Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Самұрық-Қазына" қорының  басқарма төрағасы Маңғыстаудағы бірқатар нысандарды аралады

"Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов жұмыс сапарымен Маңғыстау облысындағы бірқатар еншілес компанияларға арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Аталған сапар кезінде Қор басшысы "Сарша" газ құбыры, "CASPI BITUM" ЖШС, "Ақтау" теңіз портына аялдап, атқарылған жұмыстар және алдағы уақытта іске асырылуы керек жобалар жайын талқылады. 

Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Ақтау іргесінде "Сарша" газ құбырына барып, аталған құрылыстың не себепті жарты жылға кешігіп пайдалануға берілгенін айтты. 

"Газ құбыры құрылысының кешігуі мердігердің ауысуы мен қаржыландыру мәселесіне байланысты болды. Құны 7,5 млрд теңге болатын өңір үшін стратегиялық маңызды жоба аяқталды. Сондықтан сапарды дәл осы нысаннан бастау маңызды болды", - деді Қор басшысы. 

Жалпы ұзындығы 60 шақырым жер асты құбыры Ақтау маңындағы Сарша  мен "Жылы жағажай" курорттық аймағын газдандыруға мүмкіндік беріп отыр. Аталған жаңа жоба туристік нысандарға инвестиция тартуға және өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға көмектеседі.

“Биыл Сарша газ құбыры желісі пайдалануға беріліп, Ақтау маңындағы аумақты толық газбен қамтып отыр. Бұл арқылы осы маңдағы барлық туристік нысандар газбен жабдықталды. Бұл өз кезегінде туризмді дамытуға оң ықпал ететін болады. Осы арқылы күзгі және қысқы жылыту маусымында ешқандай мәселе болмайды”, - дейді Нұрлан Жақыпов.

Ал Ақтау теңіз сауда портында "Самұрық-Қазына" АҚ Басқарма төрағасы "Құрық" портының, Ақтау теңіз солтүстік терминалының және Қазтортрансфлоттың қызметімен танысты. 

"Қазіргі геосаяси жағдай қазақстандық теңіз порттарына деген қызығушылық туғызды. Бұны әріптестеріміз өз жұмысында ескеру маңызды. Жай ғана назарға алып қоймай, пайдалы нәрсені іске асыру керек. Ақтау порты үлкен мүмкіндікке жол ашады. Еліміз Ұлы Жібек жолының бойында тұрғандықтан аталған мүмкіндікті оң пайдаланғанымыз дұрыс. Бұл ретте басқа елдермен теңіз тасымалы арқылы бірқатар істер жүзеге асырылып жатыр. Шанхайдан шыққан жүкті Франкфуртқа жеткізуде Каспийдің белгілі деңгейде өз үлесі барын ерекше айтуымыз керек. Теңіз арқылы халықаралық тасымалда біз тапсырыс берушіге жүктің қай жерде екенін айтып, оның жеткізілуіне кепіл боламыз. Әрі жыл сайын оның көлемі артып келеді", – деп атап өтті Нұрлан Жақыпов. 

Еуропалық елдер "Орта бағытқа" немесе Транскаспий халықаралық көлік бағытына ерекше қызығушулық танытып отырғандықтан, Қазақстан өсіп келе жатқан халықаралық бәсекелестік жағдайында жүктерді жеткізу үшін неғұрлым қауіпсіз серіктестің рөлін қамтамасыз етуі тиіс. Осыған байланысты Қор басшысы Каспийдің тартылуы және Ақтау мен Құрық теңіз порттарының су айдынын тереңдетуді ұсынды. Сондай-ақ, жүк айналымынан алдағы онжылдықтарға арналған стратегиялық мәселені шешуді атап өтті. Контейнерлік хаб жобасына қатысты Нұрлан Жақыпов әлі күнге дейін инвесторлардың ешқайсысымен нақты келісімдер жоқ екенін айтты. Сондай-ақ ол осы жобаны іске асыру қарқынын жеделдетуді тапсырды.  

Маңғыстау облысында он жылдан бері жұмыс істеп тұрған "CASPI BI-TUM" ЖШС зауытының әлеуметі алдағы жылы 1,5 есеге дейін артпақ. "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы зауыт жұмысымен танысу кезінде битум өңдеу қуатын жылына 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайтуды ұсынды. Бұл ретте жұмысқа тың серпін беретін құзыретті мердігерді тарту міндеттеліп отыр. "CASPI BITUM" ЖШС-і – жылына 2,2 млн тоннаға дейін тұтқырлығы жоғары битуминозды мұнай өндіретін жалғыз компания. "Қара-жанбасмұнай" АҚ өнімін тұтынып отырған компанияда Нұрлан Жақыпов тұтынушылар тарапынан битумға уақтылы алдын ала тапсырыс жасау қажеттігін атап өтті. 

"CASPI BITUM" бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Махмуд Мадибаев зауыт жылына 1 млн тонна жоғары шайырлы мұнайды өңдеп, одан 500 мың тонна мұнай битумдарын жасап шығарып отырғандарын айтады.

“Зауыт ҚР ішкі нарығына жол битумдарын жеткізу бойынша 2013 жылдан 2023 жылдың 7-ші айына дейін 7 281 мың тонна мұнай өңдеп, 2 666 мың тонна жол битумын өндірді. Биылғы 7 ай ішінде ел ішіндегі жол битумының 47 %-ы өндірілді. Өнімдердің басым көпшілігі Батыс, Оңтүстік аймақтарға жөнелтіліп отыр. Сонымен қатар, Солтүстік және Шығыс аймақтардың біраз бөлігін қамтып отырмыз. Алдағы уақытта өлшеп-оралған және өзіміздің брендтелген модификацияланған битум бағыттарын дамыту мен өндірілетін өнімдер спектрін кеңейту жоспарлары бар. 2022-2026 жылдарға арналған мұнай өңдеудің және жол битумын өндірудің жоспарлы көлемін орындаумен қатар, зауыттың қуаттылығын арттыру да көзделіп отыр. Бүгінгі таңда зауытта 214 адам қызмет атқарады. Олардың басым көпшілігі, яғни 52,6 %-ы 30-дан 40 жасқа дейінгі мамандар”,- дейді Махмуд Мадибаев.

Қыс айларында және сәуір айына дейін сұраныстың төмендігінен және тұтынушылар тарапынан алдын ала тапсырыстардың болмауынан зауыт толық қуатта жұмыс істемейтін көрінеді. Бұл ретте дәстүрлі түрде жыл сайын жол-құрылыс жұмыстарында сұраныс бірнеше есе артады. Қор басшысы жол-құрылыс компанияларымен осы бағыттағы жұмысты бастауды және битумды қолдануды кеңейту мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.

"Бүгін бірнеше еншілес нысандарын аралап шықтым. Битумның өндірісі аса маңызды мәселе. Өкінішке қарай, битум өндірісі маусымдық жұмысқа байланысты болып отыр. Соған себепті тиісті шараларды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және “Қазавтожолмен” атқарып жатырмыз. Келесі жылы өндірісті 1,5 есе көбейту жоспарладық. "CASPI BITUM" ЖШС зауытында  отандық өнім шығады. Бізде жолдың үлкен инфраструктурасы бар. Жаңа жолдар салуда битумның қажеттілігі аса жоғары. Себебі сапалы жол байланыс үшін аса қажет. Битумды бір жарым есеге арттыруды келесі жылы жүзеге асырамыз деген сенімдемін, - деді Нұрлан Жақыпов. 

Талқылау