Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сәкен Майғазиев: Алған несиемді жаба алмай жүрмін

Өскемендік «Дидар» басылымының тілшісі Сәкен Майғазиевтен сұхбаттаса отырып әншінің отбасы, тұрмысы мен сахнадан басқа кәсібі жайлы сұраған.Қайырымдылық шаралары мен қоғамдық мәселелерде жиі төбе көрсететін «МузАрт» тобының әншісі біреулерге қамқорлық көрсетіп жүргені мен,өзі де банк алдында қарыздар екенін жасырмаған.

майғазиев

Бұрындары халық жаз шықса ауыл жақты аңсап, сонда тартып кеткісі келіп тұратын. Қазір шетел аралап, теңіз жағасында демалушылар көп. Өздеріңіз өткен жылдары Катонқарағайда тынығып, тау-тасты аралап қайттыңыздар. Осы жазда қайда демалдыңыздар?

«Иә, оныңыз рас. Жазғы каникулда қала балалары ауылдағы ата-әжесіне барып, құрт-майын жеп, қозы бағып, асық атып, асыр салып ойнайтын. Заманына қарай адамы да өзгеріп барады. Елімізде туризм саласы дамып жатса жақсы жерлер бар. Алыс-жақыннан қонақтарымызды ұялмай шақыратын көрікті табиғатқа да баймыз. Бірақ «кісідегінің кілті аспанда» демекші, кейбіреулер қол жетімсіз баға қойып, ақшаңды сығып алып қоя береді. Шындығын айтсам, өзімізде демалу шетелден қымбат. Бірақ шетелдегідей қызмет мүмкіндіктері жоқ. Несін жасырамыз, ебін тауып екі асағысы келеді көбі. Бір келген адамды енді келмейтіндей етіп қоя береді. Ол сауданың көзін білместік деп ойлаймын. Ал Түркияға барсаң сервисі де, күтіп алуы да, тамағы да сұранысқа сай. Барлық мүмкіндік бар. Отыңмен кіріп, күліңмен шығуға дайын. Мойындауымыз керек, олар еңбекқор, ақшаның қадірін біледі. Шетелдің жаман жағын ғана емес, жақсы жағын да үйренгеніміз дұрыс. Соңғы жылдары өзім шетелге шыққан жоқпын. Осы жазда отбасыммен біраз күн Сарыағашта демалып қайтты»,-дейді әнші.
Әншілігіңіз туралы сұрамай-ақ қояйын. Онсыз да шығармашылығыңыздан хабардармыз. Тұрмыстық мәселелерге тоқталар болсақ, басыңызда несие бар ма?

«Рақмет. Қойылып жатқан сұрақтарың таптауырын еместігіне өз басым риза болып отырмын. Қазіргі заманда мойнында несиесі, қарызы жоқ адамдар некен-саяқ қой деймін. Елдің басында бар мәселе менде де бар. Жұрт әдемі костюмдерін киіп, беттерін жылтыратып сахнаға шығып жүре береді деп ойлайтын шығар. Шындығында, олай емес. Өз басымда несие бар. Алла тағаланың харам еткен дүниесі қайырлы болмайды екен. Сол несиені алған кезде оңтайлы жолмен құтыламыз деп ойланбамыз. Бірақ әулетімізбен төлеп құтыла алмай жүрміз. Мүмкіндік болса несиеге жоламаған дұрыс. Жегеніңді желкеңнен шығарып, екі есе қылып қайтарып алады екен. Одан да сол қаржыны отбасыңа, бала-шағаңа жұмса. Отбасыңның асыраушысы болғаннан кейін жауапкершілік те көп. Мысалы бір әулет маған қарап отыр, Бесбаевтар әулеті Мейрамбекке қарап отыр, Кенжебектің отбасы Кенжебекке дегендей. Олардың да, менің де креслода отырған ағаларымыз жоқ. Тапқан нәпақамыз маңдай термен, еңбекпен келеді. Ел қатарлы біз де жұмыс істейміз. Кейбіреулер әншілерге ақша ағылып келіп жатыр деп ойлайтын шығар. Олай дейтінім, инстаграм, фейсбук арқылы қаржылай көмек сұрап жататын мұқтаж жандар өте көп. Бірақ шәриғатта «алдыңмен өзіңді жарылқа» дейді. Өзіңнен кейін ағайын-туыстарыңа, содан кейін барып мұқтаждарға қол ұшын беру керек. Аллаға сан шүкір айтамыз. Біздің жеп жүргенімізді жей алмай жүргендер де бар. Өзіміз қарыз болып жүрсек те, қайырымдылық жасауға тырысамыз»,-дейді Майғазиев.

Әншіліктен басқа табыс көзі болатындай кәсіптеріңіз жоқ па?

«Кәсіп ашу туралы ойлар болған әуелде. Бірақ бізге қол емес екен. Інім де несие алып, кәсіп ашқысы келген еді. Ол да болмады. Қысқасы, қосалқы бизнес жоқ. Әрине, өнерде жүрген кейбір достарымыз қосымша кәсіптерін дөңгелетіп отыр»,-деді «МузАрт» тобының әншісі Сәкен Майғазиев.

Талқылау