Қазақстандықтар азық-түлік бағасының шарықтап кеткеніне шағым білдірді: Баға былтырғыға қарағанда қалай өскен?
Фото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған
Қазақстандықтар 2024 және 2025 жылғы азық-түлік бағаларын салыстырып, күнделікті тауарлардың айтарлықтай қымбаттағанын байқап отыр. Бірі былтырғы чегін сақтап, биыл сол өнімдерді қайта сатып алған кезде 20 пайыздан астам өсімді анықтаса, енді бірі “экономика құлдырап кетті, өмір сүру барған сайын қиын” деп налиды. Мұндай мысалдар кейінгі уақытта әлеуметтік желіде жиілеп, халықтың ашу-ренішін күшейтіп отыр. Осы ретте Stan.kz әлеуметтік маңызы бар тауарлардың әр өңірде қалай екенін және жалпы азық-түлік бағасы қаншалықты өскенін зерттеп көрді.
“Чекті тұп-тура бір жыл бойы осы видео үшін сақтадым”
Әлеуметтік желілерде соңғы уақытта қазақстандықтар азық-түлік пен тұрмыстық тауарлардың бағасының күрт өсуіне байланысты жиі шағымданып жатыр.
Желі қолданушысы 15 қыркүйекте жариялаған жазбасында соңғы үш айда ет пен негізгі өнімдердің бағасы айтарлықтай өскенін айтып, ашына жазған.
"Экономикаға не болды? Бағаларға не болды? Неліктен бәрі үнсіз? Жоғарыдағы басшылар не істеп жатыр, неге ешкім ешқандай шара қолданбайды? Еттің бағасы үш айда аспандап кетті, ал азық-түліктердің бағасы 20 мың теңгені де "сезбейтін" болды. Жанармай күн сайын қымбаттап жатыр, өткен айдың коммуналдық төлемдері үш айдың ақысын бір-ақ есептегендей болып шықты. Шынымен де, ешкім бағалардың қатты өсіп кеткенін байқамай ма? Мемлекет неге халықтың жағында емес? Отанымды жақсы көремін, бірақ күн өткен сайын өмір сүру өте қиын болып барады. Экономика мүлде құлдырап кетті", – деп шағымданды violintotrend атты қолданушы.
Ал тағы бір желі қолданушысы таяудағы жазбасында азық-түлік бағасының өсуі өмір сүру сапасына қатты әсер еткенін жазып, “бұрын өмір сүруге жететін қаражат қазір жетпей қалады” деп атап өткен. Ол тіпті қазіргі экономикалық жағдайда бала сүю туралы ойлаудың өзі қиын екенін жеткізген.
"Алдағы уақытта баланы асырау үшін тым көп қаржы қажет сияқты. "Magnum" дүкеніндегі өз тапсырыстарыма қарап едім, бағаларды көріп сәл шошып қалдым. Мысалы, бұрынғы және қазіргі бағалар салыстырғанда айырмашылық айтарлықтай үлкен екен", – деп жазды желі қолданушысы.
Қазақстандық қыз 2024 және 2025 жылғы бағаларды салыстырып көрген. Бағалардың өскенін көруге болады.
Фотоколлаж: Stan.kz / Салыстыру kkira_27
Кей тұрғындар қымбатшылыққа қарсы амал ретінде өнімдерді көтерме базарлардан немесе жеңілдіктер кезінде алуға көшкендерін жазған. Бірақ соған қарамастан, олардың жазбаларынан да бағаның жоғары екенін байқауға болады. Мысалы, Жанат есімді желі қолданушысы өз отбасы үшін азық-түлік пен тұрмыстық заттарды 150 мың теңгеге сатып алғанын, “бұрын мұндай ақшаға кішігірім той жасауға болатын еді” деп салыстырған. Ал басқа қолданушы алты адамнан тұратын отбасы үшін азық-түлікке 180 мың теңге жұмсағанын айтып, бұл сома қалыпты ма, әлде тым қымбат па деген сұрақ қойған.
Астаналық блогер Мардан 2024 және 2025 жылғы сәуір айындағы бағаларды салыстырып, ерекше видео түсірген. Ол бір жыл бойы ескі чегін сақтап, дәл сол тауарларды қайта сатып алып, олардың қаншалықты қымбаттағанын көрсетті. Видеодан азық-түлік пен күнделікті тұрмысқа қажет заттардың бағасы едәуір өскенін байқауға болады.
"Бұл чекті тұп-тура бір жыл бойы осы видео үшін сақтадым! Мына шырын былтыр 1029 теңге болса, қазір 1315. “Цесна” ұнының бағасы 803 теңгеден 1067 теңгеге өскен, әрі бұл ешқандай жеңілдіксіз баға. “Макфа” қарақұмық жармасы былтыр 765 теңге тұрса, биыл 799 теңге. Ал пияздың бағасы екі есеге жуық артқан, 74 теңгеден 144 теңгеге дейін. Күріш те сәл қымбаттап, 1155 теңгеден 1199 теңгеге көтерілген", – деді Мардан.
Оның айтуынша, тауық филесі бұрын 2500 теңге болса, қазір 2693 теңге. Ал макарон өнімдері, керісінше, былтыр 447 теңге болса, биыл 445 теңгеге азайған.
“Nivea пудра эффектісі” кремі былтыр 1899 теңге болған, қазір 1939 теңге. Қиярдың бағасы тіпті арзандап, 995 теңгеден 989 теңгеге түскен", – дейді блогер Мардан.
Қорытындылай келе, Марданның айтуынша, былтырғы бағасы 33 249 теңге болған азық-түлік себеті биыл 40 272 теңгеге жеткен. Осылайша, ол тауардың бағасы 21%-ға өскен дейді.
Фотоколлаж: Stan.kz / Скрин блогердің парақшасынан
Осы ретте, біз Алматыдағы Magnum дүкенінің филиалына бардық. Блогердің видеосындағы бағалар биылғы сәуір айымен салыстырған айтарлықтай өзгергенін көре аламыз. Мысалы, ұн 1402 теңгеге, яғни (87 теңгеге) өскен. Пияз, керісінше, 144 теңгеден 107 теңгеге арзандаған.
Ал күріш 1199 теңгеден 1281 теңгеге, қарақұмық – 799 теңгеден 809 теңгеге, ұн 899 теңгеден 979 теңгеге қымбаттаған. Қиярдың бағасы 989 теңгеден 699 теңгеге азайған. Тауық еті – 2693-тен 3848 теңгеге өскен. Бұдан бөлек, макарон бағасы 445 теңгеден 496 теңгеге, “Nivea пудра эффектісі” – 1939 теңгеден 2000-ға көтерілгенін көруге болады.
Айта кетейік, 23 қыркүйек күні сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу жүйесі біртіндеп тоқтатылатынын мәлімдеді. Ол бұл тәсілді “ескірген модель” деп атап, қазіргі жағдайда тиімді емес екенін айтты.
Министрдің айтуынша, енді азық-түлікті жеңілдікпен алу мүмкіндігі тек атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтарға ваучерлік жүйе арқылы беріледі. Сонымен қатар ол нарықтық механизмдерді қолдану өндірушілер мен тұтынушылар үшін тиімдірек болатынын жеткізген еді.
Фото: Stan.kz тілшісі түсірген / Алматыдағы азық-түлік бағалары
“Сиыр еті 4700 теңгеден бастап, қолдың майы 7700 теңгеге дейін”
Осы ретте редакция әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының да әр өңірде бағалары қалай түрленетінін зерттеп көрді. Дереккөздерді жергілікті шағын маркеттерден және сол өңірдің тұрғындарынан алдық. Көрсетілген мәліметтерге сенсек, Қазақстан өңірлеріндегі негізгі азық-түлік тауарларының бағасы бір-бірінен едәуір айырмашылық танытады. Бұл айырмашылық аймақтардың экономикалық жағдайы, логистикалық шығындары және жергілікті өндірістің даму деңгейіне байланысты екені байқалады. Әр өнім түрі бойынша ең қымбат және ең арзан өңірлермен қатар, бағалары шамалас аймақтар да анық көрініс береді.
Мәселен, сиыр етінің бағасы бойынша ең жоғары көрсеткіш Қарағанды, Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарында тіркелген. Бұл өңірлерде бір келі еттің бағасы 4500-ден 4700 теңгеге дейін жетеді. Ал ең төмен баға Шымкент қаласында байқалады – 2580 теңге. Ет бағасы орта деңгейде қалыптасқан өңірлер қатарына Астана (3009 теңге), Қызылорда (3500 теңге), Түркістан (3500 теңге) және Ұлытау (3500 теңге) облыстары жатады. Бұл аймақтарда ет бағасы 3000-3500 теңге аралығында сақталған. Ал Алматы, Павлодар және Тараз қалаларында баға сәл жоғарырақ, шамамен 4000-4200 теңге деңгейінде.
