"Бауырым мектепке көтеріп алып келді": Сал болып туған қазақстандық каратэнің арқасында аяққа тұрды

Нұр-Сұлтанда бала кезінен церебралды сал ауруы (церебралды паралич) диагнозы қойылған 32 жастағы тұрғын каратэден қара белбеудің иегері болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Алматы" арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

АйдосСурет: inform.kz сайтынан

Айдос Медьянов сал болып туылған. 13 жасына дейін мүлдем жүре алмаған. Төсек тартып жатқан кезінде   кинотуындылардағы Брюс Ли, Джеки Чан, Джет Ли сияқты актерлерге еліктеген екен.  

"Негізі дəрігерлер ата-анама мені ешқашан жүрмейді" деп айтты. Балада ешқандай мүмкіндік жоқ жүретініне деген. Бала кезімнен осындай шығыс күреске қызығатынмын. Сол кезде Астанада және бұрынғы Ақмолада бүкіл мектептерді іздеп, бірақ та бірде-бір мектеп осындай адамды, мүмкіндігі шектеулі баланы ешкім қабылдаған жоқ", – деді Айдос Медьянов.

Айдос

Сурет: inform.kz сайтынан

2012 жылы Айдос "Каратэ барлығы үшін" деген бағдарлама жайлы естіп, жаттықтырушыны тауып алады. Шығыс жекпе-жегіне жазылып, үзбей қатысады. Мақсатына берік жігіт арманына деген зор сенімінің, қайсар мінезі мен жақындары, сондай-ақ жаттықтырушысының арқасында екі балдағын тастайды.

"Айдос құлаған сəттер болды. Достары көтеріп,  көмектескісі келетін. Мен өзі тұрсын деп рұқсат бермедім. Ол бəрімен бірдей жаттықты. Айдостың рухы мықты, айтқанынан қайтпайтын қайсар мінезді жігіт. Ол қара белдікті қорғау жаттығуларын бес сағат бойы ешбір көмекші құралсыз өз күшімен істеп шықты. Оған қарап тұру маған оңай болған жоқ, дегенмен онымен бірге жұмыс істеген 8 жылда менің кеудеме оның ерік-жігері мықты екені туралы сенім ұялаған", - деді Айдостың жаттықтырушысы Рүстем Сұлтанбек.

Бұған қоса ол өзінің шәкіртін басқаларына үлгі ететінін алға тартты. 

"Айдос - жүрегі таза адам. Оны жаттығу залынан көрген кезде мен шабыттанып кетемін. Онымен жұмыс істеу арқылы сабырлы, шыдамды болуға үйрендім. Айдос каратэ мектебіне келушілерге қойылатын талаптың жоғары болуына ықпал етті. Он екі мүшесі сау адам жаттығуға келмей қалса қатты ашуланып, Айдосты оларға үлгі етемін. Себебі ол жаттығуға қалмай келеді. Бірде әкесі, бірде анасы, енді бірде бауыры алып келсе, енді бірде таксимен келеді. Ол жыл мезгіліне, ыстық-суыққа қарамайды", – деп қосты Рүстем Сұлтанбек.

ҚазАқпаратқа берген сұхбатында Айдос каратэ мектебіне оны бауыры арқалап алып келгенін айтыпты.

"Ол кезде екі балдақсыз жүре алмайтынмын. Мектепке бауырымның арқасына отырып келген кездер де болды. Қазір бір балдақтың көмегімен жүре алатыныма шүкіршілік етемін. Кейде жаттығу залдарында балдақтарсыз жүремін. Бұл - менің үлкен жетістігім", - деп қосты ол.

Айдос

Сурет: inform.kz сайтынан

Қазір Айдос - қара белбеу иегері. 

"Мен. мұны көп армандадым, мақсат қылып алдыма қойдым. Ешкім де сал ауруына тап болып, шығыс жекпе-жегінен қара белдік иеленбеген. Мен үйде мүгедек арбасына танылып отырғандарға рух сыйлай отырып, адам баласы еңсере алмайтын белес жоқ екенін дәлелдегім келді. Әр адам - өз өмірінің иесі.  Алдағы уақытта осы шығыс жекпе-жегін Жапонияда үйренгім келеді. Сол үшін жапон тілін үйреніп те жүрмін. Мен қара белбеуге ұстазым мен жақындарымының қолдауы арқасында қол жеткізе алдым», - дейді Айдос.

Қос аяққа нық тұруға көмек болған каратэмен Айдос əрі қарай да айналыспақ. Ал болашақта сал болып туған  балаларға дəл осындай мектеп ашуды армандайды. Олар да төрт қабырғада қамалып отырмай,  толыққанды өмір сүруін қалайтынын айтады.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр