Роза Рымбаева соңғы 25 жылда барлық туысқанын қалаға көшіріп, жұмысқа орналастырған
Роза Рымбаева отандық бағдарламалардың бірінде ер азаматтардың марқұм Тасқын Оқаповпен салыстыратынын айтты. Мұнымен қатар, соңғы 25 жылда барлық туысқандарын ауылдан қалаға көшіріп, оларға қамқорлық танытып жүргенін тілге тиек еткізді.
Фото: instagram.com/rozarymbaeva/?hl=ru
Бұл туралы КТК арнасының “Басты рөлде” бағдарламасында айтылды.
Біреуден көмек сұрауды намыс санайтын Роза Рымбаева өзін бақытты әншілердің қатарына қосады.
“Тасқын бар кезде сахнаға шығып ән салудан өзге проблеманы ойламайтынмын. Ерке болатынмын. Тасқын кеткеннен кейін бала-шаға да, шығармашылық та, әке-шеше де, барлығы да тек өзіме қарап қалған соң, халықтың алдына қалай шығамын деген ой болды. Олар мені Тасқынның барында білді, сол деңгейді ұстап тұруым керек болды. Өзіме сын, бағаға келгенде өте қаталмын. Өнердегі басты қағидам – таза болып, сахнаға тек нағыз өнермен шығу. Өзімді қатты-қатты қайраймын”, – дейді Роза Рымбаева.
Ол қиындықтың алдында жалғыз қалып қойған жоқ. Қазақ қашан да туған-туысының көптігімен мықты болған. Қиналған сәттерінде оның да жақындары қасынан табылған екен.
“Қандай қиындық болса да, әйел жалғыз қалып қоймауы керек. Кейбір қыз қиын-қыстау кезеңде жалғыз қалып қояды. Ал оның туысқандары мен апа-аталары, сіңілдері қайда? Бауырлар бір-бірінің тағдырына бей-жай қарамай, “Мына сіңілім не болып жатыр?”, “Тағдыры енді не болмақ?” деген оймен қамқорлық танытқандары жөн. “Сенің ауылың бөлек” деген көзқарасты ұстанатын қыз-келіншектер күйзеліске шалдығады. Сол себепті, ешуақытта туған-туысқаныңызбен қарым-қатынасыңызды үзбеңіз”, – дейді ол.
Жақын адамға жанашыр болуды Роза міндет деп санамайды, парыз деп түсінеді. Ол соңғы 25 жыл ішінде ауылдағы барлық ағайын-туысқандарына қол ұшын созған.
“Мұны жауапкершілік деп санамаймын. Кез келген отбасында бір бала алға озып шығады. Менің материалдық жағдайым басқаларға қарағанда жоғары болғандықтан, қиналып жатқан жерлерінде туған бауыр ретінде мен міндетті түрде көмектесемін. Қазақта “Өле жегенше, бөле же” деген мақал бар. Менің ауылдағы бауырларымның барлығы жұмыссыз қалған болатын. Ауылда бір сиырдың сүтіне қарап қашанғы отыра беруге болады? Сол кездері олардың барлығын қалаға көшіріп, әрқайсысына үй алып бердім. Үлде мен бүлдеге орандырдым деп айта алмаймын. Мұны тек соңғы 25 жылда туғандарыма жасаған қамқорлығым деп білемін”, – дейді Рымбаева.
Көпшілік қатал деп ойлайтын әнші раушан гүліндей нәзік. Балалары мен жақындарына көрсетпей жылап алатын сәттері жиі болады екен.
“Көп жылаймын, бірақ ол көз жасымды ешкім көрмейді. Жеке отырған кезде, балаларым ұйықтап қалғанда, көзден жас ағып кетеді. Мен қаншама қиыншылық көрсем де, жоқшылықта тұрып, нан табуға зар болып жүрген талай әйелді білемін. Арасында бір ғана айлыққа қарап отырғандары да бар. Олардың жанында менің жылағаным ұят емес пе?!”, – дейді Роза Рымбаева.
Әнші махаббат туралы ойын да бөлісті. Марқұм Тасқын Оқаповтан кейін ешбір азаматты ұнатпаған екен.
Махаббат деген алғашқы кездестірген кезде болуы мүмкін. Балалардың жеткенін көргенде бір-біріңе деген махаббат болады. Себебі, “екеуіміз осыны өсірдік қой, екеуіміздің махаббатымыздан туған бала ғой” деген ой тұрады. Тасқыннан кейін жалғыз жүргеніме 17 жыл болды. Бәлкім сол секілді азаматты кездестірсем, тұрмысқа шығып кетер ме едім?! Ер азаматтардың барлығын Тасқынмен салыстырумен келе жатырмын. Тасқынның орнын басатын жігітті кездестірмедім Яғни, барлық ер азаматтың бойындағы жақсы қасиеттерді, тәрбие мен мәдениетті сол Тасқынның деңгейімен бағалаймын”, – дейді әнші.
Жіберіп алмаңыз:
Танымал пародист Аманғали Сыпабеков үйленді (фото, видео)
Соттасқан қазақстандық жұлдыздар
Келіні Мейрамбек Беспаевтың қандай «қайын ата» екенін айтып берді
Мөлдір Мұқанова өзін Тұрсынбектің ақшасын шашып жүр дегендерге жауап берді