Самарқанда жанармай бекеті жарылып, үш адам ажал құшты (видео)
Фото: Видеодан скрин
Өзбекстанның Самарқан облысында жүк көлігіне жанармай құю кезінде қатты жарылыс болып, үш адам көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қайғылы жағдай Қаттақорған ауданындағы жанармай құю бекетінде болған. Kun.uz басылымының мәліметінше, екі адам оқиға орнында өз жұмған. Ал үшінші адамның өмірі үшін дәрігерлер бірнеше күн күрескен. Бірақ науқас жансақтау бөлімінде жан тапсырды.
"ЗИЛ жүк көлігіне дизель құю кезінде көлемі 10 текше метрлік резервуарлардан өрт шықты", — деп мәлімдеді жергілікті полиция.
Жарылыс салдарынан үш адам, атап айтқанда, жанармай бекетінің басшысы, оператор мен жүк көлігінің жүргізушісі көз жұмды.
Аудандық ішкі істер басқармасының мәліметінше, аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 259-бабы 2-бөлігі ("Өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір алдын ала тергеу жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Самарқандағы тұрғын үйде газ жарылып, 7 адам ажал құшқан еді. Қайғылы жағдай 9 мамыр күні көпқабатты тұрғын үйде болған. Алдын ала мәліметтер бойынша, пәтерлердің бірінде газ-ауа қоспасы шығып, тұтанған. Өрт болмаған, алайда қатты соққы темірбетон құрылымдарын бүлдірген. Ғимараттың жертөлесі, бірінші, екінші және үшінші қабат зақымданған. Құтқарушылар түні бойы қирандылардың астын тексерді. Алғашында алты адамның мәйіті табылды. Құтқарушылар жетінші адамның денесін 10 мамыр күні таңертең тапты.
Алдын ала тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Мамандар оқиғаның себептерін зерттеп, газ жабдықтарын пайдалану ережелерінің сақталуын тексеріп жатыр.

“Партизан болған, 400-ден астам жаралы сарбазды құтқарған”: Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақ қыздары кімдер
