Сәкен Майғазиев: Динара маған тұрмысқа шыққанда қайынатам қатты қуанған
Сәкен Майғазиев пен жұбайы Динараның таныстығы сонау 1994 жылы Ж. Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің қабырғасында бастау алған. Stan.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген жарасамды жұп бұл жолы студенттік жылдары бастан кешкен қызықтары мен қиындықтары жайлы айтуда жөн деп шешті.
Алғашқыда Майғазиев 2 курста оқып жүргенде, Динара балмұздақ бойжеткендердің қатарында болған. Сәл уақыт өткен соң, шымкенттік жігіт, солтүстіктің сұлуына сөз салады.
«Менің қайын атам қатты қуанған, қызым оңтүстікке тұрмысқа шықты деп» – дейді қайын атасының көңілін бірден баурап алған күйеу баласы.
Иә, қайын атасының бөрігін аспанға атып, қуануы да тегін емес. Өйткені, Динараның әкесі оңтүстіктің салт-дәстүрін жетік меңгерген адам болып шықты. Бұл құпияның құлпын Сәкеннің жұбайы алғаш рет Stan.kz оқырмандарына ашып отыр.
«Біз енді солтүстікте туып өскенімен, менің әкем өзі оңтүстіктікі. Түркістанның тумасы. Біз каникулға кеткен кезде, Сәкен біздің үйге телефон соғып тұратын. Сол кезде әкем байқаса керек, досың ба деп сұрады. Қай жақтікі деді, Шымкентікі дедім. Ааа, жақсы екен досың деп күлді» – дейді Сәкеннің жұбайы Динара Асылханқызы.
Айта кетейік, үш жыл бойы көңіл жарастырған екі жас бір-бірін ұзақ уақыт зерттеп, соңында шаңырақ көтеруге бел буады. Бүгінде мыңдаған жанкүйерлердің ықыласына бөленген «Музарт» тобы ол кезде құрылмаған. Сондықтан, 22 жастағы Сәкен үшін жар таңдауда танымалдылық тарту бола қойған жоқ.
«Менің жұбайым Сәкен Майғазиевқа емес, Майғазиев Сәкенге ғашық болған адам да. Кәдімгі қарапайым қазақтың жігіті, болашақ жарым деп ғашық болды деп ойлаймын. Біздің алдымызда қандай асулар тұрғанын білген жоқпыз. Қиындықтарды көрдік, ащы-тұщыны көрдік» – дейді өткен күндерді сағына еске алған Сәкен Майғазиев.