Сәкен Майғазиев: Өнер мектебін елден қалмайын деген ашкөздікпен ашқан жоқпын
Қазақ шоу-бизнесінің өкілдерінде жаңа қадам. Барлығы дерлік жеке мектептерін, студияларын, ателье ашуды сәнге айналдырған. Осы оқу жылында Сәкен Майғазиевтің де мектебі іске қосылды. Бұл көштен қалмаудың амалы ма, әлде мақсаты биік жаңа қадам ба? Stan.kz тілшісі әншімен сұхбаттасып, осы сұрақтың жауабын табуға тырысты.
– Аға, қайырлы күн. Жаңа мектебіңіз құтты болсын. SMArt мектебінің басты мақсаты қандай?
– Рахмет, көп-көп. «Барлық өнер адамдары мектеп ашып жатыр. Мен де ашамын» деген ашкөздік немесе бәсекеден туған ой емес. Мен бұл қадамға саналы түрде келдім. Осындай жеке мектеп ашуды талай жылдар іштей армандап жүрген едім. Өте мықты Ресейлік режиссер О.П.Табаковтың өзінің академиясы бар. Ол білім орталығынан түлеп шыққан шәкірттер еш талқысыз кез-келген театрға қызметке тұрып немесе кез-келген фильм, спектакльдерде бой көрсете алады. Мамандар да оларды еш талқысыз таңдайды. Мен де сондай мықтылардың мектебін ашуды ұзақ қиялдадым. Көрінгенге тамсанып жүрген заманда өзіміздің дінімізді, ділімізді, тілімізді сыйлайтын, қазақи салт-дәстүрді ұстана білетін, көкірегі ояу, көзі ашық патриот жастарды тәрбиелеуміз керек. Ал, оның іргетасын бала кезден қаламасақ әрине, оңды-солды жалтақтап, сырттан үлгі алғысы келетін болады.
Youtube желісі тұрған кезде ондай еліктеушілікке еш тоқтау бола алмайтынымызға көзіміз жетті. Ең болмаса теңізге тамған тамшыдай үлесіміз болсын деген ниетпен мектебіміз өз жұмысын бастамақ. Әрине, мектеп аштым. Енді бәрі керемет болады деп айтпаймын. Мың ата-ана болса, сонша пікір, көзқарас та болады. Және балалардың тағдырымен ойнауға болмайды. Мектеп ашу, оны іске асыру, білім беру үлкен ыждағаттылықты, сабырды талап етеді. Инемен құдық қазғандай жұмыс. Құдай қаласа, мықты шәкірттер тәрбиелеп, жоғарғы нәтижелерді көрсетеміз деп сенемін. Оқушыларым халықаралық бәйгелерде жүлделі болса, мемлекетке қарасы үлкен кештерде өнер көрсетсе деген үлкен армандарым бар.
– Мектеп ашу оңай іс емес. Демеушіңіз бар шығар?
– «Инвестор» немесе «демеуші», «қолдаушы» десем болатын шығар. Көрші бауырымыз, білікті кәсіпкер Ерген Қажымұқан деген азамат бұл бастама туралы естіген кезде білек түріп қолдауға кірісті. Әйтпесе, бірден апыл-ғұпыл мектеп ашып, іске қосу оңай емес. Тіпті, жөндеу жұмыстарын Асқар деген азамат екеуі мойнына алып, бітіріп берді. Және Әсия Несіпбаева деген мықты ұйымдастырушы қарындасымыз да қолұшын беруден аянып қалмады. Осы көпшіліктің арқасында еш ауыртпашылық түскен жоқ. Әйтпесе, жалғыз ағаштың орман болмасы белгілі ғой.
– «Музарт», одан қалды жеке шығармашылық, гастролдік сапарлар, тойлар, отбасы. Бұлардан кейін мектепке Сәкен Майғазиевтің уақыты болады ма?
– Менің өмірімде отбасымнан кейін бірінші орында тұратын ол «Музарт» тобы. Топтағы азаматтардың әрқайсының өмірімде өзіндік ойып алар орындары бар. Ансамбльдегі әр азаматтармен өзара бір-бірімізге түсіністікпен қараймыз. Жас бала емеспіз. Таласып, қырық пышақ болатын себеп те жоқ. Мысалы, продюсеріміз Ерлан қазір Астанада магистратурада оқуда. Мен де доктарантурада оқып жатырмын. Өскелең ұрпаққа өнер деген үлкен ғылым екенін дәлелдегіміз келеді. Одан бөлек расымен, концерттер, сапарлар, кештеріміз бар. Сондықтан, Құдайдың құтты күні 24 сағат бойы мектепте боламын деп айта алмаймын. Бұл туралы ата-аналарға да алдын ала ескертілді. Ертең «айына бір рет көреміз», «үнемі мектепте болмайды» немесе тағы сол секілді өкпе-наз болып, наразылықтар, басқа да қаңқу, пыш-пыш әңгімелер болмасын деп айттым.
Әрине, Алматыда болған кезде міндетті түрде оқу орталығынан табылуға тырысамын. Айтпақшы, бір қуанғаным осы мектепте балалары білім алсын деп алыс-жақын ауылдардан көшіп келген ата-аналар бар. «Балаңыз дарынды. Алайда, мұндай тәуекел аса қажет емес. Мектебін бітірген соң да білімдерін басқа музыкалық мектептерде жалғастыра алады» десем де тәуекел етіп қоныс аударған жандар бар. Мұндай үлкен қадам маған қуаныш пен өзіме деген сенім, және үлкен жауапкершілікті сезіндірді. Ондай баласы үшін жанын беруге дайын ата-аналарға алғысым шексіз.
Ескерту! Материалды көшіріп басу үшін, редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.
Жіберіп алмаңыз:
Төреғали Төреәлі Алматы төрінде дүркіретіп той жасады (видео)
Роза Рымбаева: Өлген адамды тірілте алмайтынымыз өкінішті
Үйлену тойында жарына арнап ән айтқан Төреғали дүйім жұртты сүйсіндірді (видео)
Ернар Айдар әріптестерінен қалмай, әйелін ресми түрде халыққа таныстырды (видео)