Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сақ стилі" банкноталарының жаңа сериясы: Астанада инвестициялық монеталар таныстырылды

Ұлттық банк "Сақ стилі" банкноталары мен “KOKBÓRI” инвестициялық монеталарының жаңа сериясын көпшілікке таныстырды. Бүгін елордадағы ұлттық музейде "Қазақстанды монеталар арқылы таны" атауымен көрме ұйымдастырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ұлттық валютаның айналымға шыққанына биыл 30 жыл толды. Мерейлі дата аясында ұйымдастырылған көрмеге инвестициялық және коллекциялық монеталар қойылған.  

Шараның негізгі мақсаты – "Сақ стилі" банкноталары мен KOKBÓRI инвестициялық монеталарының жаңа сериясын көпшілікке таныстыру, сондай-ақ банкноталар мен монеталар шығару саласындағы Қазақстанның жетістіктерін көрсету.

Ұлттық банктің бас дизайнері Алмат Басенов "Сақ стилі сериясы бойынша әзірленген банкноталардың идеялық мақсаты жайлы айтып берді.  Оның айтуынша, монеталарға басылған бейнелердің өзіндік ерекше символикасы бар.

“Әдетте 5-10 жыл ішінде банкнота дизайнын ауыстыруға ұсыныс жасалады. Сәйкесінше, биыл ұлттық банкноталарымыздың дизайнын өзгерту туралы шешім қабылдадық. “Сақ стилі” деген атаумен аталатын банкноталар сериясында Қазақстан аумағында түрлі кезеңде табылған артефактілерді бейнеледік және олардың барлығы сақ дәуіріне жатады. “Сақ стилі” арқылы Қазақстанның көшпенділер мәдениеті мен сақ мұраларына бай екенін көрсеткіміз келді және оны барынша кеңінен насихаттауды жөн санадық. Біздің ою-өрнек пен ұлттық нақыш осы сақ дәуірінен бастау алады. Дүниежүзілік қаржы шығару қауымдастығы осы “Сақ стилі” жаңа сериясымен шыққан валюталарымызға жоғары баға береді деген сенімдеміз”, – деді ҚҰБ бас дизайнері Алмат Басенов.

Көрме экспонаттары негізінен елдің қалыптасуы мен дамуын суреттейді. Монеталарға басылған ерекше символикалар мәдени, саяси және тарихи кезеңдерді қамтиды. Халқымыздың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері де монеталарда ерекше дизайндармен бейнеленген.

Ұлттық банктің банкноталар мен монеталарды жобалау басқармасының бас маманы Айжан Машееваның айтуынша, монеталардың құны Лондон биржасындағы доллар бағамы мен алтын бағасына байланысты күн сайын өзгеріп отырады.

"Монетаны сатып алуға болады, сосын бағаның өскенін көрсеңіз жеке куәлігіңізбен кез-келген филиалға әкеліп тапсыруға болады. Оның алтын екенін алдымен тексереді. Тексеруге үш күннен он күнге дейін уақыт кетеді. Кейін алтынның курс бағамына сай сізге сол сомадағы қаражат береді", – деп атап өтті Машеева.

Көрмеге келушілер алтыннан, күмістен, сондай-ақ бағалы емес металдардан жасалған 500-ден астам  монеталардің түр-түрін тамашалады. Әрбір монета жаңа технологиялық әдістер арқылы әзірленген. Экспозициялық көрмеде халықаралық байқауларда жоғары бағаға ие болып, жүлделі орындар берілген монеталар да көпшілік назарына ұсынылды. Олардың салмағы 2 келі болады және сирек кездесетін ірі монеталар қатарына жатады. 

Көрмеде "Сақ стилі" элементтеріне негізделген банкноталардың жаңа сериясы ұсынылды. Олар айналымға кезең-кезеңімен енгізіледі.

“Көрмеде "Сақ стилі" элементтеріне негізделген банкноталардың жаңа сериясы ұсынылды. Олар айналымға кезең-кезеңімен енгізіледі.
"Бірінші кезекте жыл соңына дейін бес мыңдық купюралар айналымға шығарылады. Қалған номиналдағы ақшалар алдағы екі жылда кезең-кезеңмен айналымға шығарылады. Жаңа сериядағы банкноталар ескілерімен бір жыл бойы қатар айналымда болады. Бір жылдық мерзім өткеннен кейін үш жыл көлемінде ескі банкноталарды жаңа сериядағыларға екінші деңгейлі банктерде және "Қазпошта" бөлімшелерінде айырбастап алуға болады”, – деді Ұлттық банктің баспасөз хатшысы Асан Ахметжан.

Келушілердің назарын аудартқан тағы бір дүние – ерекше дизайндағы монеталар. Оның ішінде "Көшпенділердің ғибадат жануарлары – тотемдері" монеталар сериясының көркемдік тұжырымдамаларын пайдаланған “KOKBÓRI” инвестициялық монеталары. Ұлттық банк дизайнерлері инвестициялық монеталардың ребрендингін көрме келушілеріне түсіндіріп берді.

Ұлттық нақыштағы элементтер қамтылған эксклюзивтілік пен дизайнерлік KOKBÓRI монеталары инвестициялық құрал ғана емес, коллекциялауға болатын және сыйлық ретінде беретін бұйым ретінде қызығушылықты арттырады. 

Талқылау