Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сақ дәуірінен қалған: Еріктілер Жетісу облысында көне петроглифтердің бөлшектеліп жатқанын айтып, дабыл қақты

Наурыз айының соңында Талдықорған қаласының маңында сақ дәуірінің жартастағы және одан да көне петроглифтері орналасқан Темір төбесінің түпкілікті жойылуы басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: "Петроглиф ізшілері" қоры

Еріктілердің айтуынша, тарихи петроглифтері бар тас тақталар темір ломдар арқылы жұлынып жатыр. Тарихи мұралардың жойылу қаупі төбеге көршілес аумақарда да бар екен.

Қоғам бенсендісі Мұхтар Тайжан баспасөз мәслихаты барысында президенттің ұлттық құрылтайда айтқан "Қазақстанды петроглифтер елі деп бекер айтпаған” деген сөзін еске түсірді. Оның айтуынша, құнды сызбалардың ең көп шоғырланған өңірі Талдықорған қаласының маңы. Осы аймақта Ешкіөлмес, Архарлы, Ордақұл секілді әлемдік стандарттағы жартас өнерінің үздік үлгілері сақталған. 

"Петроглиф ізшілері" қорының жетекшісі Ольга Гумированың айтуынша, Темір төбесінен кеңес дәуірінен бері құрылыс материалдары өндіріліп, кең таралған тау жынысы диорит алынады. 2023 жылы "Темірбетон" компаниясы төбеде жару жұмыстарын бастаған. Компания жекеменшік "Қазархеология" ЖШС-нен алынған сараптама деректеріне сүйене отырып жұмыс істейтіндерін айтады. "Темірбетон" компаниясы мен "Қазархеология" мамандары сараптама туралы толық қорытынды беруден бас тартты.

Талдықорған мен Алматы тұрғындары наразылық білдірген соң жұмыс уақытша тоқтатылған. Қызылтастың суреттерін сақтау мәселесі депутаттар Сергей Пономарев пен Ирина Смирнованың бастамасымен мәжілісте бірнеше рет талқыланды.

Алайда осы жылдың ақпан айында "Темірбетон" компаниясы жарылыс жұмыстарын қайта бастаған. Наурыз айының соңында компания өкілдері петроглифтері бар тақтайшаларды түбінен жұлып алуға кіріскен. 

“Петроглифтері бар жартастарды қирату мемлекет басшысының, депутаттардың, бақылаушы органдардың назары су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге ауған кезде басталды. Осыны пайдаланған кәсіпкерлер тарихи ескерткішті өз білгенінше алып тастамақ”, – дейді “Петроглиф ізшілері” қорының атқарушы директоры Ольга Гумирова. 

Еріктілер петроглифтерді бөлшектеу жұмыстарын дереу тоқтатуды, "Темірбетон" ЖШС-нің қызметін тексеруді және Темір шоқысы мен Қызылтас жотасын тарихшылардың зерттеуі үшін жағдай жасауды талап етуде.

Талқылау