Сәбит Мұқанов Алаш қайраткерлеріне қиянат жасаған ба?
Белгілі қазақ жазушысы Сәбит Мұқанов туралы таласты пікірлер өте көп. Тәуелсіздіктен кейінгі Алаш зиялыларын жаппай ақтау, ұлықтау кезінде Кеңес үкіметіне қызмет еткен кейбір тұлғаларымызға күйе жағылып, қаралау үрдісі орын ала бастады. Сәбит Мұқанов та сол қатарда кетті. Оның 1937-нің аласапыранында аман қалуын сіңірі шыққан кедейлігімен емес, “Алаш зиялыларын көрсеткенімен”, “Сәкен Сейфуллинді сатқанымен” байланыстырушылар көбейді.
Ел ішінде сондай қаңқу сөз тарап, тәуелсіздіктен кейін Мұқанов шығармашылығына да теріс баға беріле бастады, оның жеке тұлғасына деген көзқарас өзгерді.
Ал ақиқат қалай еді? Сәбит Мұқанов шынымен сондай қадамға барды ма? Осы сұрақтарға жауап іздеп, Алматыдағы Сәбит Мұқановтың музейіне барып қайтқан едік.
Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің басшысы Әділғазы Қайырбековпен кездесіп, жазушы туралы әңгімемізді ары қарай жалғастырдық.
Осы арада біз өзімізді мазалап келген сұрақтарға көштік. Алаш қайраткерлері мен Сәбит Мұқанов арасындағы жағдай туралы сұрадық. Жазушының оларды сынағаны белгілі, ал қазір бәзбіреулер әңгіме етіп жүргендей қастандық жасағаны рас па дедік. Әділғазы аға бірден жауапқа көшті:
– Сәбең советтік, большевиктік идеологияға құлай берілген, шын жүрегімен сенген. Алашорданы қабылдамаған. Сондықтан да Мағжанды да, Ахмет Байтұрсыновты да, Міржақып Дулатовты да, басқаларын да таптық тұрғыдан аяусыз сынаған. Бұл мәселеде өзінің пікірлерін жасырып-жаппастан, ашық айтқан. Сәбеңнің бұл пікірлері баспасөзде де ашық жарияланған, кітаптарында да бар. Яғни, олардың бағытының дұрыс еместігіне шын көңілімен сеніп, тура жолға салғысы келген, жаны ашыған. Бірақ оларға қастық ойламаған, өлім тілемеген. Осыған қатысты мына мысалды алайықшы. Мәскеуде Қызыл профессурада оқып жүргенінде айдаудағы Мағжанға «Райыңнан қайт, совет өкіметін қабылда» деп хат жазады. Кейін оқуын бітіріп Алматыда қызмет істеп жүргенінде айдаудан оралған Мағжаннан «Орталарыңа алмайсыңдар ма?» деген мағынадағы хат алып, Сәкеннің ақылымен сол кездегі республика басшысы Л. Мирзоянға барады. Бұл кезде Мағжан Қызылжар жақта жүрсе керек. Мирзоян: «Мағжанға көмектесіңдер, бірақ оған шығарма жаздырмаңдар, дүниежүзі классиктерінің шығармаларын қазақшаға аудартып, қаламақы төлеңдер, баспана беріңдер», – деп тапсырма береді. Осыдан соң Сәбең Мағжанды Алматыға шақыртып, темір жол вокзалынан өзі күтіп алады. «Мені ең алдымен Сәкеннің үйіне алып бар, мен жеңілдім, ол жеңді, аяғына жығылайын», – дейді Мағжан. Сәбең Мағжанды Сәкеннің үйіне алып келеді. Сәкен де үйіне сыймай, шырттай киініп, ауласында ары-бері жүріп Мағжанды тосып тұр екен. Келген бетте Мағжанға құшағын жая ұмтылады. Екеуі көзіне жас алысып, құшақтасып амандасады. Бұған дейін екеуінің арасында түсініспеушіліктер болса керек. Сол жолы Мағжанға баспана әперіп, жұмыс беріп, көмектеседі. Міне, Мағжанға шын жанашыр болып, сол үшін республика басшысының алдына барған Сәбең оған қастық жасады деу қисынсыз әңгіме.
– «Естіген құлақта жазық жоқ» дегендей, «Сәкенді сатқан Сәбит» деген сөзді мен де бала күнімнен естіп келемін, аға. Бұл туралы не дейсіз?
