Руслан Берденовке оқ атты деп күдікке ілінген Ернар Жиенбайдың не себепті қызметінен босатылғаны белгілі болды
Фото: Шымкент әкімдігі
Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасады деген күдікпен ұсталған Ернар Жиенбай қылмыстық істің тергелуіне байланысты жұмыстан шеттетілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әкімдік өкілдерінің мәлімдеуінше, Ернар Жиенбай 2025 жылғы 22 сәуірде Шымкент қалалық полиция департаментінің тергеу бөлімі қозғаған қылмыстық істің тергелуіне байланысты қызметінен босатылған. Бұған дейін Ернар Жиенбайдың "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС директоры болғаны айтылған еді.
"Тұрғын үй Шымкент" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі "Шымкент қаласының құрылыс бөлімі" мемлекеттік мекемесіне қарасты мекеме болып саналады. Ұйымның негізгі қызметі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жобаларын іске асыру, оған көпқабатты үйлерді күрделі жөндеуден өткізу, лифттерді ауыстыру және басқа да жаңғырту жұмыстары кіреді.
Еске салсақ, 22 сәуірге қараған түні Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалғаны туралы ақпарат тарады. Ол жамбас және иық тұсынан оқ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді. Оған шұғыл түрде ота жасалды. Шабуылдың алдын ала себебі ретінде бірнеше нұсқа айтылды. Бірі Руслан Берденов шабуыл жасаған адамның әйеліне тиісті десе, енді бірі бұл жағдайды Шымкенттегі құрылыс саласындағы былықтармен байланыстырды. Кейінірек әкімдік өкілдері шабуыл жасаған адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді.
22 сәуірде Руслан Берденовке қастандық жасаған деп күдіктелген Ернар Жиенбай туралы деректер тарай бастады. Онда Жиенбай Берденовті қызметінен босатпақ болғаны үшін кек алу мақсатында атқаны айтылған.
Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековтің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандыққа не себепті пікір білдірмей отырғаны белгілі болды. Шымкент әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің сөзінше, Ғабит Сыздықбековтің және оның орынбасарларының осы күнге дейін ешқандай мәлімдеме жасамауының себебі – тергеудің басталуы. Ол бұл қылмыстық оқиғаға қатысты барлық ресми ақпаратты тек полиция беретінін атап өтті.
Кейін Ернар Жиенбайдың әкесі ресми мәлімдеме жасап, тергеу мен сот әділ түрде істің барлық мән-жайын анықтайтынына сенім білдірді. Сонымен қатар халықтан асығыс қорытынды жасамауды және эмоцияға берілмеуді сұрады.
Бас прокуратура өкілдері істі Шымкент қаласының полиция департаменті тергеп жатқанын хабарлады. Тергеу Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысты істеуге оқталу) және 99-бабы 2-бөлігінің 6-тармағы (Басқа адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған кісі өлтіруге оқталу) бойынша жүргізіліп жатқаны мәлім болды.

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
