Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Салтанат Нүкенованың есімі Қазақстан тарихына ықпал еткен тұлғалар пантеонына енгізілді

Салтанат Нүкенова (1)Фото: Айтбек Амангелдінің желідегі парақшасынан 

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұмған Салтанат Нүкенованың есімі Қазақстанның маңызды тұлғалары пантеонына енгізілді. Хабарды марқұмның бауыры Айтбек Амангелді айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Айтбек Амангелдінің айтуынша, ол анасымен бірге Қостанай облысындағы "Амангелді" кешеніне барып, мемориалдық қабырға мен пантеонды арнайы көрген.

"Бұл пантеонда Қазақстан тарихындағы маңызды тұлғалардың арасында Салтанаттың есімі жазылған мемориалдық тақта орнатылды. Бұған дейін біз Павлодардан топырақ алып келіп, ескерткішке капсула түрінде тапсырғанбыз. Мұнда Салтуды ел тарихына әсер еткен тарихи тұлғалардың қатарына қосқан. Бұл жолға шыққан әрбір шақырым мен сағаттың бәрі соған тұрды", – деп жазды Айтбек Амангелді.

Айтбек Амангелді және анасыФото: Айтбек Амангелдінің желідегі парақшасынан 

Алайда жергілікті әкімдік Салтанат Нукенованың есімі жазылған тақта орнатылуына қатысты ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтады.

"Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында таралған Салтанат Нукенованың есімі жазылған тақтаның "Ұлттық жады қабырғасына" орналастырылғаны жөніндегі ақпарат шындыққа жанаспайды. 2020 жылдан бастап Қостанай облысының Амангелді ауылында меценаттың бастамасымен көпфункционалды туристік кешеннің құрылысы жүргізіліп жатыр.. Бүгінде кешен аумағында пирамида, "Аль-Гамбра" кафесі, "Бразилия" қонақ үйі, Эйфель мұнарасының, Нью-Йорктегі "Еркіндік мүсінінің", Мексикадағы Майя пирамидасы Чичен-Ицаның үлгілері, балалар спорт алаңдары және басқа да нысандар салынған", – делінген әкімдік жазбасында.

Туристік хабта 296 тарихи тұлғаның есімі жазылған "Ұлттық жады қабырғасы" бар. Ол 2024 жылғы 23 мамырда республикалық комиссиямен мақұлданып, жергілікті атқарушы органның балансына берілген.

"Меценаттың жеке бастамасымен туристік кешендегі жеке жабық бөлмелердің бірінде (яғни "Ұлттық жады қабырғасына" қатысы жоқ орында) бірнеше ондаған тұлғалар мен тарихи оқиғалардың атаулары жазылған тақталар қойылған. Солардың қатарында Салтанат Нукенованың есімі жазылған тақта да бар. Тағы да атап өту қажет, бұл тақталар меценаттың жеке бастамасымен орнатылған", – деп жазды әкімдік.


Түркістан облысында туыстары мүмкіндігі шектеулі жігітті зорлады деп айыпталды: Сотта үш адам жауап беруде


"Жүкті екенін білгенде, өлтірмес едім": Атырауда NCOC компаниясының менеджерін өлтірген ер адам өмір бойына сотталды


Еске салайық, 2023 жылдың 9 қарашасына қараған түні Салтанат Нүкенова Астанадағы BAU мейрамханасында бұрынғы күйеуі, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан. Ол әйеліне бірнеше рет соққы жасап, бірнеше сағат бойы жедел жәрдем шақырмай, көмек көрсетпеген.

2024 жылдың 13 мамырында сот Қуандық Бишімбаевты азаптау және адам өлтіру баптары бойынша кінәлі деп тауып, оны 24 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл іс Қазақстан тарихындағы ең резонансты істердің бірі болды. Қоғамда зорлық-зомбылыққа қарсы кең талқылаулар мен наразылықтар өрбіді. Әйелдердің құқығын қорғаушылар, заңгерлер және белсенділер отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы заңдарды күшейтуді талап етті.

2024 жылдың басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заңға қол қойды. Халық арасында бұл құжат "Салтанат заңы" деп аталып кетті. Жаңа заң 2024 жылдың 16 маусымынан бастап күшіне енді.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 06 Қазан, 2025 11:43
Талқылау