Сағынтаев тұрғын үй кешендерін салу бойынша жаңа ереже қабылданғанын жеткізді
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ҚР президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында қала аумағының сәулеттік келбетін қалыптастырудың және қала құрылысын жоспарлаудың жаңа талаптары туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Жаңа құрылыс ережелерінің басты идеясы — Алматының тарихи келбетін сақтау және қалпына келтіру, қала құрылысына қойылатын базалық талаптарды белгілеу. Мысалы, халықтың тығыздығы тарихи орталықта гектарына 300 адамнан, ал басқа аумақтарда 440 адамнан аспауы керек. Тұрғын үйдің орташа қоры бір адамға 18-25 шаршы метрден кем болмауы тиіс", – деді әкімі.
Аула кеңістігінде құрылыс салуға жол бермеу үшін аула аумағы бір адамға шаққанда 10 шаршы метр болуы жөнінде норма енгізілді, ал қалған төрттен бір бөлігі көгалдандырылуы қажет, деді Алматы басшысы.
"Әлеуметтік нысандардың қадамдық қолжетімді болуы үшін құрылыс салушы құрылыс кезеңінде 1 мың адамға шаққанда 100 орыннан кем емес балабақша, 1 мың адамға шаққанда 180 орынан кем емес мектептер, емханалар және полиция пункттерін салатын орындарды қарастыруы тиіс", – деп қосты Сағынтаев.
Оның сөзінше, тарихи орталыққа мынадай міндетті талаптар енгізілген: тарихи ғимараттарды қалпына келтіру және сақтау; қабаттардың санын шектеу; ғимараттардың жақын орналасуын бағдарлау; тарихи ғимараттарды сүруге және олардың жанынан бизнес нысандарын салуға тыйым салу; қасбеттердің және олардың бірегейлігін бұзуға тыйым салу.
Еске салсақ, бұған дейін қала басшысы Алматыға бағытталған инвестициялар жайлы айтқан болатын