатып алу 721 млрд теңгені құрады. Барлығы 497 отандық тауар өндірушімен 7 227 шарт жасалды (2024 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 411 млрд теңге, 516 ОТӨ-мен 414 шарт болған еді). SKAI-дың бағалауы бойынша, биылға арналған сатып алу жоспары Wabtec-ке қарайтын отандық өндірушіден локомотивтер сатып алу туралы мәміле есебінен айтарлықтай асыра орындалады.
"Самұрық-Қазына" қорының деректері бойынша, SKAI нейрожелісіне Директорлар кеңесі қараған мәселелер бойынша 2008 жылдан бергі барлық ақпарат жүктелген.
SKAI тиісті оқудан өтті және өз қызметінде ҚР нормативтік-құқықтық актілерін басшылыққа алады. Нейрожелі нақты уақыт режимінде қаржылық, операциялық және нарықтық деректерді өңдеуге, заңдылықтарды анықтауға, тәуекелдер мен салдарларды болжауға, сондай-ақ күн тәртібіндегі әрбір мәселеге негізделген ұсынымдар мен шешімдер қабылдауға қабілетті.

Қазақ баласы Испанияда футбол ойнап жүр: Ерлі-зайыпты ұлының арманы үшін елін қалай тастап кеткенін айтып берді
