Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“IBA ұйымдастырған әлем чемпионаты әділетсіз өтті деген пікірмен келіспеймін” — Қырғызстан бокс федерациясының экс вице-президенті Нурсултан Мойдунов

боксФото:Жеке парқшасынан

Дубайда IBA ұйымдастыруымен өткен әлем чемпионаты тартыс әрі даулы жекпе-жектермен ғана емес, тарихи нәтижелермен де ерекше есте қалды. Солардың бірі қырғыз боксшылары байрақты бәсекеде 1 күміс, 1 қола жүлде алып Қырғызстан боксының тарихын жаңартты. Осы тұста Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Қырғызстан бокс федерациясының экс вице-президенті Нурсултан Мойдуновтан сұхбат алды. Нурсултан Мойдунов cұхбат барысында Дубайдағы әлем чемпионатына да тоқталып, төрешілердің жұмысына оң бағасын беруде.

– Нұрсұлтан мырза, бұған дейін Қырғызстан бокс федерациясының вице-президенті қызметін атқардыңыз. Қазіргі таңда сол қызметте істеп жүрсіз бе? Қазір қай саладасыз?

– Бұған дейін Қырғызстан Республикасы Бокс федерациясының вице-президенті қызметін атқардым. Алайда бір жыл бұрын бұл қызметтен кеттім. Қазіргі уақытта федерацияда жұмыс істемеймін, бірақ бокстан алыстап кеткен жоқпын. Қазір Жапонияның "Сайкоулаш" атты промоушн ұйымында атқарушы директор қызметін атқарамын.

 ⁠Дубайда IBA ұйымдастырған әлем чемпионатында Қырғызстан құрамасы 1 күміс, 1 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте үздік бестікке еніп, тарихи нәтиже көрсетті. Бұл жарысқа қанша уақыт дайындалдыңыздар? Дайындық барысы қалай өтті?

– Дубайда өткен Әлем чемпионаты Қырғызстан боксы үшін тарихи дода болды. Бұған дейін қырғыз боксшылары әлем чемпионатының финалына шыққан емес. Бұл жолы Омар есімді боксшымыз финалға жолдама алып, ел боксының тарихында жаңа белес ашты. Аталған чемпионатта қырғыз боксшылары 1 күміс және 1 қола жүлде жеңіп алып, тарихи жетістікке қол жеткізді. Дайындық барысында біз Ташкент қаласында Қазақстан және Өзбекстан боксшыларымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп, жоғары деңгейде дайындалдық.

– Дубайда өткен әлем чемпионатында жанкүйерлер бірқатар даулы жекпе-жектер болды деген пікірлерді көптеп айтылуда.  Бұл пікірлермен келісесіз бе? Сіздің ойыңызша, қай жекпе-жектер күмән тудырады?

– IBA ұйымдастырған әлем чемпионаты әділетті өткен жоқ деген пікірмен 100% келісе алмаймын. Негізі жарыстың 90 пайызы әділ өтті. Жалпы жекпе-жектердің басым бөлігінде төрешілер әділетті түрде бағалады.
Тағы бір пікірді байқап қалдым: қазақстандық Ерасыл Жақпековтың жеңісін Джамбулат Бижамовқа берді деген пікір. Алайда жеке менің ойымша, ол жекпе-жекте Джамбулат Бижамов бірінші раундты ұтты, ал екінші раундта Ерасыл Жақпеков жеңді. Соңғы раундтың басында Ерасыл қарсыласын нокдаунға түсірді. Бірақ соңғы екі минут бойы ресейлік боксшы дәл соққыларды көбірек дарытты. Дегенмен Instagram-да тек Ерасылдың нокдаун жасаған сәтін ғана көрсетіп, ол жеңген сияқты көрсетті. Ал жалпы жекпе-жекті алып қарасақ, Ерасыл Жақпеков шын мәнінде ұтылды.

– Соңғы жылдары Қырғызстанда бокс жақсы дамып жатқан сияқты. Мунарбек Сейітбекұлының Олимпиадада жеңіп алған жүлдесінің әсері ме? Әлде басқа жағдай себеп болды ма?

–  Қырғызстанда тек бокс ғана емес, басқа да спорт түрлеріне айрықша көңіл бөлініп жатыр. Бұл бағытта еліміздің Президенті Садыр Жапаров мырзаның үлесі зор. Сонымен қатар Қырғыз Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қамшыбек Қыдышаевич те барлық спорт түрлерін жан-жақты қолдауда. Мемлекет басшыларының спортқа көрсетіп отырған қолдауы – біз үшін үлкен мүмкіндік.

