Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Перзентханада ауыстырып жіберген павлодарлық жігіттердің оқиғасы: Кінәлілер жазадан құтылып кетті

Павлодар облыстық соты Қуанышевтер мен Хамитовтар отбасыларының балаларын ауыстырып жіберген Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасына, Железин аудандық ауруханасына қарсы жазған арызы бойынша азаматтық істі қарады. Азаматтар моральдық зиянды өтеуді талап етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы апелляциялық шағымды қарап, бұрынғы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Осылайша, сот шағымды қанағаттандырмады.

"Сот бүгінгі таңда балалар дүниеге келген Железин аудандық орталық ауруханасы жойылғанын негізге алды. Таратылған заңды тұлға мен жауапкерлердің құқықтық мирасқорлығы сот отырысында белгіленбеген. Сондай-ақ, істі қарау кезінде аудандық ауруханада балаларды ауыстыру кімнің кінәсінен болғаны дұрыс анықталған жоқ. Жауапкерлердің кінәсін дәлелдеу мүмкін емес", - делінген екінші сатыдағы соттың қаулысында.

Сот Азаматтық кодекстің нормаларына сәйкес моральдық зиянды өтеу жөніндегі міндеттеме жеке тұлғаға тікелей қарсы осы адамның заңмен қорғалатын жеке мүліктік емес құқықтары мен игіліктеріне қол сұғатын құқық бұзушылық жасалған кезде туындайтынын назарға алды.



Еске салайық, Павлодар облысының екі тұрғыны перзентханада ауысып кеткенін 35 жылдан соң бір-ақ білді. Бөтен отбасында өскенін білген Ержан Қуанышев пен Нариман Хамитов өз ата-анасымен кездесті.

Нариман өзінің ата-анасына ұқсамайтыны туралы көп айтыла бастаған соң ДНҚ тестін жасатады. Нәтижесінде әкесіне де, анасына да 99,99% өз ата-анасы емес екені болды. Бұған өзі де, ата-анасы да таңғалады. 

Осыдан соң перзентханада екі баланы кездейсоқ ауыстырып жібергені анық болды. Жәбірленушілер аурухана атына арыз жазды.

Ауысып кеткен жігіттердің ата-аналары 10 000 000 теңге, Хамитов Нариман 15 000 000 теңге моральдық зиянды өндіруді сұрады.

Алайда бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандырмады. Айыптаушылар шешімге апелляциялық шағым түсірді. Павлодар облыстық сотының сот алқасы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. 

Қаулы заңды күшіне енді.

STAN.KZ
Бейсенбі, 01 Сәуір, 2021 15:57
Талқылау