Рұқсат карта тегін беріледі: Қазақстанда жүк автотасымалымен шетел асу үшін қандай құжат алу керек?
Елімізде халықаралық жүк автотасымалымен айналысу үшін арнайы рұқсат беретін куәлік пен көлікке арналған карта керек. Министрлік оны алудың жолын түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі елдегі жүк автотасымалымен айналысатын азаматтарға керек дерекпен бөлісті. Мәліметке сүйенсек, шетелдік бағыттар бойынша көлікпен жүк тасу үшін халықаралық жүк автотасымалына рұқсат беретін куәлік пен автомобильге арналған рұқсат карталары болуы қажет. Бұл міндетті талап саналады екен.
Ал рұқсат беру куәлігі мен көлікке арналған рұқсат карталары пайдалы жүктемесі 3,5 тоннадан асатын жүк автомобильдеріне (тіркемені қоса есептегенде), сондай-ақ белгілі бір жүк түрлерін таситын арнайы автокөліктерге беріледі.
Қажетті құжаттарды министрліктің көлік комитеті аумақтық органдарынан алуға болады. Осыған байланысты мемлекеттік қызмет толық автоматтандырылып, 2 жұмыс күн ішінде электронды түрде көрсетілетінін айта кету керек.
Рұқсат беру куәлігін алу бойынша көрсетілетін қызметке 0,25 АЕК мөлшерінде баж салығы қарастырылған. Бұл сома республикалық бюджетке түседі. Ал автокөлікке арналған рұқсат картасы тегін беріледі.
Бұл құжаттарды алу үшін өтінішті "Электронды үкіметтің" веб-порталына пайдаланасыз.