– Бұл да қисынға келмейтін әңгіме. Өйткені Сәбең Сәкенді өзіне ұстаз тұтты, өмір бақи Сәкен деп өтті. Сәбең алғаш Орынборға барғанында Сәкеннің үйінде тұрғанын, кейінірек Мәриям апайға үйленген соң 1930 жылы Алматыға келгенінде де алғаш Сәкеннің үйінде тұрғанын айттым. Орынборда Сәкеннің төсегінде Сәбит пен Ғабит құшақтасып бірге жатқан ғой. Сәкен ұсталып кеткен соң жалғыз ұлы Аян да суық тиіп, шетінеп кетеді. Сөйтіп, Гүлбаһрам апай жалғыз қалады. Сол Гүлбаһрам апай өмір бақи Сәбең мен Мәриям апайдың қасында болды, сыйласып өткен. Басқасын былай қойғанда, қайтыс боларының алдында Мәриям апайды өзіне шақырып алып: «Мәриям, мені Сәкеннің қасына қойыңдаршы деп айтар едім, бірақ оның сүйегінің қайда қалғанын өзім де білмеймін. Сондықтан мені Сәбиттің қасына қойғыз. Сендердің қастарыңда жатайын», – дейді. Мәриям апай ол кісінің аманатын орындайды. Бүгінде Кеңсайдағы зиратта Сәбең, Гүлбаһрам, Мәриям апайлар –барлығы қатар жатыр. Егер Сәкеннің ұсталуына Сәбеңнің қатысы болса, Гүлбаһрам апай осылай жасар ма еді? Ол кісі Сәбеңнің тазалығына, Сәкеннің ұсталуына қатысы жоқтығына сенген. Ешқандай күмән, күдік келтірмеген. Сондықтан, «Мағжан мен Сәкенді Сәбит ұстатты» деген әншейін, дәлелсіз, бөстекі әңгіме. Сондықтан, дәлелденбеген бос әңгімелерді айта берудің қажеті жоқ деп есептеймін. 2000 жылы Сәбеңнің 100 жылдығына орай Алматыда, Астанада, Қызылжарда, Ташкентте, Мәскеуде үлкен-үлкен ғылыми конференциялар өтті. Соның бәрінде де, әсіресе Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өткен конференцияда ҰҚК-нің полковнигі баяндама жасады. Ол кісі ҰҚК мұрағаттарын ақтарып, Сәбеңе қатысты біреуді көрсеткен, не болмаса біреуді қаралаған дүние бар ма екен деп қараған. Бірақ мұндай дерек таппаған.
Музей директорының бұл жауабы біздерді ойлантып-ақ тастады. Естеліктерден оқып жүргеніміздей, замандастары Сәбеңді қолынан келсе көмектескісі келіп тұратын ақкөңіл адам ретінде еске алады. Қазақтың хас батыры Баыржан Момышұлының өзі жазушы өмірден өткенде: “Қайран, Сәбең аңқылдаған, аузын ашса, көмейі көрінетін ақ пейіл, адал азамат, кереметтей көпшіл, ағаға іні, ініге аға, бауырмал кісі еді-ау. Мен сол алғашқы кездесудің өзінде-ақ Сәбеңді солай танып, ұғып, отыз жыл бойы сол пікірден бірде-бір аумай, ауытқымай, адал досы, сыйлас інісі болуға күш салдым. Сәбең, ақылдылығына қоса өте кішіпейіл, ретті жерінде әзіл-оспақшыл, мысқылшыл еді. Осы қасиеттерінің барлығы ақпа шешендігі мен суырыпсалма айтқыштығына орайлас келіп жататын. Сәбит аға, бері салғанда, өзімен жақсы араласқан кісілеріне, әйтпесе, қазақ әдебиеті мен өнеріне үлкен қамқоршы болатын. Қашан да соның қамын жеп, қамқорлық жасап жүретін. Бір жақсысы – екеу, екеуі – төртеу болса екен деп ойлайтын. Жақсыны жайсаңға, өнерліні өнерпазға таныстыру, қатыстыру, білістіру борышым, міндетім деп ұғатын”, – деп еске алады. Айналасындағыларға шуақ шашып, маңайындағыларға мейірімін төгіп жүрген аңқылдақ жазушының көлденең біреулердің өсегінің құрбаны болып кеткені, сол үшін еңбектерінің жарық көрмей жатуы қандай өкінішті…
Музейден осындай ауыр ой арқалап қайттық…
Жіберіп алмаңыз:
Дінмұхамед Қонаев 7-сынып оқып жүргенінде бір адамды ажалдан құтқарып қалған
Белгілі жазушы “әйел” сөзінің – күң мағынасында, ал “қатын” сөзінің дәрежелік атау екенін айтты
Сейфуллин, Шекспир, Достоевский. Елбасы қандай кітаптар оқиды?