Мунарбек Сейітбекұлының Париж Олимпиадасында жеңіп алған күміс жүлдесі мен әлем чемпионатындағы қола жүлдесі көптеген жастарға шабыт сыйлады. Оның осы жетістіктерінен кейін Қырғызстандағы көптеген жас спортшылар боксқа ерекше қызығушылық таныта бастады. Сондықтан елде бокстың дамуына Мунарбектің қосқан үлесі зор деп айтуға толық негіз бар.

–  ⁠Мунарбек мырзаның жеке бапкері не себепті Париж Олимпиадасына бармады? Бұған не себеп болды?

– Париж Олимпиадасында Мунарбек Сейітбекұлының жеке бапкері не себепті Олимпиадаға бармағаны жайлы нақты білмеймін. Алайда мәліметтер бойынша біз Олимпиадаға лицензияны соңғы жарыстарда ғана ие болдық. Содан кейін бір боксшыға бір бапкер ғана деп айтты дегенді ғана естідім. Бірақ бұл жайлы нақты хабарым жоқ.

–  Қазақстанның боксы туралы не айтасыз? Қандай баға бересіз? Кімдермен жақсы араласыз?

– Қазақстанның бокс мектебі өте күшті. Дүниежүзінде қазақстанның боксы үздік бестіктің қатарына енеді. Өйткені қазақ боксының табаны жақсы қаланған. Ал қазақ боксшыларының ішінде Сәкен Бибосыновпен жақсы араласамыз. Себебі Сәкен “Сайкоулашпен” кәсіпқой бокс та келісім жасаған. Жалпы Сәкен Бибосыновтың адамгершілігі өте жоғары азамат екен. Сәкенді өте қатты сыйлаймын.

– ⁠Қазақстан мен Өзбекстан боксын жиі салыстырады. Сіздің ойыңызша, мұндай салыстыру қаншалықты орынды? Екі ел боксының басты айырмашылығы неде?

– Қырғызстан екі елдің боксын көп салыстырмайды. Шыны керек  Кеңес дәуірінің мектебі мықты. Бірақ қазірға таңда өзгерістер бар. Өйткені қазір Өзбекстанда кубадан келген бапкерлер бар. Сол себепті стильдері өзгеріп жатыр. Өзбекстан қазір көбінесе “игровый стильге” өтіп кетті. Ал Қазақстаннан ағайынды Махмұд пен Төрехан Сабырхандардың бокстасу мәнері ерекше. Басқа қазақ боксшылар бұрынғы кеңес мектебінің мәнерінде жұдырықтасады.

– ⁠Қазіргі Сайкоулаш деген ұйымда проуметр болып жұмыс істейді екенсіз. Сәкен Бибосынов пен Хасанбой Дусматовтар бұл ұйымда жұдырықтасады. Бұл алдағы уақытта да жалғасын таба ма? Болашақта Сәкен мен Хасанбойдың кәсіпқой бокстағы жекпе-жегін көруіміз мүмкін бе?

– Сәкен мен Хасанбой осы “Сайкоулашпен” келісімшартқа отырған. Егер Сәкен Бибосынов пен Хасанбой Дусматов жұдырықтасса, өте тартысты жекпе-жек болары анық. Дегенмен, қос боксшының болашақта кездесетіндігіне қатысты нақты ештеңе айта алмаймын. Себебі Сәкен Бибосынов бойы ұзын және 52 келі салмақта бокстасса, ал Хасанбой Дусматов 58 келіде өнер көрсетеді.

– ⁠Қырғызстанда боксқа жақсы қолдау көрсетіп жатыр ма? Қаншалықты қаржы бөлінеді?

–  Иә, қырғыз боксына қолдау бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсы. Дегенмен, қаржылай жеткіліксіз. Шетелге шыққанда боксшылар әрқайсысы жеке бапкерімен барғаны дұрыс болар еді. Дегенмен, қолдау бұрынғыдан жақсы, себебі біз боксшыларымызды әр жарыстан тыс қалдырмай, апарып жүрміз. Олар соңғы жылдары Еуропаға да, тіпті Америкаға да барып қайтты.

– Осы Дубайдағы әлем чемпионатында сіздерде визаға байланысты проблема туындады. Не себепті мұндай жағдай орын алды? Бұндай мәселе бұрын-соңды болды ма?

- Бізде Дубайдағы әлем чемпионаты алдында визаға қатысты түсініксіз мәселелер туындады. Негізі, Дубай Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарына визасыз режим енгізген. Ал Қырғызстан азаматтары тек виза арқылы бара алады. Бұған дейін де Дубайға бару қиындап кеткен еді: тіпті саяхаттаған адамдарға да виза берілмеді. Тек отбасылық визалар берілді, ал жалғыз басты ер азаматтарға виза бермеді.

Ақерке Өмірхан
Жұма, 26 Желтоқсан, 2025 12:33