Салтанат Нүкенованың қазасы: Бишімбаевтың туысы рақымшылық жасау туралы өтініш берді
Фото: Жоғарғы сот
Салтанат Нүкенованың қазасы бойынша сотталған Бақытжан Байжанов сотқа жаза мерзімін қысқарту туралы өтінішхат жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жоғарғы соттың баспасөз қызметі мәліметінше, 9 шілдеде Байжанов Степногорск аудандық сотына өтініш жолдаған. Өтінішхатта рақымшылық жасау туралы заң аясында мерзімін қысқартуды сұраған. Өтінішті қарау күні әлі белгіленбеген.
Таяуда Байжановтың адвокаты рақымшылық қолданылса, оның қорғауындағы азаматтың мерзімі шамамен сегіз айға қысқартылуы мүмкін екенін мәлімдеген еді.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан да экс-министр Қуандық Бишімбаевтың туысы рақымшылықты пайдаланып бостандыққа шыға алатынын айтқан. Оның айтуынша, Бақытжан Байжанов сотталған "қылмысты жасыру" бабы рақымшылық қолданылмайтын қылмыстар тізіміне кірмейді. Сондықтан оған рақымшылық қолданылуы мүмкін.
"Қылмыс туралы хабарламау 4-бапта көрсетілмеген. Сондықтан ондай істерге рақымшылық қолданылуы керек. Егер ауыр немесе аса ауыр қылмыс түріне жатса, онда олар толық босатылмайды, бірақ жазаның мерзімі қысқартылады," – деп түсіндірді Абзал Құспан.
Айта кетейік, Астанадағы Bau мейрамханасында әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірген экс-министр Қуандық Бишімбаев 2024 жылғы 13 мамырда 24 жылға сотталды. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасыру бабы бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

"Халықтың қайғысына құрметсіздік": Алматыда Лениннің есімі берілген дәмхана желі қолданушыларының ашуын туғызды
