Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сәбиді туған анасынан тартып алып, басқа әйелдің қамқорлығына берген: Өгей анасы баланы жауыздықпен өлтірген

Ұлыбританияда әлеуметтік қызметкерлер бір жасқа толмаған баланы туған анасынан тартып алып, басқа әйелдің қамқорлығына берген. Алайда өгей анасы бүлдіршінді айуандықпен өлтіріп тастаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Mirror басылымына сілтеме жасап. 

Лаура Коркилл және 1 жасар Лейланд-Джеймс. Сурет: mirror.co.uk сайтынан

Ұлыбританиялық Лаура Коркилл 2019 жылы кесар тілігі арқылы босанған. Жаңа туған нәрестеге анасы Лейланд-Джеймс деген есім беріп, тіпті оған бөлме арнап та қойған. Алайда бала дүниеге келген соң оны әлеуметтік қызметкерлер анасынан тартып алыпты. Әйел сәбиінен айырылғаннан кейін өмірінің астан-кестеңі шыққанын айтады. 

2020 жыл бойы Коркилл баласын кері қайтарып алмақ болады. Алайда әлеуметтік қызмет органдары сәбиді Лаура Кастл есімді әйелдің қамқорлығына табыстайды. Ең сорақысы, өгей анасы баланы жауыздықпен өлтіріп тастаған. 

Коркиллдің айтуынша, алғашқыда оның әлеуметтік қызметкерлермен қарым-қатынасы жақсы болған. Ол бұған дейін азаматтық некедегі жолдасынан жәбір көргендіктен, осы органның көмегіне жүгінген. Әлеуметтік қызметкерлер бала дүниеге келмес бұрын оның тұратын үйін көріп, алаңдайтын дәнеңе жоқ деп келіншекті сендіріп кеткен.

Сәбиінен айырылған әйел оның ісін қарап жүрген қызметкер ауысып кеткен соң жағдайдың ушыққанын айтады. Тіпті баласын тартып алу туралы шешім шыққанын  Коркилл сәбиді алып кеткен күні бір-ақ білген. 

Өз кезегінде әлеуметтік қамқорлық орталығының өкілдері мұндай шешім шығаруға Коркиллдің бұған дейін түсік тастап, екі баласынан айырылғаны және тиран жолдасынан қорлық көруі себеп болды деп түсіндірген. 

Лаура Коркилл ұлын аптасына төрт рет қана көруге рұқсат алған. Сөзінше, ол соңына дейін баласын қайтарып аламын деген үміт үзбепті. Бірақ пандемия салдарынан сәбиімен байланысы үзіліп, артынша Лейланд-Джеймсті басқа әйел бағуға алған. 

2021 жылы Коркилл баласының диваннан құлап, ауруханаға түскенін естиді. Алайда оған ұлы қай медициналық мекемеде жатқанын ешкім айтпаған. 

“Түні бойы көз ілмедім. Баламды іздеп табу үшін ауруханалардың әрқайсысын аралап шығуға дайын едім. Өзінің туған анасына ұлының қайда жатқанын айтпау – нағыз зұлымдық”, – дейді ол. 

Баланың өгей анасы Лаура Кастл. Сурет: mirror.co.uk сайтынан 

Лаура Коркилл аурухананы тауып келгенше оның ұлы ажал құшқан. Баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғандықтан, анасына марқұмның денесіне тиюге де тыйым салыныпты.  

Сараптама нәтижесінде бүлдіршіннің басына қатты соққы жасалғаны анықталған. Ал сотта өгей анасы қаршадай баланы осы уақытқа дейін ұрып-соғып келгені анықталған. Тіпті ол марқұмның терісін сыдырып алғанын мойындапты. Бұған қоса сотта өгей баласын өлтірген әйелдің жолдасына: “Соңғы кездері мен оның қылықтарынан мезі болдым, жылауын тоқтатпайды. Бұлай жасағаныма өкінемін” деп жазған SMS-хабарламасы табылыпты. 

1 жастағы бүлдіршінді өлтіргені үшін Кастл өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Баланың туған анасы Лаура Коркилл сотқа қатысудан бас тартқан. Марқұмның анасы ұлын тартып алған әлеуметтік қызметкерлерді де жазаға тартуды сұраған. 

Талқылау