Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сәбиімді алғызбақ болды": Тараз қаласының тұрғыны дәрігерлердің қателігін беттеріне басты

Тараз қаласының тұрғыны Надира Бешлиева «дәрігерлер күштеп, қорлық көрсетіп, құрсақтағы сәбиімді алдыртпақ болды» деп наразы. Айтуынша, ол жүкті екенін біле сала қалалық емханаға тіркелмек болады. Алайда ақ халаттылар алғашында тіркемей, әбден әбігерге салды дейді. Ал кейін тіпті құрсақтағы баланың денсаулығы нашар деп алдыртып тастамақшы болғандарын айтады. Бірақ аяғы ауыр келіншек дәрігерлердің бұл талабынан үзілді-кесілді бас тартыпты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

 

Надира Бешлиева жүктілігінің 11 аптасында емханаға барып тіркелмек болған, бірақ ондағы мамандар әйелді тіркемей, сабылтыпты. Ал одан кейін дәрігелер құрсақтағы сәбиі ауру болып туады деп жүктілігін тоқтатуға үгіттегенін айтады. Алайда ол үзілді-кесілді бас тартқан көрінеді. Айтуынша, барлық мәселе осыдан соң басталыпты. Дәрігерлер бірнеше мәрте ультра дыбыстық зерттеу жасатқан. Нәтижесінде шақалақтың дамуында қиындық бары анықталған. Ал оған сенбеген келіншек басқа бір медициналық орталыққа барып тағы бір тексеріліпті. 

"Өзім барып тексерілгенімде, баланың денсаулығында ешқандай кінәрат жоқ деді. Ал дәрігерлер сәбиім мен мені әбден қорлап, үйіме келіп қорқытып, балағаттады. Ақыры мен сап-сау сәби босандым. Мұның дәлелі - балам және перзентханадан шығару анықтамасы", - деді Тараз қаласының тұрғыны Надира Бешлиева. 

Ақ халаттылар әбден қорлады деген Надира №9 қалалық емханасының бас дәрігері мен гинекологы лайықты жазасын алуы керек дейді. Емхананың бас дәрігері болса бұл іске қатысы жоқ екендігін айтып, сұқбат беруден бас тартты. 

"Маған дейінгі бас дәрігердің тәжірибесінде болған жағдай. Менің оған еш қатысым жоқ. Бұл нағыз бопсалау", - деді емхананың бас дәрігері. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандары жүктілікті тоқтатуға кеңес бергендерін растады. Айтуларынша, олар екі рет жасалған зерттеу нәтижесіне сүйенген. Ал бала аман-есен дүниеге келген соң арнайы тексеру жұмыстарын жүргізіпті. 

"Тексеру жұмыстарынан соң 5 маман тәртіптік жазаға тартылды. Екеуі жұмыстан шеттеліп, үш маманға қатаң сөгіс жарияланды ", - деп мәлімдеді Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жібек Исаева. 

Қол-аяғын бауырына жиған соң Надира құқық қорғау органдарына арыз жазыпты. Сөзінше, алғашында іс мүлдем жүргізілмеген. Ал жеті ай бұрын тағайындалған сараптаманың нәтижесі әлі келмепті. 

STAN.KZ
Сейсенбі, 31 Желтоқсан, 2019 13:47
Талқылау