Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Салымшылардан 21 миллиард теңге жинаған: Amanat Drive қаржы пирамидасының бас ұйымдастырушысы қамауға алынды

Фото: gov.kz

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті Amanat Drive қаржы пирамидасының қызметін әшкереледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агнеттігі хабарлайды.

Ведомство мәліметінше, қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары тұрғындарға пайызсыз бөліп төлеу арқылы жылжымайтын мүлік пен автокөлік сатып алуды ұсынған. Алайда бұл міндеттемелер толық орындалмаған, ал мүлік туыстары мен жақындарына берілген.

Қаржы пирамидасы 8 мыңнан астам салымшыны тартқан, олардың жалпы салған қаражаты 21 миллиард теңгеден асқан.

"Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру мақсатында, қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы бірнеше деңгейлі заңсыз схема жасаған. Ол өз бақылауындағы заңды тұлғаларды – "Алло, не керек", "i-m@rketing", "Gold SapaPremium" ЖШС-ларды пайдаланған.

Бұл компаниялар жалған жеткізушілер ретінде көрсетіліп, жарнама қызметтері, жылжымайтын мүлік пен көлік нарығына талдау мен болжау жүргізу секілді қызметтерді орындаған болып көрінген. Осы жалған шарттар негізінде 1,8 млрд теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, сыртқа шығарылған", – деп мәлімдеді Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдері.

Агенттік мәліметінше, қылмыстық кірістер есебінен жеке тұрғын үйлер, астанада пәтерлер, сондай-ақ HUMMER H2 және Lexus LX570 маркалы қымбат автокөліктер сатып алынған.

"Бұл мүліктер мүмкін болатын тәркілеуден жасырыну мақсатында сенімді адамдардың атына рәсімделген. Сот санкциясымен мүлікке және тұтыну кооперативінің шоттарына тыйым салынды. Қаржы пирамидасының бас ұйымдастырушысы қамауға алынды", – делінген ведомство хабарламасында.

Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

Еске салсақ, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Happy Life KZ қаржы пирамидасының құрылтайшысына қатысты айыптау үкімі жарияланғанын жазған едік. Ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 03 Маусым, 2025 10:38
Талқылау