Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сәбилерге беретін сүт қоспасы тапшы: Газада соғыс кезінде нәрестесін дүниеге әкелген ана қандай қиындыққа тап болғанын баяндады

Газа секторында соғыс кезінде 22 000 бала дүниеге келген. Олардың ата-аналары жаңа туған нәрестелердің өмірі үшін күн сайын күресуге мәжбүр. Дәл соғыс басталған күні босанған палестиналық әйел оқиғасын бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

2023 жылдың 7 қазанында таңертең Амаль ұлымен төсекте жатқан кезде шудан оянған. Амаль бір жарым жастағы Нұхты ұстап алып, бөлмеден бөлмеге жүгіре бастапты.

"Мен қайда қашарымды білмедім, өйткені барлық жерде шу болды", – дейді ол.

Осы кезде ХАМАС Израильге шабуыл жасап, шекарадан мыңдаған зымыран атқылаған. Көп ұзамай израильдік жауынгерлер жауап бере бастапты. Ол елдегі саяси жағдайлардан хабарсыз болғандықтан, түсінбей, қорқып қалған. Әрі сол уақытта Мохаммедке жүкті болған. Босанарға бір ай қалған тұста қатты қан кете бастапты. 

Күйеуі Батыс жағалауда жұмыс істегесін Амаль жалғыз болыпты, дәл осы сәтте оған ауруханаға бару қажет болған. Үш сағат көлік күткен Амальді такси жүргізушісі шамалы жерге жақындатып кеткен. Сондықтан жүкті әйел көліктен түсіп, әрі қарай екінші көлікті күтуге мәжбүр болған. 

"Көшелер адамға толып, бәрі не істерін білмей, қорқып жүрді. Қайда барарын, қай жерге тығыларын білмеді. Барлық жерде бомба дыбысы естіліп жатты", – деді палестиналық әйел.

Осы уақыт бойы қансырап жатқан Амальға ауруханада кесарь тілігі жасалыпты. Мохаммед таңғы сағат 11-де, Газаның тағдыры түбегейлі өзгерген сәтте дүниеге келді. Босанған соң Амаль балаларымен ата-анасының үйіне емделуге кеткен. Бастапқыда әйел соғыс бір айдан аспайды деп ойлағанын жасырмады. 

Газадағы әйелдердің жартысына жуығы балаларын алты аптадай уақыт қана емізеді. Әрі қарай бала сүт қоспасын ішеді. 

Қазір Амаль үш айлық баласы Мохаммедті тамақтандыру үшін басқа қалаға барып, сүт сатып алады. Ол Газаның оңтүстігіндегі Хан-Юнистің сыртындағы жер телімінде тұрды. Қазір Израиль күштері әскери операцияны кеңейтіп, осы аймақты күні-түні бомбалайды.

Бір күні Амаль нәрестенің сүт қоспасын Рафахтан іздеуді шешті. Әдетте ол жаққа көлікпен бару 20 минутқа созылатын, бірақ қазір жолда израильдік әскерлер болғандықтан, сапар қауіпті. Алайда оның басқа амалы қалмады. Ол кішкентай Мохаммед пен үлкен ұлы Нұхты туыстарына қалдырды. Алайда жолда оның өміріне қатер төнді.

"Біздің көлігімізге жолда израильдік танктер шабуыл жасады, мен қазір Рафахта тұрып қалдым. Балаларымды қайта көре аламын ба, білмеймін", – деп әйел хабарлама жазған.

Оқиғаны кейінірек Амальмен бірге көлікте болған досы айтып берді. Оның айтуынша, олар үш танкіге тап болған. Олардың біреуі көлікке оқ жаудырған, снаряд көліктің жанында жарылған. Жүргізуші үрейленіп артқа қашқан.

Амаль Хан-Юниске оралды, бірақ сүтті алып келе алмағанына қапалы.  

Ол баласын бір айдан артық емізе алмапты, себебі сүті жетпейді. Оның үстіне әйел қобалжып, күйзелісте жүргенде сүті шықпаған.

"Мен үнемі қорқып, қобалжып жүрдім. Тіпті өз тамағыма назар аудармадым. Сондықтан қанша тырыссам да, сүтім жарыған жоқ", – дейді ол.

Газа сумен де жабдықталмаған. Сол себепті балалардың сүт қоспасын дайындау да қиын. Айтуларынша күніне екі литрден аз су алады. 

Аймақта сәбилерге арналған сүт қоспасы жеткіліксіз. Соғыс алдында Израиль коммерциялық көліктердің санын шектеді, ал қазір барлық қозғалысты тоқтатты.

Біріккен Ұлттар Ұйымы гуманитарлық көмек ретінде аз да болса, сүт қоспаларын жіберді. Су тапшылығына байланысты ЮНИСЕФ Газаға қоспа емес, дайындалған сүтті жіберіп жатыр. Бірақ оларды көп мөлшерде тасымалдау қиын.

Талқылау