Суық су да жоқ: Ақтау тұрғындары су тапшылығына наразылық білдірді
Ақтау тұрғындары жаз келмей жатып су тапшылығы туындағанына наразы. "Шаңырақ" тұрғын үй кешенінде 10 күннен бері құбырдан су ақпаған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Түсірілімнен сркиншот
Ақтау тұрғындары жылда ауыз судан тарығады. Бірақ мәселе шешілер емес. Жауаптылар бұл мәселені шешу қыруар қаржы талап ететінін айтады. Маңғыстау облысын сумен, жарықпен және жылумен қамтамасыз ететін МАЭК серіктестігінің жабдықтары 80%-ға тозған.
Тұрғындар әкімдік өкілдері мен арнайы мамандармен талай кездескен. Амалы таусылған жұрт бір жұтым суды сырттан тасып ішуге мәжбүр. Алғашында ыстық су ажыраса, енді салқын су да жоқ.
“Үнемі осы, бір-екі жылдан бері проблема шешілмей жатыр. Соның ішінде биыл 28 наурыздан бері су жоқ. Жылу суды мүлдем ұмыттық”, – деді Ақтау қаласының тұрғыны Қалмұрат Айтқұлов.
“Бір грамм су да ақпайды, кір жу, дәретхана суын ағызу, ыдыс-аяғымызды жуу да қиындады. Балаларымызды неше күннен бері біреудің үйіне тасып, шомылдырып жатырмыз. Ыстық су жоғына, суды графикпен беретініне де көндік. Енді мүлде су жоқ деген масқара”, – деді ақтаулық Гүлзира Айдабасова.
Бүкіл өңірді тіршілік нәрімен, электр энергиясымен және жылумен қамтамасыз ететін "МАЭК" кәсіпорнындағы жабдықтардың тозығы жеткен. Соның кесірінен халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету қиын болып отыр. Басшылық кәсіпорынды модернизациялау үшін республикалық бюджеттен бес миллиард теңгеге жуық қаражат сұраған. Қазір мәселе қаржы министрлігінде қаралуда
“Модернизация бойынша жоспарымыз бар. Ол – ЖЭС-1-де үш қазандық, бір трубина ауыстыру мәселесі. Сосын ЖЭС-2-де бір қазандық пен бір трубина энергетикалық қазандық салынады. Олардың жобасы дайын. Қазір сараптамада, жақын арада сараптама қорытындысы шығу керек”, – деп түсіндірді "МАЭК" ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Мұрат Иғалиев.
Су тұшыту және дистиллят дайындау қондырғыларының жабдықтарын ауыстыру үшін облыстық бюджеттен 2 миллиард 600 миллион теңге бөлінген.
МАЭК – еліміздегі тауарлық газдың ең ірі тұтынушысы, оның тұтыну көлемі айына 130-180 миллион текше метрге жетіп отыр. Пайдаланылатын газдың құны кәсіпорын өндіретін өнімнің өзіндік құнының 60%-на теңескен.