Сүт бойынша ең қымбат өңір Атырау мен Қызылорда облыстары, мұнда бір литр сүттің орташа бағасы 990 теңге шамасында. Ең арзан сүт Түркістан мен Жамбыл облыстарында сатылады, бар болғаны 350 теңге. Орташа деңгейдегі баға Ақмола (355 теңге), Павлодар (370 теңге) және Қостанай (421 теңге) өңірлерінде байқалады. Бұл облыстарда баға айырмашылығы аса үлкен емес, яғни бір-біріне ұқсас деңгейде жайғасты.
Картоптың ең қымбат бағасы Маңғыстау облысында (455 теңге) тіркелсе, ең арзан баға Шымкент қаласында (165 теңге). Еліміздің солтүстік және орталық өңірлерінде баға орташа шамада Астана, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды және Қостанайда картоп шамамен 230-350 теңге аралығында. Бұл айырмашылық тасымал мен сақтау шығындарының әсерінен қалыптасқан деп болжауға болады.
Инфографика: Stan.kz
Сәбіздің ең жоғары бағасы тағы да Маңғыстау облысында (450 теңге) тіркелген. Ал Астана қаласында бұл өнім ең арзан, бар болғаны 126 теңге. Көптеген өңірде баға шамамен 170-210 теңге шамасында, мысалы, Алматы, Тараз, Орал, Қызылорда және Қарағанды облыстарында. Бұл өңірлер сәбіз бағасы жағынан бір-біріне жақын.
Пияз бағасы ең жоғары Павлодар мен Абай облыстарында, мұнда бір келі пияз 310 теңге шамасында. Ал ең төмен баға Шығыс Қазақстан облысында (109 теңге) байқалады. Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда және Қарағанды облыстарында баға 140–160 теңге аралығында, яғни бір-біріне ұқсас деңгейде.
Күріштің ең қымбат бағасы Атырау облысында (1200 теңге) тіркеліп отыр. Бұл басқа өңірлерден екі есеге жуық қымбат. Ал ең арзан күріш Жамбыл облысында (300 теңге) сатылады. Орташа баға Алматы (396 теңге), Қарағанды (463 теңге) және Түркістан (600 теңге) өңірлерінде байқалады. Бұл аймақтарда күріш бағасы 400-600 теңге аралығында тұрақтанған. Қарақұмық жармасының ең жоғары бағасы Атырау облысында (810 теңге), ал ең төмені Қостанай облысында (159 теңге) байқалады. Бағасы ұқсас аймақтар ретінде Ақмола (190 теңге), Ұлытау (190 теңге), Маңғыстау (194 теңге) және Павлодар (400 теңге) облыстары аталады. Бұл өнім бойынша айырмашылық айтарлықтай үлкен ең қымбат пен ең арзан өңір арасында бес есеге жуық айырма бар.
Өсімдік майының бағасы ең жоғары Шымкент қаласында (1429 теңге), ал ең арзан Маңғыстау облысында (600 теңге). Орташа баға Астана (852 теңге), Орал (950 теңге), Павлодар (950 теңге) және Қарағанды (864 теңге) облыстарында байқалады. Бұл өңірлерде май бағасы бір-біріне жақын, яғни 850–950 теңге аралығында. Май бағасы бойынша көш басында Атырау облысы (7700 теңге). Ең арзан май Қостанай облысында (3450 теңге) сатылады. Ал Павлодар (5500 теңге), Петропавл (5620 теңге), Астана (5295 теңге) және Талдықорған (5300 теңге) сияқты өңірлердің бағалары шамалас, яғни орташа деңгейде.
Инфографика: Stan.kz
Жұмыртқаның ең жоғары бағасы Қарағанды облысында (730 теңге) тіркелген, ал ең төменгі баға Атырау облысында (396 теңге). Орташа баға Астана (612 теңге), Түркістан (600 теңге), Павлодар (600 теңге) және Қызылорда (479 теңге) өңірлерінде байқалады.
