Сәбит Әбдіхалықов: Үшінші әйелімді тұрмысқа шығуға көндіру оңай болған жоқ
Көпшілікке белгілі актер, продюсер Сәбит Әбдіхалықов өткен өмірі мен қазіргі некесі жайлы ашық айтты. Актер қазіргі жары Динарамен қалай танысқанын баяндады.
Бұл туралы “Уақыт көрсетеді” бағдарламасында айтылды.
Продюсер ұзақ уақыттан бері алғаш рет сұхбат берді. Ол өткені мен қазіргі некесі жайлы айтты. Театрдан неге кеткенін атап өтті. Ажырасқан соң жүрегіне ота жасалғанын меңзеді.
“Мен үлкен үйімді үлкен қызымның атына жазып кеттім. Өзім үйсіз жүрдім. Екі жылдай күйеу баламның үйінде тұрдым. Себебі, денсаулығыма қарайтын адам керек болды. Қарындасым маған қарады. Жүрегіме ота жасалды. Достарым, бауырларым менің қасымнан табылды. Бәріміз жабылып үй салдық. Қазіргі үйімді кәсіпкерлер салып берді. Ешкім менен сырт айналған жоқ”, – деді ол.
Әбдіхалықовтың қазіргі жары актриса Динара Абдуллина. Бүгінде ортақ бір баласы бар. Продюсер жас қызды өзіне тұрмысқа шығуға қалай көндіргенін сөз етті.
“Театрда жүрген соң қарап жүресің. Кімнің сөзі дұрыс деп қарайсың. Мінезі де, сөзі де, жүріс-тұрысы да жақсы секілді көрінді. Бірақ маған бірден қарай қойған жоқ. Себебі, менің екі рет ажырасқанымды біледі. Өткенімнің жақсы емес екенімді біледі. Театрда да, басқа жақта да өзіне сөз келетінін біледі. Сондықтан бір жылдай қарамай жүрді. Тек хат жазысып жүрдік. Кейін сөйлесе бастадық”, –деді продюсер.
Сәбит мырза үш әйелімен бірге ешқандай шоу ұйымдастырмайтынын баса айтты. Себебі, ол қазір шоу-бизнесте емес.
“Мен қазір шоу-бизнеске араласпаймынн. Сондықтан үш әйеліммен бірге шоу жасайтын ойым жоқ. Бұрын Айгүл мен Алтынайды шоу жасау үшін, ақша табу үшін бірге алып шықтым. Енді оның қызығы жоқ”, – дейді.
Әуезов пен Мүсірепов атындағы театрда басшылық қызмет атқарған продюсер креслодан неге кеткенін атап өтті.
“Ол менің әкемнен қалған кресло емес. Уақыты келгенде бәріміз кетеміз. Мен басшылықтан кетіп, бәрін жоғалтқан жоқпын. Оның бәрі уақыт өте болатын нәрсе. Шамам келгенше театрды шетелге апаруға дамытуға тырыстым. Ол театрлар мен бармай тұрып та дамыған театрлар. Сондықтан оны қазбалап жатудың керегі жоқ”, – деді Сәбит мырза.
Продюсер студент кезін еске түсіре кетті. Айтуынша, жатақханада тұрған ол жоқшылық заманда ең бай студент мен болдым дейді.
“Студент болып келе сала жұмысқа кірісіп кеттік. Мен тойларға шықтым. Қуыршақ жасадым. Солай көрініс қоятынбыз. Ол кезде доллар тастау сәнге айналған. Доллар беретін тойларға шығатын едік. Сондай жоқшылық заман болды. Мен ең бай студент едім. Тыныш отыра алмайтынмын. Бірнәрсе істеу керек секілді болып тұратын. Ол кезде Айгүл қасымда болды. Менен екі жас кіші еді. Бірге тойға шығып жүрдік. Қазір бәрі артта қалды”, – деп еске алады.