Тұздың ең қымбат бағасы Қостанай облысында (375 теңге), ал ең арзан Маңғыстау облысында (45 теңге). Бұл өнім бойынша айырмашылық өте үлкен. Орташа баға Астана (90 теңге), Алматы (95 теңге) және Ақмола (120 теңге) өңірлерінде қалыптасқан. Қанттың ең жоғары бағасы Атырау мен Абай облыстарында (490 теңге), ал ең төмені Ұлытау облысында (330 теңге). Бағалары ұқсас өңірлер Астана, Алматы, Түркістан, Орал және Павлодар, мұнда орташа баға 400-450 теңге аралығында. Айран бағасы ең жоғары Атырау облысында (900 теңге), ең төмені Жетісу облысында (358 теңге). Астана (499 теңге), Қостанай (650 теңге), Павлодар (520 теңге) және Өскемен (600 теңге) өңірлерінде баға бір деңгейге шамалас.
Ұн бағасы бойынша Абай облысы (1230 теңге) көш бастап тұр, ал ең арзан өңір Ақтөбе облысы (254 теңге). Көптеген облыста, әсіресе, Атырау, Тараз, Талдықорған, Алматы және Шымкент қалаларында баға 900-1000 теңге аралығында, яғни ұқсас деңгейде. Макарон өнімдері ең қымбат Ақтөбе облысында (700 теңге), ал ең арзан Шығыс Қазақстан облысында (197 теңге). Бағалары бір-біріне жақын аймақтар ретінде Астана (336 теңге), Алматы (385 теңге), Павлодар (450 теңге) және Қостанай (480 теңге) аталады.
Жалпы алғанда, Атырау облысы көптеген өнім түрлері бойынша ең қымбат өңір болып отыр. Бұл аймақтың логистикалық тұрғыдан шалғай орналасуы және тауарлардың көпшілігінің сырттан жеткізілетіндігімен түсіндіріледі. Ал Шымкент, Түркістан және Қызылорда облыстары керісінше, азық-түлік бағасы ең төмен өңірлер қатарына жатады. Астана, Алматы, Павлодар және Петропавл қалаларының бағалары бір-біріне ұқсас бұл өңірлер елдің орташа немесе орташа-жоғары баға деңгейін көрсетеді.
“Бұрын – 13 347 теңгеге алған заттарым, қазір 43 148 теңге тұрады”
Айта кетейік, сонымен қатар алматылық Гүлнара Бугубаева 2015 жылғы Magnum дүкенінен алынған ескі чегін тауып, сол тауарларды 2025 жылы қайта сатып алып, бағаларды салыстырған. Сөйтіп ол 10 жылда азық-түлік пен тұрмыстық тауарлардың құны 3 еседен астам өскенін анықтаған.
"Заттарымды ақтарып отырып, таптым… Жоқ, ақша емес. Одан да қызық нәрсе. 48 түрлі өнім. Жалпы сомасы – 13 347 теңге. Енді ойлап қалдым. Дәл осы заттарды қазір алсам, қанша төлер едім екен? Анықтау үшін маған сол чектегі тауарлардың дәл өзін алу керек болды. Бірақ көп бренд қазір сатылымда жоқ екен. Сол себепті ұқсас өнімдерді таңдадым, бірақ тек Magnum-нан ғана. Сұлулық үшін дәл сондай себет жинап, чек шығарып, көзбен салыстырып көргім келді. Бірақ бағаларды жазып, барлығын есептеген соң… “Жо-жоқ, мұндай сұлулық маған керек емес!” дедім. Нәтиже таңғаларлық болды. Бұрын – 13 347 теңгеге алған заттарым, қазір 43 148 теңге тұрады. Бағалар 3,23 есе өскен! Орташа жылдық өсім – 12,4%. Сұрақ, сіздің табысыңыз да 3,23 есе артты ма?" – деп жазады астаналық тұрғын.
Сондай-ақ алматылық әйел чектің қараша айына тиесілі екенін атап өтіп, баға тағы да өсетінін айтып, қорқынышын жасырмады.
Фото: Гүлнара Бугубаеваның жеке архивінен

"Қысқа мерзімді жеңілдіктер ұзақ мерзімді дағдарысқа ұласуы мүмкін": Сарапшылар Қазақстанда шұғыл енгізілетін шараларға қатысты пікір білдірді
